Медицина • 07 Қаңтар, 2020

МӘМС: өз мәртебесін анықтауға үш ай уақыт беріледі

559 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымыз үшін биылғы жылдың басты жаңалығының бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) енуі. 1 қаңтардан бастап енгізілген жүйе медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жаңа жүйеге арналған баспасөз мәслихаты өтті.

МӘМС: өз мәртебесін анықтауға үш ай уақыт беріледі

«1 қаңтардан бастап Денсаулық сақтау министрлігі міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру деген үлкен жобаны іске қосты. Енді медициналық қызметтер екі пакетке бөлінеді. Бірінші пакет – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК). Мұны барлық қазақстандық тегін пайдалана алады. Екіншісі – МƏМС пакеті. Мұнда бұрын ақылы, қымбат болған компьютерлік томография, МРТ, оңалту шаралары, қымбат медициналық қызметтер мен дəрі-дəрмектер сақтандырылған азаматтарға ғана тегін болады. Қызмет ақысы сақтандыру қоры арқылы жабылады», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Əбішев.

1 сəуірге дейін елдің барлық тұрғыны шартты түрде сақтандырылған болып саналады жəне олар ТМККК пакеті мен МƏМС пакетіне кіретін медициналық қызметтерді тегін ала алады. Осы кезеңде азаматтар өздерінің сақтандыру мəртебесін анықтап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы керек. Яғни, үш ай ішінде Telegram-бот арқылы өз мəртебесін тексере алады. «Бірінші кезекте сақтандыру мəртебесін тексеріп алу керек. Осы жылдың наурыз айының соңына дейін барлық азамат медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде сақтандырылған болып саналады, бірақ соған қарамастан əркім өзінің сақтандыру мəртебесін тексеріп алуы тиіс. Егер азамат сақтандырылмаған болып шықса, банк жасап шығарған төлем терминалдары арқылы жүйеге жылдам кіруге болатын тетіктер бар», деді «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Оның айтуынша, 2020 жылға арналған медициналық қызметтерді сатып алуда 1277 медициналық қызмет көрсетушілер қатысқан, олардың 678-і мемлекеттік ұйым (53%) болса, 599-ы жекеменшік (47%). Процестерді оңтайландыру жəне ашықтықты арттыру, сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін жəне əкімшілік кедергілерді азайту үшін медициналық қызметтерді сатып алу электронды цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, сандық форматта Қаржы министрлігінің Электронды қаржы орталығының веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Жалпы, əлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілген кезде, денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті медициналық көмектің көлемін 1,5 есеге ұлғайта отырып, 2020 жылы 1,6 трлн теңгені құрайды.

Сонымен, амбулаториялық емханалық көмекті қаржыландыру көлемі 2020 жылы 78%-ға 740,9 млрд теңгеге дейін ұлғаяды, бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру арқылы халықты профилактикалық шаралармен толық қамтуды қамтамасыз етеді.