Қоғам • 06 Қаңтар, 2020

Қорғансыздың күні – Бала зорлау оқиғасы неге көбейіп барады?

883 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде 6 мен 17 жас аралығындағы ұрпақтың зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты тіркелген деректер жан түршіктіреді.

Қорғансыздың күні – Бала зорлау оқиғасы неге көбейіп барады?

Анықталған бірнеше дерекке тоқталсақ, 2019 жылы Жансүгіров кентінде 5 жасар балдырғанды зорлаған қорқаудың қолына кісен салынды. Зорлықшыл алыстан емес, көрші үйден келген екен. Қапшағайлық 9 жастағы ұл баланы зорлауға әрекет жасаған шетелдік турист те қазір қамауда отыр. Талдықорғанда 7 және 12 жастағы туған қыздарымен ұзақ уақыт бойына жыныстық қатынасқа түсіп келген азғын әке тұтқындалды. Матай ауылында 2 қызды жәбірлеген жігіт те 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Осы Матай ауылындағы зор­лық-зомбылық көрген жасөс­пірімдерге психологиялық кө­мек көрсеткен ерікті маман, орта мектеп психологі Ажар Дүй­сенбекова зорлық көрсету фактісін анықтап, кінәлінің жаза­ға тартылуына мұрындық болған-ды. Ол жәбір көрген жасөспірімге дер кезінде психологиялық көмек көрсетіп, өзіне қол салудан сақ­тап қалды.

– Менің орнымда болса, кез келген психолог осылай жасайды деп ойлаймын. Мен бір ерекше іс жасадым демеймін, тек өзімнің кәсіби міндетімді орындадым. Әрбір бала мейірім мен махаббатқа бөленіп өсуі керек, балаға зорлық жасауға ешкімнің де хақы жоқ. Біз әр баланың тағдырына жауаптымыз, – дейді Ажар Дүйсенбекова.

2018 жылдың он бір айын­да 66 оқиға болса, былтыр бұл көр­сеткіш тіпті көбейіп, 100 бала­ның тағдыры ойран болғаны жай­лы мәлімет бар. Бұл педофил­дер тарапынан зорлық көрген балалар мен кәмелеттік жасқа тол­маған жасөспірімдерге қатысты оқи­ға­ларды қоса алғандағы дерек. Өкініштісі, жауыздық әрекет­тер көбейген сайын, құрбандық­тардың қатары да жасарып келеді.

Айтпақшы, зорлыққа ұшы­раған балалардың жан жарасын емдеу қазір ата-ана мен психолог­терге ғана керек болып тұрған сияқты. Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог маманы, тәжірибелі психолог Әсем Оспанова бұл мәселенің өте нәзік екенін айтады.

– Бізге «Психология бұл жараны емдей ме?» деген са­уал жиі қойылады. Әрине жазуға тырысамыз. Біз алдымыз­ға келген адамға ең бірінші «Бұл сіздің ғана басыңызда болған жағдай емес. Өмірде сіз сияқты қаншама адамдар бар» деп айтып, мұндай жағдайға ұшыраған жалғыз өзі емес екені­не сендіруге тырысамыз. Психология ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ковалевтің «Психо-техноло­гия: Адамның сана-сезімін арттыру» жайлы алты қадамы бар. Сонда бірінші қадамында былай дейді: «Жағдайды қа­был­даңыз». Яғни, біз алдымызға келген адамға бұл жағ­дайдың болғанын, енді оны өзгерту еш мүмкін емес еке­нін түсіндіреміз. Екінші қадамында «Кінәлілерді ізде­меңіз, ешкім кінәлі емес, жалпы жағдай кінәлі» дейді. Үшін­ші «Неліктен?» деген сұрақты өзіңізге қоймаңыз», ал төр­тін­ші қадамында енді бұл жағдайдан шығудың жолын қарастырады. Өмірдің мұнымен тоқтап қалмағанын, әрі қарай да жалғасатындығын мойындау керек. Төртінші қада­­мында «Не үшін? Және бұл жағдайды қалай минималды жа­­сауға болады?». Бесінші қадамда «Осы жағдайдан не үй­­ренуім керек?» дейді. Яғни, өмірімізде болған сондай ауыр жағ­дайдан да сабақ алуымыз керек екен. Алтыншы қа­да­­мында профессор адамды биік мақсаттарға жетелейді, үміт­­тен­діреді. «Егер бұл жағдай болмағанда, жақсы нәрсе өмі­рім­­де болмас еді» деп ойлаңыз» дейді. Осы алты қадам адам тағдырын түбегейлі өзгертуіне жол ашады, – дейді психолог.

Маманның айтуынша, адам ең бірінші жағдайды қабылдап үйренуі керек. Көп жағдайда қателікке, тағдыр­дың тәлкегіне ұшыраған адамдар жағдайды қабылдағысы келмейді екен.

– Біз алдымызға келген адамға ең бірінші сол жағдайды қабылдауды үйретеміз. Сосын енді әрі қарай қалай өмір сүру керектігін, осы тығырықтан шығудың жолын іздей­міз. Әр баланың бойында тығылып жатқан қабілет болады. Мүмкін ол гуманитарлық жағынан ашыла алмай жүр­ген бала шығар немесе керісінше математика жағынан қабі­летті шығар. Сондықтан баланы жетістікке қарай икемдейміз. Конкурстарға, түрлі шараларға қатыстырып, позитивті эмоция қалыптастырамыз. Жетістікке жеткен балада сенім пайда болады. Міне, осы сенім баланы келеңсіз жағдайдан алып шығады, – дейді Әсем Оспанова.

Алматы облысы