Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Әділ Ахметов: Абайдың тағылымдарын бірінші орынға қою керек

509 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір ғасыр бұрын халқымызға жөн сілтеген  Абайдай тұлғаның тағылымы бүгінгі күнде де маңызын жоймады. Білім мен ғылымға шақырған оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы айқын көрініс табады. Осы орайда Мемлекет басшысы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасының елімізге тигізер пайдасы зор деп есептейді. Президент Абайдың ой-тұжырымдарын негізге ала отырып мемлекетімізді дамыту керек екенін айтады.

Әділ Ахметов: Абайдың тағылымдарын бірінші орынға қою керек

Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада Абайдың көп тіл білгенін айта келе, бүгінгі ұрпаққа шет тілдерді үйрену керектігін айтады. Дамыған елдердің тілі мен мәдениетін білу үшін, оның қыр-сырын ұғыну үшін ең әуелі оның тілін меңгеру керек. Алдағы уақытта Абайдың қара сөздері мен шығармалары он шақты тілге тәржімаланатыны ерекше қуантты. Бұл арқылы өзге мемлекеттер де Абай мұрасымен таныса алады. Шетелдіктер бізді Абайдың елі деп танып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан Абайдың тағылымдарын бірінші орынға қою керек. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында байыпты саралаған. Бұл жай ғана ұран да  науқаншылдық та емес. Расында Президент Абайдың  халқының жетілгенін қалайтындығын шығармаларынан үзінділер бере отырып,  керемет мысалдармен баяндаған.

Сондай-ақ мақалада Абай шығармалары арқылы сананы жаңғырту керектігі жазылған. Абайды тереңдеп білу әсіресе жастар үшін қажет екенін Президент астын сызып айтыпты. Меніңше, бұл мақала – нағыз бағдарламалық мақала. Бұл – елді, жастарды тәрбиелейтін тағылымды мақала. Үлгі беретін дүние. Терең ой тұр, терең ізденістерге жол сілтеп тұр бұл мақала.

Сонымен қатар мақалада мәдени шараларға да ерекше мән берілетіні жазылған. Алдағы уақытта негізгі өзегі Абай тақырыбына арналатын республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтеді. Мақалада мәлім болғандай, Абайдың туған жеріндегі тарихи-мәдени нысандар жаңа талапқа сай жаңғыртылып, ұлы ақынның мерейтойына келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалатын болады. Сөз соңында Мемлекет басшысы Абайды ең әуелі өз елімізде толық танып,  содан кейін шетелге танытуымыз қажет екенін айтады. Ол үшін ғалымдар атсалысу керек дегенді алға тартып отыр.

Әділ АХМЕТОВ,

Филология ғылымдарының докторы,

профессор, қоғам қайраткері