Аймақтар • 07 Қаңтар, 2020

Әкімдік маманы өтінішті қарады...

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Алматы облысы бойынша басқармасының деректері бойынша, өткен жылдың 9 айында тұрғындарға тиісінше қызмет көрсету ережесін бұзған 24 әкімдік маманына қатысты құқықтық хаттама толтырылған. Ал 40 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған екен.

Әкімдік маманы өтінішті қарады...

Тұрғындардың мемлекеттік қызмет алуға қатысты құқығы баспана кезегі мен жер телімі­не қатысты жиі бұзылып отыр. Өткен жыл ішінде облыс тұр­ғындарынан арнаулы қызмет алу­ға қатысты 70 мыңнан астам өті­ніш түссе, оның ішінен 174 өтініштің қаралу мерзімі мен орындалуына қатысты ше­шім шығарылуы қасақана шеге­ріліп, уақытын созу дерегі анық­талыпты. Жалпы, 2019 жылы Алматы облысындағы мем­лекеттік қызметшілер тарапынан заң бұзушылық жиі орын алғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Ал­ма­ты облысы бойынша де­пар­таментінің өкілдері де  мәлім­деуде. Нақты айтқанда, былтыр Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 141 қылмысқа қатысы бар дерек тіркеген екен. Оның ішін­де 101 іс жемқорлыққа қа­тыс­­ты қозғалған. Яғни, сы­бай­­лас жемқорлыққа қатыс­ты күдікке ілі­ну дерегі бар­лық қыл­мыстық істердің 71,6 пайызын құрап отыр. Атап айтқанда, жыл басы­нан бері 81 пара алу оқи­ға­сы әш­кереленіп, қызмет бабын асы­ра пайдаланудың 11 дерегі анықталған. Нәтижесінде, же­келеген тұлғаға қатысты 63 қыл­­мыс­тық іс ашылып, 43 адам сот­­талған. Жауапқа тартыл­ған қыз­­меткерлер арасында 6 об­лыс­­тық деңгейдегі басшы, 5 ор­та санат­тағы лауазымды тұл­ға бар. Бү­­­гінге дейін 87 іс сотқа жібе­ріліп­­ті.

Сондай-ақ шенеуніктер тарапынан шағын және орта бизнес нысандарына қысым жасау азаймай отырған көрінеді. Дәл осындай мазмұндағы 17 шағым қабылданып, 13 лауазым иесі жауапкершілікке тартылған. 35 кәсіпкердің құқы қорғалды.

Айтпақшы, облыстағы сы­бай­лас жемқорлық деректері жиі байқалатын қызметтердің көшін әкімдік қызметкерлері бас­тап тұрғаны өкінішті. Өт­кен жылдың 11 айында ше­неу­нік­тердің па­ра алуына қа­тыс­ты 26 оқиға анық­талған. Жер қатынастары бө­лімінің қызмет­керлері де әкімдік өкіл­дерінен қа­лыс­папты, оларға қатысты 2019 жылдың желтоқсан айы­на дейін 12 дерек тіркелген. Былтыр ішкі істер органдары мен құрылыс саласында да пара алу­дың ондаған мысалы бай­қал­са, әлеуметтік қорғау қыз­метінің 8 өкілі жемқорлыққа қатысты айып­талған екен.

 

Алматы облысы