27 Наурыз, 2010

ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ТӘСІЛІ

1084 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Оны енгізу нормасы өзгертілуі тиіс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында “Әр­тараптандырудың басқа бір маңызды сегменті аргоөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады. Ауыл шаруа­шылығындағы еңбек өнімділігі өте төмен және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллардан келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды. Ауыл үшін өсу перспективасы, міне, осында. Сондық­тан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру”, – дей келе, агроөнеркәсіптің экономи­камызда алатын орны ерекше екендігін атап көрсетті. Оңтүстік Қазақстан – жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызуға және өсіруге ең қолайлы аймақтардың бірі. Ел Үкіметінің 2010 жылғы 15 ақпан­дағы №91 қаулысымен бекітілген “Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің же­міс-жидек дақылдарының және жү­­зім­нің көп жылдық екпелерін отырғызу мен өсіруді қамтамасыз етуге 2010 жылғы рес­­публикалық бюджеттен бө­лінетін ағ­ым­дағы нысаналы транс­ферт­терді пай­­далану” ережесіне сәйкес жеміс-жи­дек дақылдары мен жүзімнің көпжыл­дық екпелерін отырғызуға және өсіруге ар­­налған шығындардың норма­лары және төленетін субсидия көлемі бекітілген. Алайда бүгінгі таңда жеміс-жидек дақылдары мен көпжылдық екпелерін отырғызу Оңтүстік Қазақстан облысы­ның агроқұрылымдарына (шаруашы­лық­тарына) көп қиыншылық туғызуда. Өйткені, қойылатын талаптарға сәйкес егу алаңы кемінде 5 гектар, ал оны өсіру әдісі тамшылатып суару жүйесі болуы тиіс. Сонымен қатар, тіреуіш бағаналар­ды орнатып, жеміс-жидек дақылда­рының көп жылдық екпелері аласа бойлы телітушілермен отырғызыл­ған жағдайда – бірінші отырғызылған жылы, жүзімнің көп жылдық екпелерін өсірген жағдайда – екінші жылы отырғызылуы қажет және т.б. шектеулер қойылуда. 2010 жылға жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерін отыр­ғызуды және өсіруді қамтамасыз етуге арналған бағдарлама бойынша рес­­публикалық бюджеттен Оңтүстік Қа­зақстан облысына 1 417,8 млн. теңге қа­рал­ған, бұл сома бүкіл республикаға бө­­лін­ген қаражаттың 68 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда, бөлінген қаражаттың игерілмей қалу қаупі туып отыр. Себебі, Оңтүстік Қазақстан облысында жеміс-жидек дақылдарын және жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызумен айна­лысатын аудан аумағындағы агроқұ­рылымдардың 90 пайызға жуығының жер көлемі 5 гектарға жетпейді. Бұл агроқұрылымдарды бір мезетте ірілендірудің мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ, 1 гектар жерге жеміс-жидек дақылдары мен көпжылдық екпелерін отырғызып, алғашқы жемісін алғанға дейін кемінде орта есеппен 3 442 000 теңге қажет, ал 5 гектар жерге 17 210 000, яғни 5 есе артық қаржы қажет, ал мұндай қаржы ауылдағы кәсіпкерлерде жоқ, несие алу тетігі де қиындық туғызуда. Әрине, қазіргі қаржы дағдарысымен күрес кезінде ауыл шаруашылығын жандандыру үлкен мәселе. Сондықтан Үкімет республика бойынша осы ауыл шаруашылығы саласына республикалық бюджеттен субсидия қаржысының иге­ріл­мей қалу қаупін болдырмау мақса­тында ережелерде көрсетілген шектеу­лік­терді азайтуы, яғни жеміс-жидек дақылдарының және жүзімнің көп жылдық екпелерін отырғызу үшін кемінде 1 гектар жер бөлуі және мін­детті түрде тамшылатып суару тәсілін енгізу нормасын өзгертуі тиіс. Берік БЕКЖАНОВ, Мәжіліс депутаты.