«Біз тұтынушылар алдында жауап беретін бизнесіміздің тұтастығына және заңға бағынатынына сенеміз. Мораторий кезінде өзін өзі реттеу және қоғамдық бақылау құралдарын жандандыру қажет», деген-ді Мемлекет басшысы. Үкіметтің экономикалық блогы, Қаржы министрлігі ШОБ субъектілеріне алдағы 3 жыл ішінде орта есеппен 100 мыңға жуық тексеру жүргізілмейтінін хабарлады. Бұл әкімшілік жүктемені азайтуға, бизнес-ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бизнесті оңай жүргізуге және бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік беруі тиіс.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов шағын және микро бизнес салық төлеуден босатылған кезде бюджетке түсетін қаржы көлемі қысқаратынын бұған дейін де айтқан болатын. Үш жылға арналған жалпы трансферді жоспарлау барысында мұның барлығы ескеріліпті. «Қазақстанда 1 млн 308 мың микро және шағын бизнес субъектісі бар. Оның 1 млн 236 мыңы арнайы салықтық режімді пайдаланады. Атап айтсақ, патент және жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейді. Кәсіпкерлердің бұл тобы жалпы табысынан 2 немесе 3 %-ын салыққа төлейтін. Енді осы кәсіпкерлер үш жылға табыс салығынан босатылады», дейді Ә.Смайылов.
Бизнесті тексеруге мораторий жариялаудан ел қазынасына түсетін қаржы қаншалықты азаятынын да Үкімет есептеп үлгерді. Қаржы министрлігі 1 жылда 200 млрд, жиынтығы үш жылда 600 млрд теңгені аз алайын деп тұр. Яғни, Президенттің пәрменін орындау 600 млрд теңгеге түспек.
Қаржы министрлігі туындаған шығындарды салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру арқылы өтеуді жоспарлап отыр. Себебі кәсіпкерлікті дамыту көбіне-көп өңірлік сипатқа ие. Министр Ә.Смайыловтың айтуынша, осының арқасында 2019 жылы бюджеттің кірісі 1,1 трлн теңгеден асты. Оның 850 миллиардтан астамы кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған.
2020 жылдан бастап ШОБ субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы облыс әкімдіктеріне аударылатыны белгілі. Сарапшылар орта және шағын бизнестен түсетін салықтың бірте-бірте азаюы Үкіметтің экономикалық блогының етек-жеңін жиюына мүмкіндік беретінін айтып отыр.
2020 жылдан шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті салық жергілікті басқару орындарының есебіне аударылады. Осыған байланысты Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп өңірлердегі өсу көздерін анықтау үшін елдік скрининг жүргізді. Бүгінде жүйеге респонденттер туралы 1,8 млн-ға жуық мәлімет жүктелген. Соның нәтижесінде, мемлекеттік қолдау шаралары «аудандық және ауылдық округтер деңгейінде» әзірленіпті.
Сарапшылар бизнеске бағытталған мораторий қазақ қоғамы үшін жаңалық емес екенін айтады. Ең алғашқы мароторий 2003 жылы қабылданған болатын. Арада 5 жыл өткенде – 2008 жылдың 31 желтоқсан күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында сол кездегі Премьер Кәрім Мәсімов: «Мен бүгін шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау туралы қаулыға қол қойдым. Енді түрлі бақылау орындары «тырнақ астынан кір іздеп», кәсіпкерлерден «тиын-тебен» дәметкенді тыйып, айылын жиып жүреді» деген болатын.
Сарапшылар биылғы мораторий бизнеске қалай әсер ететініне қатысты түрлі көзқараста. Мәселен, Республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығының директоры Д.Казанцев бізге берген сұхбатында мораторий арнайы салықтық режім бойынша жұмыс істейтіндерге ғана емес, микро-шағын бизнестің барлық субъектілеріне ортақ болуы керектігін айтады. Салық режимі микро және шағын бизнестің барлығына ортақ болмаса, шағын бизнес иелері табысының бір бөлігін жасырып, арнайы режімдерге ауысып, жұмысын жалғастыра беретін көрінеді. Мұндай жағдайда кәсіпкерлердің қаржысы тағы көлеңкеге кетеді, ұтылатын тағы да Үкімет.
Осыған дейінгі мораторилер шағын және орта бизнестің жолын ашты ма? Саясаттанушы, сарапшы Досым Сатпаевтың пайымдауынша, елде шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау жүйесі дұрыс үйлестірілмеген. «Қаулы қабылдадық, шешім шығарылды, осымен іс бітті» деген ойдың айнала-сында жүрміз. Мұның бәрі мораторий жариялаудан келіп туындайтын түйткілдердің түйінін одан сайын күрделендіріп жіберді. Бұдан бөлек, елімізде шағын және орта бизнес субьектісі ретінде тіркелгендердің бәрі бірдей жұмыс істемейді деген дерек бар.
«Олар неге жұмыс істемейді?» деген сауал жергілікті билік орындарын аса толғандыра қоймайтын тәрізді. Сондықтан қарапайым азаматтардың шағын және орта бизнеске мойын бұруына жағдай жасап, бизнес пен билік арасындағы айқын да ашық қатынасқа қол жеткізген соң ғана тексеруді уақытша шектеу мәселесін қолға алуға болар еді», дейді Д.Сатпаев.
Дегенмен, осымен төртінші рет жарияланған мораторийдың бұған дейінгілерден ерекшелігі – оның мерзімінің үш жылға дейін ұзартылатыны. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мораторий мерзімі біте салысымен жаппай тексерудің басталып кетуіне жол бермейтінін қадап айтты.
Кәсіпкерлердің дерегіне жүгінсек, қазір тексерулер саны да, оларды тексеретін мекемелер саны екі есе азайған. Ең бастысы, кәсіпкерлер өздерін қандай мекеменің тексеруге құзіреті барын біледі. Ал осы ықпалды шешімді орта жолдан тоқтатып тастап, мерзімін бір жылмен қайырсақ, мәселе одан сайын күрделеніп, «баяғы жартас – бір жартасқа» айналып шыға келуі әбден мүмкін еді. «Біз мұндай жағдайда ілдебайлап күн көріп отырған кәсіпкерлердің жағдайын нашарлатып аламыз. Елде отандық өнім өндіру ақсайды, жұмыссыздық өріс алады. Егер біз әлеуметтік-экономикалық ауыртпалық үдей түспесін десек, шағын және орта кәсіпорындардың, осы шаруамен айналысатын кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмегеніміз дұрыс» дейді Д.Сатпаев.
Республикалық кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығының директоры Д.Казанцев шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруден үш жылға босатуыны өзі бизнеске үлкен көмек екенін айтады. Бүгінде еліміздің белсенді тұрғынының 30%-дан астамы шағын және орта бизнеспен айналысады. Экономикадағы ШОБ үлесі 28,5%-ды құрайды. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп аталған көрсеткішті 2025 жылы 35% дейін жеткізу және 2025 жылға қарай 50% дейін жеткізу жөнінде стратегиялық міндет қойылған.
«Сондықтан бұл өзгерісті толық қолдаймын. Жалпы, елімізде тексеруші органдар мен бизнес арасында араағайын болып жүрген делдалдар көп. Оның барлығы кәсіпкерді жан-жақтан талаған кезде бұған шыдайтыны бар, шыдамайтындар да бар. Мәселен, елімізде 1 млн 400 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген, қазір қаншасының жұмыс істейтінін ешкім білмейді. Осының өзі бұл салада жұмысты жалғастыру қаншалықты қиын екенін байқатса керек. Негізінен, бұл арада екі тараптың жауапкершілігі бірдей емес. Мәселен, осыған дейінгі жарияланған 1 жылдық мароторий кезде қадағалаушы органдардың жаңа кәсіпкерлікті тексеру фактілер кездескені жиі айтылды. Өз кезегінде қадағалаушы орган «мұндай заңның барын білмей қалдық» деп құтыла салады. Мәселе сөгіс жариялаумен бітеді. Бұл дұрыс емес», дейді ол.
Бұған дейін де 2003, 2008, 2014 жылдары мораторий жарияланған-ды. Солай бола тұра, кәсіпкерлер «күн бермей жүрген» түрлі тексеру орындарының орынсыз әрекеттеріне жиі шағымданды. Мемлекеттік деңгейде нақты шара қабылданғанға дейін сан түрлі тексеру орындарына «жем» болып келді. Д.Казанцевтің айтуынша, бизнес те, билік те бұл шешімге саналы түрде келуі керек. Бизнес философия, үйлесімділік және стратегиясы айқын бағытқа айналған кезде ғана оған деген көзқарас заманауиланады.
«Бізде мұның бірі де жоқ. Себебі күні бүгінге дейін бизнес элитаның қалыптасуына саясаттың оң ықпалы аз болды. Сондықтан ел ішінде бизнесті тек алыпсатарлықпен байланыстыратындардың қатары көп. Біз тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Түркия мен Қытайдан ала дорба арқалаған кезден қазір де алыстап кеткен жоқпыз. Бұрын сөмкемен тасысақ, қазір пойызбен, ұшақпен тасимыз. Қазір қазақ бизнесінің абыройын сауда, қонақ үй мен қоғамдық тамақтандыру саласы ғана жауып тұр. Басқаша айтқанда ақыл-ой, интелектуал бизнесі емес, алыпсатарлықпен ғана шектеліп тұрмыз», дейді Д. Казанцев.
Сарапшының сөзіне қарағанда, қоғамдық санада «бизнес жан бағудың ғана көзі емес, мемлекеттің болашағын анықтайтын бағыт» деген көзқарас қалыптаспай, қазақ бизнесінің күре тамырына қан жүгірмейді. «Бұл үшін бизнестің әліппесін мектептен бастау керек. Бала мектеп жасынан ақша санауды және өзіне, жан-жаңына не керек екенін бала жастан түйсіну керек. Біз осы деңгейге көтерілмейінше, мароторийлердің әсері аз болады. Бизнестің өркендеуіне ықпал ететін басты факторлардың бірі – салық саясатының гуманистік сипаты. Салық жеңілдіктері, оны төлеу тетіктерінің ыңғайлылығы адамдардың бизнеске баруына, біліктілігін арттыруына ықпал етеді» дейді Д.Казанцев.
Сонымен, сарапшылардың пайымына салсақ, шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жарияланғаны кәсіпкерлерді заң алдындағы жауапкершіліктен босатпауы тиіс. Бұл қоғамды масылдыққа бастайтын жол. Мораторий жариялады екен деп жөнсіздікке салынбау үшін тиісінше бақылау болуы шарт. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін білдірсе, екіншіден – олардың нарықтағы бәсекелестігін арттыруға берілген зор мүмкіндік. Сондықтан, бизнесмендер уақыт оздырмай, мораториді барынша ұтымды пайдалануға жұмсауы керек. Себебі үш жыл – саладағы проблемаларды шешуше жеткілікті уақыт.
АЛМАТЫ