Руханият • 13 Қаңтар, 2020

Соғымбасы – көне дәстүр

1048 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халқымыздың соғым сою дәстүрін әзілдеп «қазақтың ақ олимпиадасы» деп те жатады. Шынымен кең-байтақ қазақ даласында алаш баласы күздің соңы, қыстың басында алты айлық азығын қамдап алатын ерекше кезең бұл. Салтымызда дәл осы соғымның айналасында да талай-талай жөн-жоралғы бар екен. Жақында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданына қарасты Мерей ауылдық округінде «соғымбасы» деген шараға қатысып, елдің лебізін тыңдап қайттық.

Соғымбасы – көне дәстүр

«Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген» деп аталған шараны ұйымдастырған – Мерей ауылдық округіндегі Nur Otan бастауыш партия ұйымы екен. Тасқала аудандық ардагерлер кеңесі мен Мерей ауылдық ақсақалдар кеңесі мүшелері – алдыңғы толқын ақсақалдар атсалысқан жұмыстың ғибраты мен маңызы сезіліп тұрды. Мерейге алыс-жақыннан ауданның барлық 9 округі әкімдері, ауылдық ақсақалдар кеңесі мүшелері түгел жиналғанынан-ақ ұйым­дастырушылардың бұл шараға ерекше мән бергенін байқадық. Мейман­дар әуелі ауылдық мешітке жиналып, амандық-саулық сұрасты.

Әлі жеткен әркім де соғым союды білгенімен, оның дәстүрлі жөн-жоралғысын біле бермейді. Әсіресе осындай көпшілік жиналған жерде ішімдік ілесе кететіні бар. Соғымға сойы­латын малды сұлатып салып тұрып, «бауыздарлық» деген желеумен қасапшы жігіттер бір бөтелкені қылдай бөлісіп алатыны жасырын емес. Бұл кешегі жетпіс жылда жұққан «советтік салт» деседі. Қуанарлығы, Тасқала жұрты бұл жаман әдеттен арыла бастапты.

Сонымен «соғымбасы» шарасы да басталды. Сойысқа арналған мал құбылаға қарата жығылып, аяғы байланған соң Тасқала ауданының имамы Айдын Ибрашев дұға оқып, бата қайырды. Сол жерде жиналған үлкендер алақан жайып бет сипап, «Қайырлы соғым болсын!», «Игілікке жегізсін!», «Соғым сүйкімді болсын!» десті. Әрі қарай әлекедей жаланған жас жігіттер малды адал бауыздап, жәукемдеп ала жөнелді.

– Соғым деген – бір әулеттің, бір шаңырақтың қыс бойы жейтін азығы, ақ адал асы ғой. Оны шариғат шартымен сойып, таза күйінде ішіп-жегенге не жетсін! Сондықтан мұндай жерге арақ-шарап, харам нәрсе араласпағаны өте маңызды. Қазақ «Ауру – астан» дейді, ішер астың психологиялық жағынан да таза болуы, жақсы көңіл күймен дайын­далуы ағзаға әсер ететінін қазіргі медицина да мойындайды. Сондықтан соғым шарасын ұлттық дәстүрмен байланыстырып, осындай мағыналы жиын өткізіп жатқан мерейліктерге көп рахмет! – деді осы шараға Бәйтерек ауданынан арнайы шақырылған «Асан» мешітінің имамы, өлкетанушы ғалым Мұратбек қажы Жахатов.

Соғым батасынан кейін меймандар Мерей ауылдық орта мектебінің акт залында бас қосып, «Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген» атты этнографиялық семинар-кеңесте өз ойларын ортаға салды. Бір тәуірі, тоқсан сайын аудан ақсақалдары түрлі мәселемен бас қосып, жиналып отыруы Тасқалада дәстүрге айналған екен. Мерей ауылында өткен жиынның басты тақырыбы соғым сою дәстүрі болғанымен, қазақтың әдет-ғұр­пы әманда бір-бірімен жалғасып жата­ды ғой, әңгіме ауқымы кең болды. Кеңеске қатысқан Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Арсен Баяндықов аудан аумағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған шаралар туралы айтса, аудандық ішкі сая­сат бөлімінің басшысы Думан Ғазез Алтайдан Атырауға дейін созылған қазақ даласының әр жеріндегі салттардың ұқсастығы мен айырмашылығын сөз етті. Мұратбек қажы Жахатов сөз арасында халқымыздың төрт түлік малға құрметі туралы айтып, сояр малдың көзінше пышақ қайралмайтынын, хайуанды азаптауға, қинауға болмайтынын, тағы басқа да тиымдарды еске салды. Тасқала аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақтығұл Тасмағамбетов халқымыздың сан ғасырлық мәдениеті мен салтынан туған осындай өмір тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жалғау – ақсақалдардың міндет-парызы екенін жеткізді. Ауыл мектебінің директоры, тарихшы Артур Дүйсенов те аға буынның шараның соңы соғымнан ауыз тию – соғым қуырдақ дастарқанына жалғасты. Мерей ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков мұрындық болған мәнді шараның маңызын осы жиынға қатысқан ақсақалдар Тасқаладағы барша ауылға таратамыз деп тарқасты.

Батыс Қазақстан облысы