Президент • 09 Қаңтар, 2020

Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды ­- Қасым-Жомарт Тоқаев

1981 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі №5 санында жарық көрген мақаласында осылай деді.

Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды ­- Қасым-Жомарт Тоқаев

«Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деп жазды Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырғанын атап өткен Президент ақынның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі екенін, сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн екенін атап өтті.

«Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ететінін, оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтыратынын жазды.

«Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында.