Президент • 09 Қаңтар, 2020

Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі - Президент

620 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында егемен ел ретінде өсіп-өркендеу үшін мемлекеттілігімізді нығайту керек екені айтылады.

Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі - Президент

«Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал. Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген» делінген Президент мақаласында.

Сондай-ақ мақалада Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды екені жазылған.

«Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады» деп жазды Қ.Тоқаев.

Бұдан соң, Мемлекет басшысы өзінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылғанын сөз етеді.

«Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін» делінген мақалада.