Экология • 06 Қаңтар, 2020

Табиғат қорғауда да табандылық қажет

603 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көнекөздер осыдан 50-60 жыл бұрын Сырдың бойы сыңсыған ен тоғай болғанын айтады. Қазір арнасы төмендеген дария бо­йында тоғайлар ауқымы да тарыла бастады. Кешегі Кеңес өкіметі тараған тұста малшылар үшін жайлы мекен болып келген Қызылқұм мен Қарақұмның қойнауы бос қалды. Қару кезенген браконьерден үріккен аң-құстың біразы сол маңға ауды. Сол тоғайлар мен ондағы аң-құстың қатарын селдіретіп алмау, қорғау – облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының негізгі міндеті.

Табиғат қорғауда да табандылық қажет

Заңсыз сауда залалы

Мемлекет басшысының табиғатты қорғау заңнамасын күшейту туралы тапсырмасынан кейін Қылмыстық кодекс баптарына өзгерістер енгізілуде, енді қорықшылар мен табиғат қорғаушыларға бағынбайтындардың жазасы қатаңдай түседі. Былтырғы табиғат заңдылығын бұзған 79 қылмыстық істің ішінде біреуі қарақұйрық, бірі киік мүйізіне және тағы аң-құстарға байланысты болып отыр. Алты іс қоян атқандар үстінен қозғалса, заңсыз балық аулағандарға қатысты 18 іс қаралды.

 Табиғат қорғаушылар киік мүйізінің Ресей мен Қытай асып жатқанын айтады. Егер оны қабылдайтын орынды жапса, мүйіз үшін дала кезгендер де тыйылар еді.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов табиғат бай­лығына құныққандардың да «талғамы» жыл са­йын өзгеріп отыратынын айтады. Мысалы, осыдан 2-3 жыл бұрын мия тамырын қопарғандар қаптады. Қазір олардың да қатары сиреп келеді.

Былтыр тораңғыл мен сексеуіл­ге қатысты іс артты. Инс­пек­ция мамандары сексеуіл тасып жүрген талайды ұстады. Алды қыл­мыстық жауапкершілікке де тар­тылды. Бірақ отынды олжа көр­гендер қатары азаймай тұр. Заңда мемлекеттік орман қоры аумағы деген түсінік бар. Бұл бойынша сексеуілдің сындырылған орнын анықтап барып, жазаға тарту керек. Ал оны анықтау оңай емес. Сон­дықтан да табиғат байлығына қол сұққандардың көпшілігі жеңіл жазамен құтылып кетіп жатады.

Жасыратыны жоқ, заң қатай­ғанымен, жеңсік ас іздегендер ату мен аулауға тыйым салынған аң-құстың еті сатылатын жасырын орындарды жақсы біледі. Осы­дан да, инспекция мамандары таби­ғат қорғау прокуратурасы мен полициясы, «Охотзоопром» өн­діріс­тік бірлестігі, табиғи ресурстар басқармасы, басқа да тиісті сала өкілдерімен бірлесіп, базарларда заң талаптары қатайғанын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірақ базардағы кәсіпкердің де құ­қығы сақталуы керек. Биыл­дан бас­тап оларды тексеруге мора­торий енгізілді, демек алда олардың заң­нан аттамағанын да анықтау қиын­дай түспек.

Табиғатты қорғау күшейе түсу үшін жарақтандыру жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек. Құба да­ладағы қуғын кезінде астындағы көлігі сайлы браконьерлер бұлар­ға шаңын да көрсетпей кететін кездері көп. Мысалы, былтыр осы инспекцияға 5 көлік берілді. Нива, Хантер көліктері. Бұлармен джип мінген аңқұмарлардың қарасын да көре алмайтының анық. Бақылау жұмыстарын жүйелей түсу үшін дрон да артық етпейді. Біраз техниканы бұлар қаржы үнемдеу жолымен тауып отыр. Бірақ әлі де бардан гөрі жоқтың саны көп болып тұр.

 Тыныштық бұзғандарға талап қатаң

Табиғат сақшылары үшін қарбалас кезең жақындады. Желтоқсанның соңы, қаңтардың басы облыс аумағына киіктер келеді. Қыстың басын Жезқазған – Бейнеу теміржолының арғы бетіндегі Ақтөбе облысы аумағында өткізіп, күн суыта Сырға бет алатын ақбөкенді облыс территориясынан аман-есен шығарып жіберу де оңай жұмыс емес. Қазір оларды «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК өңірлік мамандары қадағалауда. Облыс аумағына кірген сәттен бастап табынды қорғауға инспекция қызметкерлері кіріседі. Қазір ақбөкендер Қызылорда мен Ақтөбе облысы шекарасында топтасып жатыр.

Облыс аумағында киіктен бөлек қарақұйрық та бар. Біздің өңір­ге миграциямен келетін ақбөкен­дер 300 мыңның үстінде болса, Қызылқұмдағы қарақұйрық саны 2 мыңнан әзер асады. Киіктей өсімтал емес, жалқы төлдейтін шөл даланың еркесін оққа байласаңыз, 4 миллион 545 мың теңге айыппұл төлейсіз. Ал киіктің текесін ат­қан­дар үшін айыппұл көлемі 5,5 млн теңгеден асады. Ешкісі мен лағына мылтық кезегеніңіз үшін 4 миллион теңгеге шығынданасыз. Қылмыстық жауапкершілікке тар­ты­латыныңыз тағы бар.

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдағы өзгерістерден кейін аң-құсқа қырғидай тиетіндердің қатары азайды. 2019 жылы киік пен қарақұйрық аулап, қолға түскендер жайлы дерек жоқ. 2018 жылы жалпы 89 қылмыстық іс қозғалған. Соның 12-сі 64 бас ақбөкенді атқандарға қатысты бол­са, 4 іс 11 қарақұйрықты оққа бай­­лағандардың үстінен қозғал­ған. Заңсыз сексеуіл сындырып, тораң­ғыл мен жыңғыл шапқандар да жазасыз қалмады, – дейді инспекция басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов.

Осы істердің 60-ы сотта қара­лып, мемлекет пайдасына 99 млн теңге өндіруге шешім қабыл­данды. Заңсыз аң аулап ұсталған­дардан екі Тойота Ленд Крузер, бір Мицубиси Паджеро, УАЗ авто­көліктері мен екі мотоцикл, 9 қару тәркіленді. Жалпы, табиғат тыныш­тығын бұз­ған­дарға талап қатаң.

Қытайлық тордан құтылдық

Қытайдан шығатын полиа­мидтік моноталшықтан жасал­ған синтетикалық ау өзен-көлдің байлығын тауысатын тажалдың бірі екені белгілі. Еуразия эконо­микалық комиссия алқасының шешімімен аудың бұл түрі – ЕАЭО аумағына әкелуге тыйым салынған тауар­дың бірі. Бірақ соған қарамас­тан осы уақытқа дейін іздеген жұрт оны базардан тауып келгені де жасырын емес. Осыған байланыс­ты инспекция мамандары тиісті құрылым өкілдерімен бірлесе рейд жасап, кәсіпкерлерге сауда-саттық орындарында полиамидтік моно­талшықтан жасалған синтетикалық ауларды сатуға тыйым салынғанын ескертті. Осы жұмыс нәтижесінде қазір облыс аумағында қытай торы сатылмайтын болды.

– Жыл сайын мамыр айында «Таза су айдындары» атты ак­ция ұйымдастырылады. Осы шара­лар қатарына былтыр Экология, гео­логия және табиғи ресурс­тар министрлігінің «Аулардан таза су айдындары» атты бастамасы қосылды. Экологиялық шара аясында Кіші Арал теңізі мен Қамбаш көлі учаскелері, балық шаруашылығында маңызы бар басқа да су айдындары тазаланды. Осы бағыттағы біраз құрылымды жұмылдырған акцияға ерікті жас­тар мен тұрғындар да үлес қосты. Жеті жүзден астам адам үлес қосқан шарада айдындардан ұзындығы 7640 метрге жуықтайтын 382 ау қалдығы алынып, 15 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, – дейді Марат Нұрмағамбетов.

Айта кетейік, қазір облыс аума­ғын­дағы су айдындарында балық­тың 22 түрі ауланады. Инс­пекция мамандары осылардың қатарын кемітпеу үшін қадағалау жұмыстарын тұрақты жүргізуде.

Табиғат қорғау маусыммен біте­тін жұмыс емес. Жыл он екі ай толас­тамайтын тірлік соңында жүр­­ген қызметкерлердің міндеті – таби­ғаттың тұмса қалпын сақтап, сол байлықты кейінгіге аманаттау.

 

ҚЫЗЫЛОРДА