Бокс • 09 Қаңтар, 2020

Кәсіпқой бокс: Головкин шаршы алаңға Шереметамен шығады

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін польшалық Камил Шереметаға қарсы өткізеді. 

Кәсіпқой бокс: Головкин шаршы алаңға Шереметамен шығады

Әуесқой рингте 30 жастағы айтулы боксшы елеулі табыстарға қол жеткізе алған жоқ. Десек те 2010 жылы Польшада өткен Феликс Штамды еске түсіруге арналған дәстүрлі турнирдің финалында қазақтың мақтанышы Серік Сәпиевке сан соқтырғанын дүйім жұрт ұмыта қойған жоқ.

Осы оқиғадан кейін араға екі жыл салып ол кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды. Сол кезден бері 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Бес қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.

Бір айта кетерлігі, Италия, Франция және АҚШ-та бір реттен ғана бой көрсеткені болмаса, Камил Шеремета өз бәсекелерінің денін өз Отанында өткізді.

Шыны керек, оның жолы әзірге есімдері төрткүл дүниеге мәшһүр боксшылармен қиысқан жоқ. Сондықтан да Шереметаны ұту Головкинге еш қиындық туғыза қоймас деген ойдамыз.