Анықталған бірнеше дерекке тоқталсақ, 2019 жылы Жансүгіров кентінде 5 жасар балдырғанды зорлаған қорқаудың қолына кісен салынды. Зорлықшыл алыстан емес, көрші үйден келген екен. Қапшағайлық 9 жастағы ұл баланы зорлауға әрекет жасаған шетелдік турист те қазір қамауда отыр. Талдықорғанда 7 және 12 жастағы туған қыздарымен ұзақ уақыт бойына жыныстық қатынасқа түсіп келген азғын әке тұтқындалды. Матай ауылында 2 қызды жәбірлеген жігіт те 16 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осы Матай ауылындағы зорлық-зомбылық көрген жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсеткен ерікті маман, орта мектеп психологі Ажар Дүйсенбекова зорлық көрсету фактісін анықтап, кінәлінің жазаға тартылуына мұрындық болған-ды. Ол жәбір көрген жасөспірімге дер кезінде психологиялық көмек көрсетіп, өзіне қол салудан сақтап қалды.
– Менің орнымда болса, кез келген психолог осылай жасайды деп ойлаймын. Мен бір ерекше іс жасадым демеймін, тек өзімнің кәсіби міндетімді орындадым. Әрбір бала мейірім мен махаббатқа бөленіп өсуі керек, балаға зорлық жасауға ешкімнің де хақы жоқ. Біз әр баланың тағдырына жауаптымыз, – дейді Ажар Дүйсенбекова.
2018 жылдың он бір айында 66 оқиға болса, былтыр бұл көрсеткіш тіпті көбейіп, 100 баланың тағдыры ойран болғаны жайлы мәлімет бар. Бұл педофилдер тарапынан зорлық көрген балалар мен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты оқиғаларды қоса алғандағы дерек. Өкініштісі, жауыздық әрекеттер көбейген сайын, құрбандықтардың қатары да жасарып келеді.
Айтпақшы, зорлыққа ұшыраған балалардың жан жарасын емдеу қазір ата-ана мен психологтерге ғана керек болып тұрған сияқты. Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог маманы, тәжірибелі психолог Әсем Оспанова бұл мәселенің өте нәзік екенін айтады.
– Бізге «Психология бұл жараны емдей ме?» деген сауал жиі қойылады. Әрине жазуға тырысамыз. Біз алдымызға келген адамға ең бірінші «Бұл сіздің ғана басыңызда болған жағдай емес. Өмірде сіз сияқты қаншама адамдар бар» деп айтып, мұндай жағдайға ұшыраған жалғыз өзі емес екеніне сендіруге тырысамыз. Психология ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ковалевтің «Психо-технология: Адамның сана-сезімін арттыру» жайлы алты қадамы бар. Сонда бірінші қадамында былай дейді: «Жағдайды қабылдаңыз». Яғни, біз алдымызға келген адамға бұл жағдайдың болғанын, енді оны өзгерту еш мүмкін емес екенін түсіндіреміз. Екінші қадамында «Кінәлілерді іздемеңіз, ешкім кінәлі емес, жалпы жағдай кінәлі» дейді. Үшінші «Неліктен?» деген сұрақты өзіңізге қоймаңыз», ал төртінші қадамында енді бұл жағдайдан шығудың жолын қарастырады. Өмірдің мұнымен тоқтап қалмағанын, әрі қарай да жалғасатындығын мойындау керек. Төртінші қадамында «Не үшін? Және бұл жағдайды қалай минималды жасауға болады?». Бесінші қадамда «Осы жағдайдан не үйренуім керек?» дейді. Яғни, өмірімізде болған сондай ауыр жағдайдан да сабақ алуымыз керек екен. Алтыншы қадамында профессор адамды биік мақсаттарға жетелейді, үміттендіреді. «Егер бұл жағдай болмағанда, жақсы нәрсе өмірімде болмас еді» деп ойлаңыз» дейді. Осы алты қадам адам тағдырын түбегейлі өзгертуіне жол ашады, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, адам ең бірінші жағдайды қабылдап үйренуі керек. Көп жағдайда қателікке, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған адамдар жағдайды қабылдағысы келмейді екен.
– Біз алдымызға келген адамға ең бірінші сол жағдайды қабылдауды үйретеміз. Сосын енді әрі қарай қалай өмір сүру керектігін, осы тығырықтан шығудың жолын іздейміз. Әр баланың бойында тығылып жатқан қабілет болады. Мүмкін ол гуманитарлық жағынан ашыла алмай жүрген бала шығар немесе керісінше математика жағынан қабілетті шығар. Сондықтан баланы жетістікке қарай икемдейміз. Конкурстарға, түрлі шараларға қатыстырып, позитивті эмоция қалыптастырамыз. Жетістікке жеткен балада сенім пайда болады. Міне, осы сенім баланы келеңсіз жағдайдан алып шығады, – дейді Әсем Оспанова.
Алматы облысы