Руханият • 13 Қаңтар, 2020

Басылымнан асқан байлық бар ма?

271 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жадымыздан өше бастаған құнды жәдігерлерді түгендеп, ел руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген тұлғалар аз емес. Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің мамандары жақында Петропавл қаласында тұратын коллекционер Михаил Ситниковтің жеке қорынан 24 басылымның 1238 данасын тауып, сараптама жасады. Олардың дені Ақмола, Қызылжар, сондай-ақ Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында жарық көрген басылымдар. Солтүстікқазақстандық коллекцио­нер бұл туралы әуелі әлеуметтік желі арқылы хабар таратып, газет тігінділерін бір миллион теңгеге бағалайтынын жеткізген.

Басылымнан асқан байлық бар ма?

Өткенге құрмет көрсетілмей, келешектің кемесі алға жүзбесі анық. Біздің елімізде коллекция жинауды әлі де болса еріккеннің ермегі деп түсінетіндер бар. Соңғы уақытта кейде мұны жеке басының пайдасы үшін кәсіпке айналдырып алғандар көбейді деген пікірлер алға тартылып қалып жатады. Қалай десек те, тарихи жәдігерлерді көз қарашығындай сақтап, көне дәуірдің шынайы үнін келешек ұрпаққа жеткізуде олардың атқарып отырған толайым еңбегін жоққа шығару әсте мүмкін емес. Қалалық архив мамандарының айтуы бойынша, қызылжарлық коллекционердің архив қорына өткізгелі отырған жәдігері сондай баға жетпес асыл мұраға жатады. Бұл жаңалықтың елді елең еткізер тағы бір тұсы – Қызылжар қаласында басылған «Бостандық туы» газетінің 1927 жылғы 7 нөмірі сақталған дейді. Мемлекеттік мұрағат қорындағы Мағжан Жұмабаевтың «Бостан­дық туы» газетінің редакция алқасының мүшесі екендігін және арнайы тамақ үлесін ал­май­тындығын айғақтайтын №727 анықтама-куәлік, Қазақ Ав­то­номиясы құрамындағы Ақ­­мола губерниясының ор­талығы Петропавл қаласы бо­лып белгіленгеннен кейін гу­берниялық «Бостандық туы» газетінің Омбыдан Қызылжарға көшірілгені туралы мағлұматтар енді міне, басқа да тың деректермен толыға түсуде. Жеке қор иесінің қолында мұнымен қатар Петропавл қаласында шыққан, губерниялық «Мир труда» газетінің 1921 жылғы – 88, осы басылымның 1921,1923 жылдары Ақмолада жарық көрген – 60, Омбының «Сибирский Вест­ник» газетінің 1918 жылғы – 15, Петропавлдың «Приишимье» газе­тінің 1916 жылғы – 1, «Ле­нин туының» 1944 жылғы – 1, Ақмоланың «Наша деревня» газетінің 1926 жылғы – 31, Петро­павлдың «Наша деревня» газетінің 1926, 1927 жылдарғы – 47, Омбының «Советский Си­бирінің» 1921 жылғы – 18, Петропавлдың «Ишимский край» газетінің 1912, 1913 жылдарғы – 9, «Степная звезданың» 1926, 1927 жылдарғы – 93, Омбының «Степной крайының» 1897 жылғы, Орынбордың «Степная правда» газетінің 1923 жылғы, Петропавлдың «Юный степняк» газетінің 1923 жылғы нөмірлері, «Советская степь» газетінің Орынбордағы 1924 жылғы – 120, Қызылордадағы 1927, 1929 жылдарғы – 158, Алматыдағы 1929, 1930, 1931 жылдарғы – 47, Петропавлдың «Смычка» газе­тінің 1927, 1930 жылдарғы – 232, Омбының «Акмолинские ведомостиінің» 1915 жылғы 11 саны сақталып келген. Мерзімді басылымдардың ең көнесі – «Акмолинские областные ведомости» газеті. Омбыда 1871-1917 жылдары басында айына екі рет, ал 1880 жылдан бастап күн сайын шығып тұрған. Коллекционер қорында мұның 1884 жылғы бір ғана данасы сақталыпты. Сонымен қатар Мәскеу мен Санкт-Петербургтің «Биржевые ведомости» (1898 ж), «Русские ведомости» (1901 ж), «Рабочая газета» (1923 ж), «Постройка» (1927 ж), «Вестник путей сообщения» (1926 ж), «Крестьянская газета» (1929 ж), «Красная звезда» (1929 ж) газеттерін архив қорына енгізу жоспарлануда. Бұдан бір ғасыр бұрын жарық көрген, кезінде қоғамдық ой-пікірді қалыптастыруға, жекелеген әлеуметтік топтардың дүниетанымы мен көңіл күйіне ықпал еткен, экономикалық және мәдени ахуалдан елді хабардар етіп отырған бұл басылымдар мемлекеттік архивтің қорын толықтырумен қатар, журналис­тика факультеттерінде отандық және шетел баспасөзінің тарихын тереңдетіп оқытуда, зерт­теуші-мамандарды тартуда маңызы зор үлкен олжа деп санаймыз. Еліміздің солтүстік өңірінің тарихы мен мәдениетін танып-білуде айтарлықтай рөл атқаратын экспонаттар тұлғалар еңбегін өскелең ұрпаққа өнеге етумен бірге тәлім-тағылымын да қоса дәріптейтін тәрбие құралы болып қала бермек.

Тарих беттерінен рухани құн­дылыққа деген мұндай шек­сіз құрметті көптеп кездес­ті­ресіз. Мысалы, Хавьер есім­ді италиялық азамат «Дон Кихот­тың» 99 тілдегі аудармасын жинапты. Сервантестің туындысын қазақшалаған Құрманғазы Мұстафинді Қазақстан Жазу­шылар одағы арқылы іздеп тауы­п жүруінің өзі оның түбі тегін адам емес екенін аңғартады. Ар­ғы-бергі тарихқа үңілсек, осы тақы­леттес мысалдар жетіп артылады. Франция королі Людовик XIV сирек кездесетін тиындарды жинаумен айналысса, Рим императоры Юлий Цезарь Августың топтамасы күміс пен алтыннан жасалған көшірме тиындарымен ерекшеленетіні тарихтан мәлім. Ал Американың президенттері Томас Джефферсон, Рональд Рейган, Франклин Рузвельт бар­ған жерлерінен көне тиындарды жинап жүруді айнымас дәстүрге айналдырыпты. Михаил Ситниковтің әріптестерінен ерекшелігі – рухани байлықты қол жетпес биіктен емес, тө­мен­нен іздеуінде. Мұншама мол газет архивтерде арнайы қойма залдарында сақталады.

Бұл кісі мынадай байтақ бай­­лыққа қалай ие болып жүр, бұларды бір өзі қайтіп сақ­та­ған?

Қолымыздағы ен байлықты көбіміз кейде аңғара бермейтініміз рас. Ескірген, көнерген заттан тезірек құтылғымыз келіп тұ­рады. Жылдар жылжи келе ол баға жетпес байлыққа бағала­натыны қаперімізге кіріп-шық­пауы мүмкін. Сол сияқты, әлгі газет тігінділерін ол қоқыс жә­шікке лақтырылған жерінен тауып алады. «Апыр-ай, кімнің көзі қиып тастайды мынадай асыл қазынаны?» деп жалма-жан буы­лып-түйілген газеттердің сарғайған беттерін ашып көре бастайды. Алғашқыда өз көзіне өзі сенбейді. Ішінде 1884, 1897 жылдары жарық көрген газеттер жүр. Мұндай сорақылық болар ма? Тарихты қоқысқа тастасаң, өзіңе де келер ұрпақ соны істемей ме? Алайда, сананы компьютер билеп, араны интернет жалғаған заманда адамдардың тағылық әрекетіне таңғалудың еш қажеті жоқ. Ең бастысы, рухани мұра хал­қымен қайта қауышқалы жатыр. Қуаныштымыз.