Парламент • 06 Қаңтар, 2020

Сенат депутаттары Железин ауданында болды

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысының Железин ауданындағы бірнеше нысандарда болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат депутаттары Железин ауданында болды

Сенаторлар 2019 жылы Железинка ауылында салынып, пайдалануға берілген спорт кешенінің жұмысымен танысты. Спорт кешенінде үш қабатты әкімшілік ғимарат, спорт залы мен жасанды көгалы бар стандартты футбол алаңы, шағын футбол мен волейболға арналған алаңдар, балалар алаңы, жасанды жабыны бар жеңіл атлетика жолы, эстакадалары мен көрермендерге арналған орындары, шаңғы-роллерлік трасса бар.

Депутаттар 2019 жылы пайдалануға берілген балаларға арналған өнер мектебінде де болды. Мектепте вокал, хореография, домбыра сыныбы сияқты түрлі бағытта 700-ден астам оқушы білім алады. Мұнда барлық бағыттар бойынша сабақтарға арналған жеке кабинеттер мен сыныптар, сондай-ақ акт залы бар. Ғимаратта «Айбат» жастар бастамаларының орталығы және Железин ауданының ардагерлер кеңесі орналасқан. Жаңа нысандар сапалы салынған, ауыл балалары мен үлкендерге арналған мәдени-спорттық объектілер тегін қызмет көрсететін болады.

Сенаторлар Железин ауданының әкімдігінде аудандық мәслихат депутаттарымен, атқарушы органдар мен әлеуетті құрылымдарының басшыларымен кездесті. Сенат депутаттары мемлекеттік бағдарламалар, ауылдық елді мекендерді дамыту, бюджеттің төртінші деңгейіне көшу және алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы айтып берді.

М.Көбенов агроөнеркәсіп кешені саласына қатысты жер учаскелерін ұтымды пайдалануды бақылау тетіктерін жетілдіруге арналып қабылданған жаңа құқықтық ережелер туралы, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау және карантин, ветеринарлық қауіпсіздік пен сумен қамтамасыз етуді, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау және дамыту жөніндегі шараларды күшейту туралы хабардар етті.

Н.Нұрсипатов өз сөзінде қылмыстық процесте азаматтарды қорғау деңгейін арттыруға бағытталған әкімшілік, қылмыстық заңнаманы жетілдіру жөніндегі, ұрлық, зорлау, есірткі тарату және браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту, құқықтық көмек көрсету, сотталған адамдарды беру және беру мәселелері бойынша, сондай-ақ әскери ынтымақтастық, ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күрес және ЕАЭО аясындағы өзге де мәселелер бойынша Қазақстан қабылдаған халықаралық шарттар мен келісімдерді ратификациялау туралы қабылданған заңдарға жан-жақты тоқталды.

Депутаттар Өрлітөбе өткізу бекетінде болды. Онда өткізу пунктінің жұмысы таныстырылды, паспорттық бақылаудан өтуге арналған кабиналар мен жүк ағындарының кестесі көрсетілді.

Ресей Федерациясымен шекарадағы (Павлодар облысы, Железин ауданы, Железинка ауылы) «Өрлітөбе» шекаралық бақылау-өткізу бекеті тиісті қызметтерді орналастыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылымға ие. Дегенмен, қазіргі уақытта бұл ғимаратта тек шекаралық және кедендік қызметтер ғана орналасқан, ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің фитосанитария және ветеринария қызметінің өкілдері шекаралық-бақылау өткізу пунктінен 20 метр қашықтықта жеке үй-жайларда орналасқан. Бұл жағдай жүктердің өту жылдамдығына, оларды өткізудегі тексеру сапасына әсер етеді.

Депутаттар сонымен қатар Қ.Әлсейітов атындағы аудандық мәдениет үйінің жұмысымен де танысты. Бұл нысан 2019 жылы жөндеуден өткен болатын, онда шатырға күрделі жөндеу жүргізілді, көрермендер және кіші залдар, кабинеттер, холл жөнделді, терезе және есік құрамалары ауыстырылды, кеспетастар салынды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалды.

Сенаторлар кездесу барысында бірқатар мәселелерді талқылады. Павлодар облысы Железин ауданының барлық ауылдарында ұялы байланыс жұмысын жақсарту; халық саны белгіленген ережеге сәйкес келмейтін елді мекендерде «Қазпочта» жұмысын ұйымдастыру қажеттігі туралы; жинақтаушы зейнетақы қоры мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шағын бизнестің ауылдық субъектілерінің жарналарын аудару мәселелері көтерілді. Қазіргі уақытта ауылдық жерлерде шағын және орта бизнес жалдамалы қызметкерлер үшін жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға айына ең төменгі сомасы 8713 теңге төлейді, ол жұмыс берушілер үшін (ЖК және АШТӨ) салмақты ауыртпалық болып табылады. Бұл оларды әлеуметтік төлемдер бойынша жүктемені төмендету мақсатында жалдамалы қызметкерлерді жасыруға мәжбүр етеді. Сондай-ақ Павлодар облысының Железин ауданын газдандыру; Павлодар облысы Железин ауданының тұрғындарына аудандық (қолайсыз климаттық аймақтар бойынша) коэффициентті енгізу мәселелері де талқыланды.

Айтылған мәселелер бақылауға алынды және тиісті заң жобаларын қарау барысында ескерілетін болады.