Саясат • 07 Қаңтар, 2020

Әлеуметтік саладағы күрес тоқтамауы тиіс

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жемқорлықтың жарға жығатыны белгілі болса да, қоғамда сыбайластықтың сипаты көрініс беріп қалады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ», деген болатын.

Әлеуметтік саладағы күрес тоқтамауы тиіс

 

Осы орайда, Сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің Жамбыл облысы бо­­йын­ша департаменті сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­­­мыл және оның кез келген кө­­ріністерінен азаматтардың құ­қықтарын қорғау бағытында жұ­мыс жүргізуде. Атал­ған департамент басшы­сының орынбасары Нұр­кен Исла­мовтың айтуынша, былтырдың өзінде Жамбыл облысының аумағында әлеумет­тік көмек көрсету салаларында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған 5 қылмыс тіркеліпті.

«Аталған салаларда шенеу­ніктер тарапынан тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауа­зым­дық өкілеттіктерді теріс пайдалану, пара алу сияқты қыл­мыстар кеңінен таралған. Сонымен қа­тар әлеуметтік көмек салалары­ көптеген миллиардтық бюджет­ қаражаттары шоғыр­ланған «Нә­ти­желі жұмыспен қамтуды жә­не жаппай кәсіп­кер­лікті да­мы­тудың» 2017-2021 жылдарға ар­налған «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­­ла­масы жүзеге асыры­луын сүйе­­мелдейді. Бұл тұрғы­да Мемлекет басшысы Мемлекет­тік бағдарламаларды жүзеге асыру және бюджет қаражатын жұмсау бойынша бақылауды және жауапкершілікті қатайту қажеттігін, халықтың қаражатын тиімсіз пайдалануға және ұр­лауға байланысты жасалынған құқық бұзушылықтар қатаң түрде жазаланатынын айтқан еді», дейді Нұркен Исламов.

Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға тиісті қол­дау көрсетіліп келеді. Яғни, тұр­ғындардың тұрмысын түзету мақсатында қыруар қаражат бө­лінуде. Алайда, жергілікті кейбір лауазымды тұлғалар со­ның өзін тиісті азаматтарға бөлмей, бөл­се де жең ұшынан жал­ғасқан жем­қорлыққа бой алдыруы өкі­нішті. Мәселен, Жамбыл ауданы Көлқайнар ауылдық округі әкімдігінің лауазымды тұл­ғалары атаулы әлеуметтік кө­мек алуға мұқтаж емес тұл­ға­ларға белгілі бір сыйақыға жал­­­ған құжат жа­саған деректері анық­талған. Енді парақорлық санатта қозғалған қыл­мыстық іс бойынша кешенді сот-сарап­тама тағайындалып, жан-жақ­ты тергеп-тексеру амалдары жүр­гізілуде. «Бұдан басқа, Та­раз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мінің бас маманы Н.Бижа­нов атаулы әлеуметтік көмекті алып беру және әрі қарай қам­қорлық жасау мақсатында азаматша Г.Салиевадан бір ай­лық жәрдемақы 103 000 теңге, Д.Ахметовадан бір айлық жәр­демақы 96 000 теңге пара алу дерегімен құрықталған. Бүгінде жан-жақты тергеп-тексеру амал­дары жүргізіліп, іс қазіргі таңда қарау үшін Тараз қалалық №2 сотына жолданған», дейді департамент басшысының орын­басары.

Нұркен Ис­ламовтың айтуынша, 2019 жы­лы Сарысу аудандық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар бөлімінің бас маманы Н.Айымбетова көп балалы аналарға арналған әлеуметтік көмек алуға көмектесу және әрі қарай қамқоршылық жасау мақ­сатында азаматша Г.Аб­дул­лаева мен Г.Абише­ва­лар­дан 100 000 теңге пара алу дере­гімен ұсталған. Аталған іс бойынша жан-жақ­ты тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, Сарысу аудандық сотымен Н.Айымбетова кінәлі деп та­ны­лып, 2 000 000 теңге айып­­­пұл жазасына кесілген. Сон­­­дай-ақ департаменттің же­дел­ қызметкерлерімен жедел іздес­тіру іс-шараларын жүр­гізу барысында Т.Рысқұлов аудан­дық білім бөлімінің бас маманы, аудандық қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің хатшысы Ш.Маутбаевтың теріс әрекеті анықталған. Ол ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға қорғаншылық белгілеу және оны одан әрі асырап алу туралы мәселенің оң шешілуіне жәрдем көр­­­сетуге З.Кадыровадан 350 000 теңге пара алу дерегімен құ­рық­талған. Жан-жақты тергеп, тек­серу амалдарын жүргізу нәти­­жесінде сотқа жолданып, Т.Рысқұлов аудандық сотының үкімімен Ш.Маутбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Жалпы, Жамбыл өңірінде 2019 жылы әлеуметтік көмек көрсету салаларында сыбайлас жемқорлық сипатында дерек артып отыр. Әрине, бұл ретте мәсе­ленің екі жағы бар екенін де ұмыт­паған жөн. Себебі кейбір азаматтардың өзі тірлігін тез бітіріп алу үшін жауапты адамдарды пара алуға итермелейді. Сондықтан да, сыбайлас жем­қор­лықпен мемлекет болып кү­ресіп жатқанда әрбір азамат оң әрекетті өзінен бастаса дұрыс болар еді...

 

Жамбыл облысы