Қоғам • 13 Қаңтар, 2020

Бұл не деген масқара?!

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының кезінде қиырдағы ауыл-ауылдарда заңсыздықтың мысалы ретінде бір қағытпа сөз жиі айтылатын-ды. Қысқаша мазмұны мынадай. «Заң Мәскеуде қабылданады. Оның орындалуы ел астанасында біршама тәуір. Ал заң одақтық республикаларда жартылай ғана орындалады. Облыс орталығында шала-жансар күйінде қабылданады. Одан ауданға, шалғай ауылға жетем дегенше Мәскеуде қабылданған заңның пәрмені діңкелеп қалады»...

Бұл не деген масқара?!

Құдайға шүкір, бүгінде өзіміз ауыз толтырып айта беретін тәуелсіз елміз. Елдің нақ ортасындағы қабылданған шешімнің сағызша созылып, күшін әлсірететін де жөні жоқ. Оған қоса астанада қабылданған қаулының интернет атаулыдан мақұрым дейтін шалғайдағы ауылдарға кешігіп жеткеніне түсінікпен қарауға болар. Ал елорданың іргесіндегі Ақмола облысы, Ерейментау ауданы әкімдігінің қызметкерлері Қазақстан Президентінің 28 желтоқсанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялап, еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма бергенінен бейхабар болғаны ма?

Олай дейтініміз қалың жұрт қабырғасы қайысып, Алматыда ұшақ апатынан қазақ болған жандарды аза тұтып жатқанда, Ерейментау ауданының атқамінерлері алдына ала тапсырыс беріп қойған жаңажылдық кешті думандатып өткізіпті. Қысқасы, Мемлекет басшысының тапсырмасы мен халықтың басына түскен қайғыны ерейментаулық шенеуніктер осылайша «тойлатыпты».

Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов болса сол кеште әйелімен бірге «туған күнде» болғанын айтады. «Бір туыстардың туған күнінде болдық. Мен кірдім де, шықтым, бір туысымның... несіне... жолдасыммен. Беретінімді беріп, құттықтап шықтым», – деді Абай Әлжанов.

Қалай болғанда да, аудан әкімінің «құттықтап шыққаны» аза тұту күні ойын-сауық кештің болғанын айғақтайды. Сонда бүкіл тоғызыншы территория аумағында, Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, барлық ойын-сауық шаралары тоқтатылып жатқанда, Ерейментау ауданындағы «құттықтауды» қалай бағалауға болады?