Сонда дейміз, осы уақытқа дейін металлургтер қаласы логотипсіз болған ба? Мұнысы қалай деп интернеттен іздестіріп көріп едік, қаланың төрт бірдей логотипі көзімізге жарқ ете қалды...
Дауыс беру демекші, аталған акцияны ұйымдастырушылардың дизайнерлер әзірлеген үш нұсқаны ұсынған ақпараты Қарағанды облысы әкімдігінің ресми порталында жарияланды. Таңдау жасау үшін https://anketolog.ru/s/304126/b2VVeEIa сілтемесіне кіру керек екен.
Ұсынылған үш нұсқаны біз де қарап шықтық. Мерейтойлық па дейін десең, онысын ашып жазбаған. Үшеуінде де «75» деген сан жоқ. Ашығын айтқанда, логотип нұсқалары тым қарабайыр көрінді. Атақты магниткасының мұржаларынан түтіні будақтаған, комбинатта балқытылған шойыны өзен болып аққан немесе Теміртау қаласының символикалық таныс бейнесін айшықтайтын қандай да бір көріністің кескінін көре алмадық.
Осыған орай мынадай сұрақтар көкейге келеді:
1. Осы үш нұсқаны әзірлеген дизайнерлер кәсіби мамандар ма, олардың аты-жөні кім?
2. Жалпы, мұның алдында қала логотипін салуға қандай да бір конкурс жарияланып па еді?
3. Не себепті осы үш нұсқа ғана таңдауға шығарылды?
4. Экономикалық жағдайды ескерер болсақ, дәл қазіргідей ысырыпқа жол берілмеуге тиіс заманда қаланың логотипін өзгерту не үшін қажет болды екен?
Еске салсақ, Теміртау қаласының іргетасы бұрынғы Самарқанд аулының негізінде 1945 жылдың 1 қазанында қаланған екен.