Руханият • 10 Қаңтар, 2020

Қазақты сақтап қалған ұлы тұлға

1544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлы ойшыл, философ, ақын Абай қазақ  жазба әдебиетінің негізін сала отырып, өзі өмір сүрген замандағы әлеуметтік, қоғамдық мәселелерге тереңнен қарап, сол кезеңдегі халықтың қилы тағдырына алаңдаушылығын шығармалары арқылы жеткізіп отырды.

Қазақты сақтап қалған ұлы тұлға

Абай ХІХ ғасырдың соңында жарға құлауға шақ қалған халықты құтқаруға жан дүниесімен кірісті. Ұлы дала мәдениеті күйреудің алдында тұрған кезеңде одан шығар жол іздеді. Абай көшпенді өркениеттің соңы еді. Кенесары, Махамбеттер кетті... Абай бергі замандағы отаршылдықты, ашаршылықты, тіптен Арал қасіретін сезген Асанқайғыдай зар-заман өкілдерінің еңбектерін таныды. Ұлы дала мәдениетіне қауіп төнген тұста өзінің өршіл, рухшыл, шыншыл, батыл шығармалары арқылы  халқының кемшілігін сынады, мінеді, сабап та алды. Ол тығырықтан шығар жол іздей отырып, елін-жұртын мәдени күйреуден аман алып қалды. ХХ ғасырда жүректі, саналы ғалымдар, қаламгерлер, яғни Алаш қайраткерлері Абайды көсем тұтты әрі ұлы ойшылдың мұрасын елдің бостандығы мен келешегіне  пайдаланды.

Абай қазақты сақтап қалған ұлы тұлға десек қателеспейміз. Қазақ халқы басынан қаншама нәубетті кешірді. Халқының келешегі үшін ұлы күреске ағартушылық жолмен келді. Осы тұста бауырлас жоңғарлар неге жойылып кетті деген сауал туындайды? Өйткені олардың Абайдай тұлғасы болған жоқ. Сондықтан да бүгінгі күні Абайды аударылған парақ ретінде емес, әлі де терең зерттелетін  әлем ретінде қарастыруымыз қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы рухани кеңістігімізге, мәдени өмірімізге серпін беретін, терең ой салатын жүйелі түрде жазылған құнды дүние. Абай кім, қандай тұлға болған, ғұламаның тарихымызда алатын орны қандай? Абай мұрасының қандай тұстары өмірімізге ерекше қажет, оны қалай зерттеп білеміз? Міне, осындай келелі ой салатын мақала Абайтану тұжырымдамасын жасауды қажет етіп отыр. Осы тұста тиісті мекеме мамандарымен мазмұнды кеңестер ұйымдастырылуы қажет.

Абайдың туған жері  Шыңғыстау киелі мекен. Әрине, Қазақстандай туған елдің барлық аймағы да қастерлі әрі киелі. Ал Абай мен Шәкірім, олардың шәкірттері өсіп-өнген ортаға рухани орталық ретінде қарау, жаңа мәртебе беру өңірді түлетіп, серпілтетін игі бастама. Адам түлігі, шөбі де, топырағы да ядролық сынақтың зардабын шеккен аймақтың, Шыңғыстау өлкесінің қайта жанданып, гүлденуіне, рухани жаңғыруына, үмітсіздіктен арылуына жол ашатыны сөзсіз. 

Ойға-ой қосуға үндейтін Президент мақаласының өзіндік бір әуезі бар. Ал Абайды тану үшін әркім өз-өзін, ішкі әлемін тануы тиіс. Сонда ғана Абай бізге жақындай түседі. Абайдың «толық адамы» осыған меңзейді. Абай – ұлы ұстаз. Әрі Абайды зерттеп, түсіну қоғам үшін үлкен олжа. Сондықтан да Абайды тануға әрқайсымыз дайын болуға тиіспіз. Абайды түсіну үшін көкірек көзінде үміт оты ұялаған, ел мен жерді сүйген ұлтжанды адам болу керек. Сонда ғана Абай әлемінің сырын ұғына түсеміз. Абайды түсіну үшін әркім де сол биікке ұмтылса игі. Абай көптің бірі емес, Абай – биік шың. Заманға қарсы тұра білген сегіз қырлы, бір сырлы тұлға.

Осыдан біраз уақыт бұрын «Мәдени мұра» бағдарламасы сәтті, нәтижелі жүзеге асты. Қорытындысында мәдени мұрамызды түгендеп, санамызды екі жарым мың жылдық тарихымызға үйрете бастадық. Абай осы санғасырлық тарихымыздың жалғасы.

Мұрат ӘУЕЗ,                                                                      

мәдениеттанушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері