Әлем • 05 Қаңтар, 2020

Беларусь мұнай жеткізушілерді іздеуде

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресей мен Беларусь арасындағы мұнай жеткізіліміне қатыс­ты таласы Ресейдің тасымалды тоқтатуымен аяқталды. Беларусь жаңа тасымалдаушылар іздеуде.

Беларусь мұнай жеткізушілерді іздеуде

Әзірге Беларусь жағы жанармай бекеттерінде тапшылық жоқ екенін, жауапты органдар мұнай өңдеу зауыттарында 2-3 аптаға жететін қордың барын мәлімдеді. Ресми деректерге сүйенсек, Беларусь қоры шамамен 0,5 млн тонна. Ресей өз шешімін 1 қаңтарда қабылдаған. Бір ескеретін жайт, Ресейдің Еуропаға Беларусь жері арқылы жүзеге асатын мұнай тасымалы еш өзгеріссіз жалғасып жатыр. Беларусь президенті Александр Лукашенко 31 жел­тоқ­санда мұнай кешенінің бас­шылығымен жиналыс өткізіп, жаңа тасымалдаушыларды табу керектігін айтқан. Мамандар «Друж­ба» құбырын қайтадан іске қосуды немесе Балтық порт­тарынан темір жол арқылы жеткі­зуді ұсынған.

Негізінде екі ел арасындағы энергия көздерінің тасымалы туралы 2017 жылғы келісімге сәйкес, серіктестік 2024 жылға дейін қарастырылған. Бұл құжат бойынша Ресей Беларуське жылына 24 млн тонна көлемінде мұнай жеткізуі керек. Келісімді уақытынан бұрын тоқтатуға екі ел арасындағы қаржылық түсініспеушіліктер себеп болуда. Мәселен, 2019 жылдың мамыр айында «Дружба» құбыры Ресейден келген ластанған мұнай салдарынан істен шықты. Минск талап еткен өтемақыға Мәскеу келіспей, тараптар ортақ шешімге келмеген. Бұдан өзге салық мәселелеріне де нүкте қойылмаған.

Ақпараттарға сүйенсек, 31 жел­­тоқсанда екі ел президенттері телефонмен сөйлескен. Кремль тарапы шешімнің Беларусь үшін оңтайлы болмайтынын айтса, Бе­ларусь жағы бұған қа­тысты түсініктеме бермеді. Де­ген­мен, Ре­сей газдың бағасын был­тыр­ғы бағаны өсірмей, мың текше метріне 127 доллар алуға келі­сімін берді.

Ресей мен Беларусь арасында «мұнай соғысы» 2006-2007, 2016 жылдары да болған. Екі шиеленіс те бейбіт келісіммен аяқталған еді. Алайда ақпарат көздері бұл жолы Беларусь президенті ашулы екенін жазады. Сарапшылар А.Лукашенконың «Мұндай одақтың қажеті жоқ» дегені тегін емес дейді.