31 Шілде, 2013

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Протоннан» зардап шеккен аймақты көруге келді

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Байконур-1

Бүгін, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысында арнайы жұмыс сапарымен болды. Онымен бірге болған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Марат Толыбаев, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Марат Құсайынов және бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты және «Байқоңыр» ғарыш айлағының бүгінгі ахуалын көзбен көрді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлады.

Олар алдымен Арал теңізінің солтүстігіндегі Көкарал бөгетіне келді. Осы жерде жергілікті билік өкілдері «Сырдария өзені арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» (САРАТС) жобасы аясында атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстар туралы хабардар етті. Бұл жобаның екінші кезеңі бойынша Қызылорда су торабының сол жағалық реттегіш шлюзін, Қазалы және Қармақшы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру, Сырдария өзенінің Қорғанша және Тұрымбет учаскелері тұсындағы арнасын түзету, Қазалы ауданының Бірлік ауылы жанындағы автожолдағы көпірді жөндеу, Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін жаңғырту, Қамыстыбас питомнигінің Тастақ учаскесіндегі тоған шаруашылығын кеңейту секілді жұмыстарды атқару жоспарланған. Нақты кезеңде 6 бағыт бойынша әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік құрылыс сараптамасы қарауына ұсынылды. Сонымен бірге, САРАТС жобасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша Арал теңізінің солтүстік бөлігін жаңғырту және оның техникалық-экономикалық негіздемесін қайта қарау, Сырдария өзені бассейнінің қазақстандық бөлігін су ресурстарымен қамтамасыз етуді жабдықтау жұмысы жалғасуда. Орталық мемлекеттік орган өкілдері осы істердің барысымен танысып болғаннан соң, Арал балық өңдеу зауыты мен Әйтеке би кентіндегі «Рза» АҚ сүт өнімдерін өңдеу зауытында болды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бастаған делегация келесі кезекте «Байқоңыр» ғарыш айлағына аялдап, осындағы «Гагарин старты» орталығын, мұражай кешені мен Төретам кентіндегі емханаларды аралап көрді. Одан әрі осы айлақта көшпелі мәжіліс өткізіліп, онда зымыран тасығышының құлаған орнын қалпына келтіру мен залалсыздандыру мәселесі қаралды. Мәжілісте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Байқоңыр» ғарыш айлағында болған апаттың жергілікті тұрғындардың денсаулығына әсер етіп жатқанын мәлімдеді. Осыған орай экологиялық ахуалды бақылайтын тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін алға тартты.

Әмірхан Алмағанбетов.