Экономика • 07 Қаңтар, 2020

Ауыл бюджетін аяққа тұрғызу маңызды

405 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биылдан бастап еліміздегі барлық ауыл дербес бюджет жүйе­сіне көшті. Тиісті заңда Жер­гілікті өзін-өзі басқару­дың дербес бюджеті мен ком­му­нал­дық меншігін 2018 жылдан бас­тап халық саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтер деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде енгізу қарастырылған.

Ауыл бюджетін аяққа тұрғызу маңызды

 

Ауылдағы өзін-өзі басқарудың жаңа деңгейі қандай болмақ? Дербес жеке бюджетпен жұмыс істейтін ауылдар дайындығы облыстық әкімдіктің көшпелі отырысында қаралған болатын. Көшпелі отырыс елімізге өркениетті дамыған ауыл ретінде танылған Успен ауданы Галицкое ауылында өтті. Өт­кен жылы біздің өңірде де тұр­ғын­дарының саны 2000 адамнан асатын 32 ауылдық округтің жеке бюджеті қалыптасып, олар өз қаржыларын ауыл игілігіне жаратуға мүмкіндік алды. Тірек ауылдар санатына алын­ған осы ауылдық аумақтарда 140 мың адам тұрады. Жаңа жылдан бас­тап көшпелі жиын өткен Галицкое ауылының әкімдігі де төртінші деңгейлі бюджет түріне көшеді.

Ауылдық аумақтар дербес бюджет жүйесі бойынша екінші жыл қа­тарынан жұмыс істеп келеді. Басты мәселе – табыс көзінің аз болуы.

– Егер 2018 жылы табыс көзінің көрсеткіші 9,8 пайызды құраса, 2019 жылы 8,6 пайызға азайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлия Арынова. Ол бұл көрсеткіш
1 пайызға дейін төмендейтінін айтты. Себеп – еліміздегі салық заңнамасына енгізілетін өзгерістерге байланыс­ты. Көлік салығын төлеу мерзімі ауысып, шағын бизнес иелері табыс салықтарынан босатылды. 2020 жылғы көлік салығы 2021 жылы ғана төленетін болғандықтан, ауылдық бюджеттер 400 миллион теңгеден астам қаржыдан қағылады. Бизнеске жасалған жеңілдікке байланысты ауылдық бюджеттердің шығыны 150 миллион теңгеге дейін жетеді.

Әлия Арынованың айтуынша, 2020 жылғы бюджет көлемі 7,6 млрд теңге шамасында. Оның ішінде өз кірістері 229,5 миллион теңге, оның 50 пайызға жуығы әлеуметтік салаға бағытталады. Дербес бюджетпен ауылдық ау­мақ әкімдеріне жергілікті басқару те­тігі берілгендіктен, олар ауыл қауым­дастығымен ақылдасып, ауыл­ды көркейтудің басым ба­ғыт­­тарын анықтап отыруға тиіс.

Бюджет қаражатын игеру ма­ңызды мәселе, маңызды ше­шім делік. Бірақ осы маңызды ше­шім­­дерді қабылдайтын адамдар­дың жауап­кершілігі, бюджет қар­жы­сының бөлінуі мен игерілуін бақы­лайтын тұрғындардың құзы­реті қандай деген сұрақтар да ойлантады.

– Аудан орталықтарында 2020 жылы жеке кіріс көлемі 11 миллион теңге көлемінде болмақ, – дейді Ә.Арынова. Оның ай­туынша, кірістің ең азы Аққулы ауданында – 1,4 миллион теңге ша­масында. Тереңкөл, Ертіс аудандарының кірісі 20 миллион теңге төңірегінде. Май ауда­ны Майтүбек ауылдық аума­ғының кірісі 100 мың теңгеге де жетпейді. Тіпті ауылдарда айыппұлдан түскен кіріс облыс бойынша небәрі 149 мың теңгені құрайды. Мысалы, Баянауыл ауданында 14 ауылдық аумақ бар, 12 ауылдағы халық саны 2000 адамнан да аз. Сондықтан дербес бюджетті енгізу аудан орталығы Баянауыл ауылында, Майқайың кенті әкімдігінде жүргізілуде.

Ал бюджеттің төртінші деңгейіне өту – ауылға тиімді. Мәселен, тіркелмеген нысандар саралаудан өтіп, салықтық және салықтық емес түсімдер есебінен ауыл бюджеті артпақ. Жергілікті халықтың өзі табысты бөлуге қатысса онда билікке деген сенім қалыптасады. Яғни, ауыл, кентті басқаруға белсенді қатысады.

Ауылдың бюджеті әкім­дік­тердің қарамағындағы мүлікті жалға беруден, ерікті алымдардан, қайырымдылық және демеушілік жарналардан, айыппұлдар мен сыртқы жарнама орналастыру төлемдерінен құралады. Ол үшін ауыл әкімдерінің білігі мен білімі жоғары деңгейде болуы қажет. Сол себепті әкімдерді қаражатты жоспарлау және жұмсау, салық жинау, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруда арнайы оқыту курс­тары, бюджетті жоспарлау, атқару және коммуналды мү­лікті пайдалану жайында сауат­ты басқаруға үйрету, оқыту қа­жет болды. Облыс әкімі Болат Ба­қауовтың тапсырмасымен об­лыстағы әр ауылдық аумақ әкі­міне, қазынашылық, эконо­мика және бюджетті жоспар­лау, қаржы, мемлекеттік кіріс орган­дарына аудан, қалалар бекіті­ліп берілген. Тіпті ватсап желісін­де арнайы чат құрылып, сұрақ қоюға мүмкіндік жасалған. Был­тыр дербес бюджеті болған 32 ауыл­дың 5-еуі әр ай сайын бөлінген қар­жыны тиімді игеріп, бюджет­тің кіріс бөлігін де орындап отыр­ған. Төмен көрсеткіш аудан орта­лықтары Баянауыл, Көктөбе ауыл­дық аумақтарында тіркеліпті.

Облыстық тексеру комис­сиясының басшысы Айнагүл Құр­манова Ақтоғай мен Аққулы аудандарына жүргізілген тексеріс нәтижелеріне орай жалпы, ауылдарда жиналған кірістің аз болуы жоспарлаудың дұрыс болмауынан дейді. Егер ауылдық әкімдіктер берілген ескертулер мен ұсынымдарды ескерсе, қателер қайталанбауға тиіс.

Ал кірісті көбейту үшін не істеу керек? Облыс әкімі кірісті көбей­ту үшін ауыл әкімдері комму­нал­дық мүліктерді тиімді пайда­ла­нулары қажет екенін айтты. Жал­пы, 6,8 млрд теңгенің комму­налдық меншігі ауылдық әкімдік­терге өткізілген. Нәтижесінде 5 жылжымайтын мүлік пен 3 көлік бәсекелес ортаға беріліп, ауыл­дардың бюд­жетіне 16,7 миллион теңге түскен. Бұған өңірдегі 200 орта мек­тепті қосыңыз. Оқушы саны аз ауылдардағы 2-3 қабатты мектептер қыс бойы жылытылады. Мектептердің бос тұрған бөлмелерін қажетті жағдайларға пайдалану қажеттігі ең әуелі ауыл әкімдерін ойландыруы керек.

Келесі мәселе, ауылдық әкім­діктерде маман жетіспейді. Дербес бюджетке көшкеннен кейін ауылдық әкімдіктердің жұмысы көбейеді. Ә.Арынованың айтуынша, әрбір ауылға штаттық лимитті 5-7 бірліктен 7-9 қызметкерге арттыру ұсынылуда. Маман жетіспейді дегеннен шығады, облыс орталығының іргесіндегі 11 мың халық тұратын кентте 9 маман ғана қызмет көрсетеді екен. Кенттегі ауыз суға, жолға, басқа да әлеуметтік мә­селелерге байланыс­ты тұрғын­дар­дың шағымы көп. Өңірдегі Майқайың, Солнечный, Қалқаман кенттерінде де осындай жағдай қалыптасқан. Майқайың кентінде 9 мыңға тарта, Павлодар ауылында 7 мыңға жуық тұрғын бар. Сондықтан кент деп қара­май, әкімдік қызметкерлерін кө­бейт­кен дұрыс болар.

Биыл басталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында да қыруар қаражат қарастырылып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Батановтың айтуынша, биыл Павлодар облысына осы бағдарлама аясында 1,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қара­жатқа Тереңкөл, Железин, Ертіс, Баянауыл аудандарының орталық­тарында жол, әлеуметтік нысан­дар жөнделуде. Биыл Шарбақ­ты, Ақтоғай, Көктөбе, Ақ­қулы ау­дандарындағы 34 жобаға 1,2 млрд теңге жұмсалуға тиіс.

– Өңірімізде Галицкое сияқ­ты ауылдардың көбейгенін қа­лай­мын. Әкімдер еліміздегі мемле­кеттік бағдарламаларды жете түсініп, оның әр тетігін пайдалана алса – ауыл өзгереді, – деді Болат Бақауов жиын соңында. 

Дамыған елдерде әр қала, әр провинция жергілікті өзін-өзі бас­қару жүйесі бойынша жұмыс істейді. Олар инвестор тарту­да, тұрғылықты жерін өркен­дету ісінде бір-бірімен жаппай бәсекелес. Павлодар облысын­дағы ауылдық елді мекендер де Галицкое ауылымен бәсекелестік жолына түссе игі.

 

Павлодар облысы