Қоғам • 10 Қаңтар, 2020

Мектепте сақшы неге тапшы?

1292 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Полиция капитаны Айсұлу Каримова таңертең әдеттегідей мектепке келді. Артынша оқушылар да білім ұясына ағыла бастады. Капитан қырағылықпен бәрін бақылап жүр. Сол сәтте оған бір оқушының телефоны ұрланғанын хабарлады. Дереу камерадан қарап, мектеп ауласын торуылдап жүрген белгісіз адамның оқушы қалтасына қол салғанын анықтады. Іле-шала жедел қызмет өкілдерінен күдіктіні суреттеп, табуын сұрады. Операция сәтті аяқталып, ұрланған зат иесіне қайтарылды. Ал ұрының жайымен әрі қарай полиция айналысады. Осыдан соң елордадағы № 22 мектептің ата-аналары оқу ордасындағы инспекторға арнайы алғыс хат берді.

Мектепте сақшы неге тапшы?

Мамандар неге тұрақтамайды?

Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде 1927 мектепке инспектор жетіспейді. Ал Айсұлудай маманның тапшылығы тіпті үлкен мәселе екені анық. Себебі былтыр ғана Ақтөбе қаласында мектеп инспекторының оқушыны форма киіп келмегені үшін ұрып, қылғындырғанын мойындағаны, соңында 5 жылға бас бостандығынан және лейтенант шенінен айыру жазасымен келіскені есімізде. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, ауладағы әжетхананы күзету барысында сырттан тексеруге келген шенділерден қоқан-лоқы көріп, барша педагог қауымды алаңдатқан кешегі түркістандық мұғалімнің жайын әлі де ұмыта қойған жоқпыз. Айтпақшы, мұндай күзет пен кезектің түрі Тараз қаласындағы түзде орналасқан әжетханада 12 жасар оқушының зорланғанынан кейін «ойлап» табылған-тын. Осы оқиғадан соң мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан шығарылды.

БАҚ беттерінен, әсіресе жұмыс іздеуге арналған сайттардан Ішкі істер министрлігінің қызметке қабылдау туралы хабарландыруларын жиі көзіміз шалып жүр. Негізі мектеп инспекторлығына психология, спорт және заң саласы мамандары қабылданады. Жыл сайын заңгер мамандығына көп грант бөлінеді, бұдан бөлек қоғамда құқық саласына сұраныс та жоғары, сол себепті талапкерлер ақылы оқуға да құлықты. Бірақ мектеп инспекторларының жетіспеушілігі неліктен жойылмайды? Мұның себебін 5 жылдан бергі еңбек өтілінде бірде-бір тәртіп бұзушылық орын алмаған, керісінше жоғарыда жазғанымыздай, ата-аналардың алғысын алған мектеп инспекторы А.Каримова бірнеше себеппен байланыс­тырады.

– Жас мамандар бұл қызметке жиі келеді, бірақ тұрақтамайды. Көбіне-көп әйелдер осы жұмысты таңдайды, өйткені отбасын асырайтын ер азаматтар аз айлықты қанағат тұтпайды. Дегенмен қыз-келіншектер күйеуге тигенде және балалы болғанда демалысы көбейеді. Осыдан келіп ма­мандар енді үйреніп келе жат­қанда жұмыстан алыстайды. Қол үзгеннен кейін нәтиже де нашар­лайды. Жалақының төмендігі талап­керлердің осы қызметке келуі­не кедергі келтіреді. Мәсе­лен, мен жұмыс істейтін №22 мек­­теп-гимназияда 4 мыңға жуық бала бар. Жалғыз өзіме осын­шама оқушымен жұмыс істеу, жасөспірімдер арасында бола­тын қылмыстың алдын алу бо­йын­­ша профилактикалық шара­лар мен түрлі келеңсіздіктердің орын алмауын қадағалау міндеті жүк­телген. Ал айлығым – 130 мың теңге. Шын мәнінде жұмыс үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді мақтаулы маман. Оның айтуынша, жалақының артуы ғана емес, баспана мәселесінің шешілуі де кадр тапшылығын жоя алады. Мектеп инспектор­ларының жұмысы жергілікті поли­ция қызметіне қарайды. Бірақ инс­пекторлар қылмыстық іспен емес, алдын алумен айналысады. Былтыр шілде айынан бастап пәтер­дің ақшасы төлене бастаған. Осы қолдаудан кейін мамандар инс­пек­торлыққа көптеп ауысыпты.

– «Әскери баспана» атты бағ­дарлама бар, бірақ оған полиция қызметкерлері емес, әскерилер ғана қол жеткізе алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы қандай да бір баспанаға қол жет­кізуге мүмкіндік беретін мем­лекеттік бағдарлама болса, кадр тапшылығы реттелер еді. Десек те, осы айтылған қос кедергіден де маңызды мәселе бар. Бұл – жалпы инспекторлардың беделі. Ең алдымен ата-аналар бізге сенім артса деген үмітіміз бар. Се­бебі сенім – үлкен күш. Әке-ше­шесі форма кигенімізден ат-тонын ала қашып тұрса, бала да солай қабылдайды, теріс көз­қарас қалыптасады. Осындай қа­рым-қатынасты қоғам, ата-ана тарапынан жұмыс барысында жиі байқағандықтан айтып отырмын. Егер ата-аналар бізге қолдау білдіріп, шын мәнінде қауіп-қатердің алдын алумен айналысатынымызды балаға күнделікті отбасында айтып отырса, нәтиже бұдан да жақсырақ болатын еді, – дейді А.Каримова.

Ауруын жасырған өледі

Астананың іргесіндегі шағын ауылда орналасқан № 69 мектеп-гимназиясының директоры Құсни Қияшқызы қоғам мен ата-ананың мектеп инспекторына оң көзқарас қалыптастыруы шенді маманның жемісті жұмысына байланысты екенін айтады.

– Бізде бір ғана инспектор 6-7 мектепке бөлінген, ол аптасына 1-2 рет мектебімізге ке­леді. Оқу ордамызда 3 мың оқу­­шы бар. Міне, осындай ауырт­пашылықтың барлығына қара­мастан өз ісін лайықты, жоспарға сәйкес орындайды. Мектепті аралап, рейд жүргізіп, балалармен әңгімелеседі. Кеше ғана, мәселен, жоғары сынып оқушыларына лекция оқып, профилактикалық дәрісін өткізіп кетті. Әлбетте, талап бойынша бір мектепке бір инспектор болуы керек, бірақ кадр тапшылығы бұған мүмкіндік бермей отыр. Осы жасалған жағ­дайға да тәубе дейміз, себебі бұр­нағы жылдары мектепке бө­лін­ген арнайы инспектор, құ­қықт­ық қызметкер болған да жоқ қой, – дейді Қ.Қияшқызы.

Бас қаланың өзіндегі бір мек­теп­тің инспекторы 3 оқу орда­сында қатар істейтінін айтып, бірақ бұл туралы жазбауымыз­ды өтінді. Сол сәтте бұл керісінше ашық көрсетуді қажет ететін кеде­ргі екенін түсіндіріп, мақа­лаға аты-жөнімен нақты қосуға келісуін өтіндік. Ол жауапты мем­­лекеттік органдардың жос­парына сәйкес, басқасы басқа, елор­дада мектеп инспекторының жетіспеушілігі болмауы керек екенін алға тартып, өтінішімізді орындаудан бас тартты. Біз мұн­да инспекторды «ауруын жа­сырған өледі» дегеннің кері­мен мәселенің мәнісін ашық айту­ға көндіре алмай отырғанда қала іргесіндегі мектептің дирек­торы 1 инспектордың 3 емес, тіпті 6-7 мектепке жалғыз жауапты болып жүргенін жеткізді. Ал ауыл­дағы жағдай одан да күрделі.

Мектеп инспекторы керек пе?

Жамбыл облысы Талас ауданы Аққұм ауылындағы Барбол Тоқтықожаұлы атындағы орта мектептің директоры Руслан Батаев 20 мектепке 1 инспектор бөлінгенін бүкпесіз баяндағанда, алғашында сенер-сенбесімізді білмедік. Сарапшының сөзінен соң көкейге бір сұрақ келді. Шы­нында, бізге мектеп инспекторы керек пе?

– Біз шеткі ауылда тұрамыз. 20 мектепке 1 инспектор жа­уапты, жиі келеді деп айта алмаймын. Екі аптада бір келеді. Бірақ біздегі оқушылар тәртіп­ті. 30 жылдық еңбек өтілімде биылғымен қосқанда тура 10 жылымды директорлық қызмет­ке арнаппын. Оқушыларымыз­дың арасында қылмыстық іс немесе кикілжің орын алған жоқ. Оның үстіне ауыл балалары ғой, бір-бірін және ата-аналарын жете таниды. Мысалы, оқу ор­дамызда 261 оқушы бар. Әр­қай­сысымен күн сайын кез­десіп, сөйлесіп тұрамын. Бала­лар­дың бәрін бақылап жүремін. Оқушылардың өзара келіс­пей қалғанын байқасақ, ата-ана, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, сынып жетекшілері, мұға­лімдер, психолог бірлесіп, бір­ден татуластыруға барымыз­ды саламыз. Осындайда мектеп инспекторының қанша­лық­ты қажеттілігі барын ойланып қаламыз. Әлбетте тәртіп сақшысы жүргенінің, форма­сының өзі тәртіпке тәрбие­лей­тіндей. Десе де міндет қажет­ті­ліктен туындауы тиіс қой, – деген директор Р.Батаев мектеп оқу­шыларының соңғы уақытта по­лиция, инспектор болуды қ­алай­­тынын да қоса кетті. Демек, бір пайдасы балалардың бола­ша­ғына бағдар беріп, жетіспей жатқан маман­дыққа деген қызығу­шылы­ғын арттыруда болып тұр ғой. Бірақ бізге ең керегі, маңыздысы һәм негізгісі осы ма еді?

Енді бағамдай беріңіз, 10 мек­теп­тің оқушыларына жалғыз өзі жауап беріп, орта есеппен 100 мың теңге жалақыға жұмыс істеу қаншалықты жемісті болады? Мақаланы жазу барысында бірнеше жергілікті полиция департаменттерінің өкілдерімен хабар­ластық. Мектеп инспек­торларын және олардың еңбек­ақысын тағайындайтын департаменттерден 1 мектепке немесе 10 оқу ордасына белгілен­ген инс­пектордың екеуі де бірдей жалақы алады екен. Әділет­сіздік деуге бола ма? Қызмет сапа­сының төмен болу себебі осын­да жатқан секілді. Бұл – бір жағынан еңбектің дұрыс баға­ланбауы. Осыдан кейін жұмыс­тың нәтижесі туралы сөз қозғау­дың өзі қисынсыз. Оқу ордасын маңайламай-ақ ай сайынғы айлығын уақтылы алып отырғандардың қайдан шығатынын да білуге болатындай.

P.S. Байқасаңыз, бір проблеманың артында бірнеше түйткіл тұр. Қоғам қазір елді алаңдатқан оқиғаларда үнсіз қалмайды. Әрине бұл – көңілге демеу. Десе де кейбір маңызды мәселеде науқаншылдыққа жол береміз. Әйтпесе қоғамның дертіне айналып бара жатқан жайттарды бірді-екілі орындалған іс-әрекеттен кейін жылы жауып қоя салмайтын едік. Жауапты мекемелер тарапынан қабылданған шұғыл шаралар – емдемейтін, жай ауырғанды басатын дәрі-дәрмек секілді. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді, осы сөздің аясы біз ойлағаннан әлдеқайда кең. Әсілі, қоғамды дендеген дертте де осы ойды санада жаңғыртып тұрған жөн-ау.