Қоғам • 06 Қаңтар, 2020

Қызметтен кетсең де, декларация тапсырасың...

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қызметтен кетсең де, декларация тапсырасың...

Жинақталған деректер адамдар көп жағдайда мемлекеттік қызметтен теріс себептермен шығары­латынын көрсетеді. Соның ең басында жемқорлыққа жол беру көрінісі тұр. Жемқорлық дертті бойына жұқтырғандар қызметтен босаса да, кейін теріс жолмен уысына түсірген қаражатты жеке қара басының мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін екенін алға тартады. Олар осындай жолмен өздеріне хан сарайындай үй көтеріп, қос-қостан бағасы қымбат шетелдік көліктер сатып алуы да ғажап емес. Қандай қаражатқа? Әлде ол мемлекеттік қыз­меттен босай сала «майлы шелпекке» тап болып, аяқастынан табысы тасқындай қалды ма?

Міне, осы мәселенің ақ-қарасын айқындап, ажырату үшін мұндай топқа кіретіндер кейінгі үш жыл уақыт ішінде әр жылдың 31 наурызына дейін тұрғылықты жерінен мемлекеттік кіріс органдарына өз табыстары мен кірістері және мүлкі туралы декларацияны тапсыруға тиіс. Егер бұл құжаттық материалдар көрсетілген мерзімде тапсырылмаса, бұл жағдай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тармақтары мен баптарын бұзу болып табылады, деді газет тілшісіне Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау басқармасының бас маманы Қайрат Әкиев.

Оның айтуынша 2018 жылы өңірде мемлекеттік қызметтен сыбайлас жемқорлыққа жол бергені және өзге де теріс іс-әрекеттері бойынша босатылған 66 мем­ле­кеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тарты­лыпты. Ал 2019 жылдың 11 айы аралы­ғында аталған басқарма мемлекеттік қызметтен теріс себептерге байланысты босатылған 16 адамға әкімшілік хаттамалар толтырған. Мұндағы айыппұл мөлшерінің көлемі 2 миллион теңгеге жуықтайды. Қысқасы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мамандарының мәлімдеуінше декларация өз уақытында тапсырылса, айыппұл мөлшері мемлекеттік қызметтен теріс себептермен шығарылған адамдардың отбасына зия­нын тигізбейді.

Декларация тапсыру ісін жүйелі жолға қоя білудегі басты мақсат – әкімшілік жауапкершілікке тар­ту ғана емес, сонымен бірге мұндай құқық бұзу­шылықтардың алдын алу және оны болдырмау, деп түйін жасады Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау басқармасының бас маманы Қайрат Әкиев.

АҚТӨБЕ