Экономика • 06 Қаңтар, 2020

«Қазақстандағы Big Data: жаңа көкжиектер»

4044 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қазақтелеком» АҚ үлкен деректерді өңдеу, сақтау, құрылымдау және талдау бойынша жинақталған тәжірибесін біріктіруге ниетті. Ұлттық байланыс операторы цифрлы экономиканы дамыту мақсатында ресейлік «ИКС Холдинг» ІТ-құрылымымен бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қойды. Бұл стратегиялық байланысқа «Қазақстандағы BIG DATA: Жаңа көкжиектер» халықаралық конференциясында қол жеткізілді.

«Қазақстандағы Big Data: жаңа көкжиектер»

Бірлескен қызмет мемлекеттік және банк секторларының, ірі кәсіп­орын­дардың цифрлық трансформациясына ықпал етіп, елімізде IT-таланттарды дамытуға қолдау көрсетіп, халықтың цифрлы қауіпсіздігін арттыратын болады. Сонымен қатар бұл ынтымақтастық цифрлы бизнес-стратегияларға көшу арқылы кәсіпкерлерге өз компанияларын басқарудың оңтайлы моделін құруға, деректер қоры, «бұлтты» шешімдер, IoT, Big Data, Blockchain бас­қару жүйесін енгізу саласында жа­ңа қосымшалар мен әзірлемелерді қол­дануға, сондай-ақ барлық бизнес-үдерістерді жақсарту үшін ІТ-ин­фр­а­құ­рылымға шығындарды азайтуға мүм­кіндік береді.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, ұлттық байланыс операторы Қазақстандағы цифрлы қызметтердің ірі провайдері ретінде деректерді сақтау және өңдеу, LoRa, «ақылды үй», блокчейн, Е-commerce және сол секілді жаңа бизнестерді құру, үдерістерді оң­тайландыру үшін деректерді орта­лықтандырумен жұмыс жасайды.

– «Қазақтелеком» Big Data бағы­тында барлық мүмкіндіктерге ие. Атап айтқанда, бақылау-касса машиналарынан тіркелген деректерді беру, тіркелген және мобильді абоненттер бойынша клиенттік базаны сегменттеу, сондай-ақ клиенттердің қозғалысы туралы ақпарат та қамтылған. Әр тұты­нушыға мейлінше релевантты ұсыныс­тар жасау үшін деректерге талдау жасап, абоненттердің бейінін анықтап аламыз, – деді Қ.Есекеев.

Ұлттық компания Big Data-ны ішкі және сыртқы деректер сараптама­сын басқару, SMS хабарламаны таргет­теу, желілік инфрақұрылымды оңтай­лан­дыру, тасымалдауды жоспарлау, тұр­ғындардың көші-қонын талдау, туризмді дамыту және тағы басқа бағыттар да үшін пайдаланбақ. Сондай-ақ «Үлкен деректердің» көмегімен «Бұлтты бейнебақылау» қызметін іске қосу көзделген. Тың қызмет конференция барысында интерактивті трансляцияда көрсетілді.

Ресейлік «ИКС Холдинг» көп­бейінді IT-құрылымы Үлкен деректер бағытында отандық нарықта қазақ­стандық компаниялармен «ИКС Холдинг Қазақстан» бірлескен кәсіп­орны құрылатынын жариялады және жергілікті нарықта «ИКС Хол­динг» экожүйесінің барлық компа­ния­­ларының шешімдері мен өнімдерін ұсы­­нуды жоспарлауда.

– Жекелеген компанияларымыз көп уақыттан бері Африка, Таяу Шығыс жә­не Орталық Азия елдерінде табыс­ты жұмыс істеп келеді. Алайда қазір біз активтерімізді шоғырландырып, олар­дың арасында өнімді бірлесіп қалып­тастыруға ықпал етеміз. Қазақстандық әріптестермен тығыз байланыста жұмыс жасап, компанияларға жоғары технологиялы өнімдер мен шешімдерді қуана ұсынып, сараптамалармен және жинақталған тәжірибемізбен алмасамыз. Бұл ынтымақтастық ұзақмерзімді табысты қарым-қатынастарға негіз болады, – деді «ИКС Холдинг» вице-президенті Э.Антонян.

Іс-шара барысында заманауи ком­муникациялық технологиялар, Қазақ­стандағы IT-нарықтың ахуалы, ақылды қалаларды дамытудағы үлкен деректер сараптамасының рөлі сынды маңызды мәселелер талқыланды.