Қазақстан • 13 Қаңтар, 2020

Сиднейде мурал салып жүр

420 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жанна Батырқұлова – Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Оқу орнының көркемсурет факультетін бітірген. Қазір Аустралияның астанасы Сидней қаласында тұрады. Бір сөзбен айтқанда, жайлы жер, жақсы жалақы іздеп дүние кезген бүгінгі қазақ жастарының легіндегі көптің бірі.

Сиднейде мурал салып жүр

Жанна Алмаханқызы Жер шарының бір қиырындағы қалада «ә» дегеннен өз ма­мандығына сәйкес лайықты қызмет таппаған. Алайда, кешкілік дәріс сабағына қа­тыса жүріп, ағылшын тілі­нің толыққанды мұғалімі ма­мандығын меңгеріп алыпты. Бүгінде Сиднейдегі Ағылшын орталығында ағылшын тілінен сабақ береді. Негізгі кәсібі суретшіліктен де қол үзбеген. Қала әкімшілігінің 2015 жылғы ұйымдастырған му­рал салу байқауына қатыс­ты, одан таяуда сол байқау­дың қорытындысына сай жеңім­паз атанып, жүлде алды. Қала басшылығы қазақ қызы­ның жобаға іліккен таң­даулы суреттерін жарыққа шығаруға рұхсат беріпті. Ол – Ж.Батырқұлованың «Вело­сипедші» («Cуclist») му­ралы. Қазір Аустралия аста­насындағы бағдаршамның көп­теген желілік үйшіктері Жанна Ал­маханқызының «вело­сипед­шісімен» көркем­делген.

– Сиднейде Алматыдағы се­кілді көпқабатты үйлерге ер­кін түрде мурал салуға рұқ­­­­сат жоқ. Дегенмен сол бай­­қау­дан соң арнайы комис­сия­­ның шешіміне орай мен бір қабатты үлкен кеңсенің қабырғасына «Жаз» атты шы­ғармамды салуға келісім алдым, – дейді ол.

Алматыда қақаған қыс, Сиднейде нағыз жаз ортасы. Термометр шәкілі +38 градус­тан төмен түсер емес. Оған Сам­бера аймағы жағындағы алапат өрттің ыстық лебі ұрып тұрғаны  және бар. Соған қа­рамастан Ж.Батырқұлова күні кеше қабырғадағы шы­ғармасын ойдағыдай жазып бітті.

Ол өзі туып-өскен Алма­тыда өткен жылы жаз ортасында «MURAL FEST» байқауының басталғанын, биыл оған Франция мен Гер­маниядан, Ис­паниядан, Португалиядан, Филиппин мен Гонконгтан стрит-арт суретшілердің келе­тінін біле­ді. Әрине интернет арқылы хабардар. Арманы – алақанын ысқалап сол байқауға қатысу. Амал нешік – жол алыс, қол қысқа.

– Қала әкімдігі тағы бір­неше авторлық муралымды тиісті нысандарға салуға рұқ­сат етсе, Алматыма құстай ұшып баратын күн алыс емес, – дейді  Сиднейде тұратын қазақ қызы.

 

АЛМАТЫ

 

Сурет Жанна Батыр­құлованың жеке желі парақ­шасынан алынды