Биыл 1 қаңтардан бастап төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға жеке жәрдемақы беріледі. Ескерерлігі, бұл санаттағы отбасылардың балалары кәмелет жасына толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінің студенті болуы шарт. Бұл жәрдемақы отбасының кіріс деңгейіне қарамастан беріледі.
Атап айтқанда, төрт балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан да көп баласы бар отбасыларға 74 388 теңге жәрдемақы тағайындалды. Сондай-ақ Батыр ана, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе «Ана даңқы» орденімен марапатталғандарға ай сайын 16 967 теңге төленеді.
Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек биылдан бастап тоқсан сайын тағайындалады. Бұл атаулы әлеуметтік көмек кірісі отбасының әр мүшесіне шаққанда күнкөріс минимумының 70 пайызынан төмен болған жағдайда беріледі. Яғни, биыл күнкөріс минимумы 31 183 теңге болып белгіленгенін ескерсек, аталған соманың 70 пайызы 21 828 теңге болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек табысы төмен барлық отбасына тағайындалады. Яғни, аталған санаттағы көп балалы отбасылар балалардың жәрдемақысымен бірге АӘК те ала алады.
АӘК алатын отбасылардың балалары кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға ие болады. Айталық, 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ олардың мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі.
АӘК есептеу кезінде қандай кірістер есепке алынбақ? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің АӘК алуға өтінім берген кезде қарайтын кірістерінің ішінде еңбекақы, зейнетақы, мүгедектік және асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы, көп балалы аналарға берілетін жаңа жәрдемақы, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, еңбек жағдайының аса ауыр және зиянды, ашық тау-кен және жерасты кәсіпорындарында жұмыс істеушілерге арнаулы жәрдемақы, әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер, бір жасқа дейінгі бала бағуға берілетін жәрдемақы, үйде оқитын мүгедек балаларды оқыту шығынын өтеу, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерді өсіру үшін қамқоршыларға берілген жәрдемақы, патронаттық тәрбиеге тапсырылған балаларды өсіруге арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған қамқоршылар мен асырап алушыларға арналған жәрдемақы, жұмыс берушілер қаржысының есебінен әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша жәрдемақы, қалалық қоғамдық көліктегі жолақыға материалдық көмек, көмектің нақты түлерінің бағасы, сонымен бірге оның орнына төленген сома, төлемақының барлық түріне қосымша төлемақы, алимент, кәсіпкерлік кірісі, жалға беруден немесе сатудан (жылжымайтын мүлік, көлік) түсетін табыс, құнды қағаздар кірісі, мүлікті сыйға немесе мұраға алу, несие мен шағын несие, қайтарымсыз қаражат алу, қаржылай салым мен депозиттің сыйақысы, ақшалай аударымдар, сондай-ақ байқауда, жарыста, олимпиадада, фестивалде, лотореяда және тағы басқа ұтыстар қаралып, есепке алынады.
Егер Жұмыспен қамту орталығы отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне жұмыс ұсынса, ал аталған ұсыныс қабылданбаса онда отбасының барлық мүшесіне АӘК төленбейді.
АӘК рәсімдеу тәртібі өзгерген жоқ. Жәрдемақы тағайындау үшін жұмыспен қамту орталығына жеке куәлік көшірмесімен бірге өтінім беру қажет. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу болуы тиіс. Өтінім берілгеннен кейін жеті жұмыс күні ішінде өтінім берушінің үйіне комиссия келіп, тексеру актісін толтырады. Осыдан кейін ғана АӘК тағайындау туралы шешім шығарылады.