Аймақтар • 12 Қаңтар, 2020

Талдықорғандағы аулаларды жөндеуге 1 млрд теңге жұмсалды

162 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысының орталығындағы көп пәтерлі үйлердің саны жеті жүзден асады. Ал осы тұрғын жай аумағында 280 аула мен алаңдар бар екен.

Талдықорғандағы аулаларды жөндеуге 1 млрд теңге жұмсалды

Қаланың даму жоспарына сәйкес бұл аулалар күрделі жөндеуден өтіп, балаларға арналған ойын алаңдары мен спорттық – демалыс орындарына айналуы тиіс. Жаңғырту жұмыстары 2012 жылы басталып, 2019 жылға дейін қаладағы 100 аула жөнделіп, қолданысқа берілген. Ал өткен жылдың соңында тағы 48 үйдің ауласы жаңартылуы тиіс болатын.

Алайда, аулалардағы жаңғырту жұмыстарына қала тұрғындарының көңілі толмайды. Әсіресе, қала орталығында тұратындар  Қабанбай батыр, Біржан сал, Нұрсұлтан Назарбаев, І.Жансүгіров көшелерінің бойындағы тұрғын үйлердің ойын алаңдарын жөндеу ұзаққа созылып, құрылыстың желтоқсан айының ортасына дейін жалғасқанын айтады. Яғни, адамдар үй маңындағы  жолдар мен тротуарларға қар жауғаннан кейін асфальт төселгеніне наразы екен. Олар қыс ішінде салынған ойын алаңдары мен жолдың сапасына алаңдаушылық білдіруде.

Айтпақшы, қаланың Қабанбай батыр, Біржан сал, Нұрсұлтан Назарбаев, І.Жансүгіров көшелеріндегі тұрғын үйлердің ойын алаңдарын жөндеуге 213,5 миллион теңге, ал Қаблиса жырау, Шевченко, Кивилев және М.Төлебаева көшелері мен «Самал», «Мүшелтой», «Қаратал», «Жетісу» шағын аудандарындағы аулаларды жаңғыртуға 827,2 миллион теңге бюджет қаржысы жұмсалыпты.

 

Алматы облысы