Еңбекақы мен зейнетақы өсті
Ең алдымен вице-премьер жаңа жылдан бастап 500 мың педагогтың еңбекақысы 25 пайызға, 215 мың дәрігер мен медбикенің жалақысы тиісінше 30 және 20 пайызға, 25 мың әлеуметтік қызметкер мен 34 мың мәдениет, өнер және мұрағат қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға артқанын атап өтті. Сондай-ақ 2,2 млн зейнеткердің әлеуметтік төлемдері 7 пайызға, 4 млн-нан астам әртүрлі мемлекеттік жәрдемақы алатындар 5 пайызға, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 132 мың әлеуметтік жәрдемақы алатындар 30 пайызға көбейген. Жалақы мен әлеуметтік төлемдердің өсуі жалпы 7,2 млн қазақстандықты қамтып, мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік салаға арналған шығыстар үлесі 47 пайыздан 50 пайызға дейін жеткен.
Сондай-ақ зейнетақы жинағын пайдалану бойынша ұсыныстар әзірленгенін жеткізген Бердібек Сапарбаев: «Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған танымал ғалымдар мен сарапшылар енді. Біз халықаралық тәжірибені зерделеп шықтық. Сөйтіп, Президент әкімшілігіне зейнетақы жинағын пайдалану бойынша бірнеше ұсыныс енгіздік. Онда зейнетақы жинағын баспана алуға және тегін медициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кірмейтін ем-домдарға жұмсауға мүмкіндік беру қарастырылған. Біз тиісті есеп-қисапты жасап шықтық. Қазақстандықтар зейнетке шыққаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүреді. Сондықтан біз әрбір адамның есепшотындағы қаржы зейнет жасына жеткілікті болатынына көз жеткізуіміз керек. Бір өкініштісі, қазіргі кезде салымшылардың жартысының жинақ сомасы 1 млн теңгеге жетпейді. Ал қажетті сома, мөлшермен 10-12 млн теңге болуы тиіс», деді.
Жәрдемақы. АӘК. Кепілдендірілген әлеуметтік көмек
Әлеуметтік көмектегі ең үлкен жаңалықтың бірі – көп балалы отбасылардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақының тағайындалуы. Бұл жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасылар ай сайын алып отырмақ. Нақтырақ айтқанда, бюджеттен 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге тұрақты төленеді. «Мемлекеттік жәрдемақы үшін осы жылға бюджеттен 177 млрд теңге қарастырылды. Қаңтар айында 367 мың көп балалы отбасына аталған жәрдемақы тағайындалды», деді министр Біржан Нұрымбетов.
Ал атаулы әлеуметтік көмек осы жылдан бастап жаңа тәртіппен беріле бастайды. Ондағы өзгерістерге тоқталған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі былай деді: «Ең алдымен, АӘК тоқсан сайын тағайындалады. Екінші өзгеріс – мөлшеріне қатысты. Өлшем-шарттар өзгеріссіз қалды. Яғни, отбасының орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жетпейтін болса атаулы әлеуметтік көмекке ие болады. Бірақ енді адам басына 21 мың теңге берілмейді, орташа табыстың кедейлік шегінен айырмасы ғана төленеді. Мұнда 2018 жылғы тәртіп қайта қалпына келтірілді. Есесіне АӘК алушы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама алады. Жаңа механизмнің негізгі мақсаты – атаулылығында. Егерде отбасының табысы шынымен төмен болатын болса, ол көп балалыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны да, АӘК-ті де алады және кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Демек мөлшері артпаса, азайған жоқ. Бұл бір жағынан нағыз мұқтаждарға көмектесуге мүмкіндік береді. Үшінші өзгеріс – АӘК алатын отбасындағы еңбекке жарамды азаматқа өз мамандығына сай және қатынауға қолайлы жерден жұмыс ұсынылады. Егер ол одан бас тартса, АӘК беру тоқтатылады. Бұған мүгедек жандар, оқып жүрген еңбекке жарамды азаматтар, 3 жасқа дейінгі баламен және мүгедек жанды, қарттарды қарап отырған кісілер, 1 және 2-топтағы мүгедек ересектер, қарттар жатпайды. Баламен үйде отырған аналарға ерекше қарайтын боламыз. Оларға толық емес режімдегі жұмыстар ұсынылады».
Шәкіртақы сол күйінде АӘК тағайындауда табыс көзі ретінде есептелмейтінін, ал жаңа жәрдемақының табысқа жатқызылатынын айтқан министр орта, жоғары білім алып жүрген студент қай қалада оқып жүргеніне қарамастан АӘК алатынын атап өтті. Бұдан бөлек, АӘК алушыларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріледі. Министрдің айтуынша, биыл мектеп жасына дейінгі 220 мыңнан астам бала, мектеп жасындағы 370 мыңнан астам бала осы кепілдендірілген топтамамен қамтамасыз етіледі. «Мектеп жасына дейінгі балаларға азық-түліктің топтамасы және гигиеналық құралдар беріледі. Мектеп жасындағы балалар мектепте ыстық тамақпен қамтылып, мектеп формасы, оқу құралдары және мектепке қатынауға жол жүру жеңілдіктері, медициналық көмек қарастырылады. Қазір тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірленді. Әкімдердің ұсыныстары бойынша Үкіметтің қаулысымен 493 сауда орталығы бекітілді. Олар осы топтаманы дайындайды. Оларға талап, техникалық сипаттамалар әзірленді. Оны іске асыру жергілікті атқарушы орындардың жауапкершілігінде. Азық-түлік топтамасында халықаралық тәжірибе ескерілген. Ең маңыздысы, біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, баланың физиологиялық ерекшелігін және тағамдық, энергетикалық құндылығы жасына сай азық-түліктерді дайындадық. Мектеп жасындағы балаларға мектеп формасы, мектеп құралдарының барлығы енеді», деді Еңбек министрі.
Несие мен грант жеңілдетілген жолмен беріледі
Министрдің айтуынша, шағын несие беру жолдары жетілдіріліп, аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға тиімділіктер қарастырылып отыр. «Ең алдымен олар үшін несиенің мерзімі 7 жылға дейін ұзартылады. Пайыздық мөлшерлемесін 6 пайыздан 4 пайызға дейін төмендеттік», деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы жұмыссыз азаматтар грантты да жеңілдетілген жолмен алмақ. «2019 жылы бізде гранттың 100 АЕК (250 мың теңге) және 200 АЕК (505 мың теңге) көлеміндегі екі түрі бар еді. Биылдан бастап біркелкі 200 АЕК күйінде қалдырып отырмыз. Оны алу үшін адамдар «Бизнес – бастау» бағдарламасы бойынша міндетті түрде оқып, сертификатын алуы керек. Бірақ аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға жеңілдік қарастырып, оқымай-ақ, тек әлеуметтік келісімшарт жасау арқылы берілетін болады», деді министр.
Маңызды салалар сапаға бағытталады
Денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама бекітілді, ол қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жастан 75 жасқа дейін арттыруға, медициналық қызмет сапасын арттыруға, жеке инвестицияларды тартуға және материалдық-техникалық базаны жақсартуға бағытталған. Қазіргі уақытта «СК-Фармация» медициналық мекемелерге жіберілген 221 млрд теңге сомасына 88 пайыз дәрі-дәрмектер сатып алды. МӘМС енгізу шеңберінде азаматтардың «сақтандырылуы» мәртебесін сәйкестендіру және медициналық қызметтерді бөлек есепке алу қамтамасыз етілген, базалық медициналық қызметтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне енгізілген. 2020 жылы бір сақтандырылған адамға жұмсалатын шығыстар көлемі 57,5 пайызға (55 мыңнан 87 мың теңгеге дейін) өседі.
Білім беру саласында мұғалімдерге материалдық және материалдық емес ынталандыру көзделген, ерекше функцияларды болдырмайтын және мұғалімдердің құқықтарын кеңейтетін «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар білім беру сапасы мен мазмұнын жақсартуға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуға, апатты және 3 ауысымды мектептер мәселелерін шешуге, қалалық және ауылдық жерлердегі оқыту сапасындағы алшақтықты 2 есеге қысқартуға бағытталған 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қабылданды, ауылдық жерлерде жоғары білімді қаржыландыру 2 есе, ғылым 7 есе өсті.