Қоғам • 01 Қаңтар, 2020

Жақсы бастаманың мақсатты жалғасы

236 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Бұл биыл жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында қолға алынған кешенді іс-шаралардың желісін үзбей, азаматтық қоғам қалыптастырудың ұстынын одан әрі бекіте түсуге серпін береді. Жауапты міндет жүктеліп отырған Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбеде халықаралық волонтерлер форумы ұйымдастырылды. Осылайша аталған бағыттағы қарым-қатынас пен өзара іс-қимылдың бірыңғай алаңын құруға қам-қарекет жасалуы – құптарлық жайт.

Жақсы бастаманың мақсатты жалғасы

 

Волонтерлік қозғалыс өкілдері үшін ұйымдастырылған мұндай арнайы алқалы жиынның нақ Ақтөбеде өткізілуінің де өзіндік мәні мен мәнісі жоқ емес. Өйткені өңірде соңғы кезде волонтерлер қозғалысы тұрақты сипат алып келеді. Өңірдегі волонтерлер тобының саны мен сапалық құрамы да жылдан-жылға толыға түсуде. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап Ақтөбе аймағында волонтерлік қызметті жандандыру мен ынталандыруға белсенді мән беріле бас­тады. Бұл жағымды жайт Елбасының волонтерлік қызметпен белсенді түрде айналысатын жоғары оқу орындарының студенттеріне стипендия мөлшерін отыз пайызға арттыру жөніндегі тапсырмасы аясынан туындайды. Осы орайда өңірде «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Аталған жоба аясында облыстағы жоғары оқу орындарында оқитын волонтер жастарға тиісті квоталар бөлу қарастырылған.

Ендігі кезекте волонтерлер қызметінің басты өкілдері мен қатысушылары кімдер болуы керек деген сауалға жауап іздеп көргенді жөн көрдік. Бұл арада бір нәрсе айқын. Ең алдымен волонтерлердің қатары жас азаматтардың, соның ішінде студенттер мен оқушылардың қатарынан толыға түссе, мұның өзі кім кімге де сүйіспеншілік сезімін туғызбақ. Осы арқылы олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағдылар қалыптасатынына шек келтіруге болмайды. Бүгінгі таңда дәл осы бағытты ұстана білу әрі парыз, әрі міндет. Соңғы кезде тілдік қорымызға емін-еркін еніп, құлаққа сіңісті болып бара жатқан волон­тер­лік ұғымы халқымыздың ежелгі ұғым-түсінігіне сайғанда, қысылғанға қолұшын беру, жабыққанды жұбату, жесі­рін қаңғыртпау, жетімін жылатпау болып шықпай ма? Ақтөбеде өткізіл­ген волонтерлердің халықаралық жиы­ны кезінде осындай ізгілік пен мейі­рім­ділік жолында жүрген жандардың басы қосылып, ортақ мәселелерді бірге талқылағаны ежелгі салт-дәстүріміздің сабақтастығы мен оның қайтадан жаң­ғы­руын­дай әсер қалдырды.

Форум кезінде Ұлттық волонтерлер желісінің төрайымы Вера Ким 2020 жылы басталатын Волонтер жылы – жомарт жүректі жандар үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі бола алатыны жөнінде орамды ой сабақтады. Ұлттық волонтерлер желісі жетекшісінің айтуынша, қазіргі кезде елімізді волонтерлік қозғалыс 80 ұйымның басын біріктіреді. Волонтерлердің Ақтөбедегі форумға тікелей волонтерлік қозғалыстың басты жобасын жасақтаған жаңашылдардың қатысуы да оның мәрте­бе­сін көтере түс­кені кәміл. Сондай-ақ мұн­дағы көте­рілген мәселелер және айтыл­ған ой-пікірлер мен ұсыныстар негі­зінен 2016 жылдың желтоқсан айында қа­был­дан­ған «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның во­лон­тер­лік қызметі туралы» Заңы шең­берінде шегенделгені де атап айтуға тұрарлық.

Бір сөзбен айтқанда, бүгінде волон­тер­лік істер мен қадамдар құр бос жүріс емес, қабырғалы құжаттар аясынан тамыр тартуда. Волонтерлердің ресми мәртебесі және құқықтары мен нақты атқаратын міндеттерінің белгіленуі өрістерін өсіре түспек. Тағы да желі жетекшісінің сөзімен түйіндегенде, волонтерлер жүрегінің қалауы бойынша өзгелерге тигізетін көмегі мен қамқорлығы үшін ақы мен сый дәметпейді. Әрі мұқтаж жандарға өз шапағатын тигізудің айнымас парызы деп санайды.

Волонтерлік қозғалыстың ауқымы мен құлашы өте кең. Оның өрісін тек бір ғана жекелеген адамдарға көрсетілетін қайырымдылық сипаттағы көмектермен шек­тей салуға болмайды. Волонтерлік қоғамдық өмірдің барлық саласына ара­лас­қан жағдайда ғана толыққанды бола түспек. Мәселен, Ақтөбе айма­ғын­да экологиялық және өндірістік проб­ле­малардың оңтайлы шешілуіне жедел үн қосып жүрген волонтерлер бар. Солардың бірі өзінің белсенді азаматтық ұстанымын ұдайы танытып жүрген жан Петр Мурашкевич десек, қателесе қоймаспыз. Ол биыл Ақтөбе қаласы маңындағы өзен арналарын кеңейтеміз деген мақсатпен оның жағасындағы зәулім ағаштар мен саясы мол бәйтеректер орынсыз оталған кезде, оған қарсы өз ойы мен тұжырымын алға тарта білді. Ол көпшілікті толғандырған мәселеге қатысты тек қисынды әрі орынды ой-пікір айтып қоюмен шектелмей, осы істі атқарып жүрген мердігерлік кәсіпорындардың қызметіне қоғамдық тексеру жүргізуді қолға алып, табиғатқа зиянын тигізетін іс-әрекеттердің тоқтатылуына септігін тигізе білді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өрке­ниетті елдерде волонтерлердің қаты­суын­сыз бір де бір ауқымды шара өткізілмейді. Соның ішінде өз елімізде де қазіргі кезде үлкенді-кішілі деңгейдегі іс-шаралардың дені волонтерлердің қатысуымен өткізіліп жүргені мәлім. Халықаралық форум кезіне қазір республикамызда қанша ерікті жас бар деген сауал да көтерілді. Вера Кимнің айтуынша, олардың санын дәл айту қиындау. Дегенмен оның деңгейлес саны қанша екенін біліп жүруге жаңадан құрыл­ған волонтерлердің бірыңғай платформасы көмектеседі екен. Сондай-ақ бұл жерге өзін волонтер ретінде санай алатын азамат тіркелетін болса, ол волон­терлік қозғалыс аясындағы соңғы жаңа­лық­тармен танысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар платформада во­лонтерлердің көмегін қажет ететін жан­дарға өз өтініш-тілектерін қалдыру мүм­кін­діктері қарастырылыпты.

Қайырымдылығы мен қайырымы мол, ізгілігі мен мейірімі терең қоғам ғана алдына қойған мақсатын толық орындап шыға алары хақ. Бұл тұрғыда ежелгі халықтық салт-дәстүр мен бүгінгі волонтерлік істі бір бірімен үндестіріп сабақтастыра білген қазақстандық қоғамның келешегі жарқын деуге толық негіз бар. Ақтөбеде өткізілген волонтерлердің халықаралық жиынында жасалған басты түйіндердің бірі осындай.

 

АҚТӨБЕ