Аймақтар • 12 Қаңтар, 2020

Алматы облысында жол тазалығына жауапты мекеме жазаланды

277 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың қараша айының соңғы ширегі мен желтоқсан айындағы табиғат сынына Алматы облысының жол жөндеушілері төтеп бере алмай қалған еді.

Алматы облысында жол тазалығына жауапты мекеме жазаланды

Аймақтағы ішкі қатынас жолдарын былай қойғанда, республикалық маңызы бар трассалардың қары күрелмей, көктайғақ болып жатты. Соның кесірінен жолдарда көлік апаты көбейіп, адам өмірін жалмаған ондаған оқиға болды. Бұл облыстағы жол жөндеуші ұйымдардың қар тазарту жұмыстарына дайын еместігін көрсетті. Ал трассалардың дер кезінде күрелмеуіне жауапты мекемелердегі арнайы техниканың жетіспеушілігі басты себеп болған екен.

Жақында облыс аумағында көлік жолдарындағы төтенше жағдайдың орын алуына қатысты жағдай «Жетісу – адалдық алаңы» кеңсесінде қаралып, жауапты мекемелерді тәртіпке шақыру жайы сөз болды.

- Бұған дейін техникалардың қысқы кезеңге дайындығын тексеру нәтижелері бойынша жол дайындығымен айналысатын «Қазавтожол» АҚ, «КазахАвтоДор» ЖШС ұйымдарында арнайы техниканың жеткіліксіздігі анықталған. Осыған сәйкес, арнайы техникаларды алып, оларды стандартқа сәйкестендіру қажеттілігі туралы ұсыныс берілген болатын. Оларға облыстық полиция департаментінің қызметкерлері 25 желтоқсанға дейін жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ескерту де берген. Тапсырманың жедел жүзеге асуы мен көрсетілген кемшіліктердің қаншалықты жойылғаны жайында көлік жүргізушілер арасында бақылау сауалнамасы жүргізілді. Өкінішке қарай, республикалық маңызы бар автомобиль жолына техникалық қызмет көрсетумен және жөндеумен айналысатын «КазахАвтоДор» мекемесінің бұрын берілген ескертулерді орындамағаны және жолды қыста күтіп ұстауға қойылатын талаптарды сақтамағаны анықталды, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.

Нәтижесінде «КазахАвтоДор» серіктестігі Әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес айыпталып, іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданған. Яғни, облыс жолдарындағы күтіп баптауға немқұрайлы қарағаны үшін мекеме енді 500 айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде айыппұл төлейді. Алайда, «КазахАвтоДор» серіктестігін жол сапасы мен адамдардың қауіпсіздігінің 1 262 500 теңгеге бағаланғаны ойландырса, қане...

 

 

Алматы облысы