Желтоқсан көтерілісі құрбандары құрметіне елімізде қаншама кітап жазылып, қаншама ескерткіш орнатылды. Солардың бірі – Зайсан қаласындағы Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейі мен қалалық аурухананың аралығында орналасқан саябақтағы «Халық Қаһарманы»,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
Еркек тоқты құрбандық,
Атам десең атыңдар, – деп соңына сөз қалдырған қазақтың қайсар ұлы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші.
Өкінішке қарай, ескерткіштің қазіргі жағдайы мәз емес. Тұғыры мүжіліп, төселген плита тастары сынып, шашылып жатыр. Ескерткіш тұғырының шетіндегі қара бояумен жазылған «А» әрпі де сол қалпы тұр. Бір қызығы, қызығы емес-ау, шыжығы, жақында ел көлемінде аталып өткен Тәуелсіздік мерекесінде Зайсан ауданының әкімдігі, Ішкі саясат бөлімі өздерінше осы олқылықты қалпына келтірмек болды... Опырылған плита тастарды үлкен кілемдерді жайып жасырса, ескерткіштің тағанындағы қара бояумен жазылған «А» әрпін гүл шоғымен жауып, іс-шараны өткерді.
Еркебұлан ЗАҒЫПАРОВ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы