Күн тәртібінде Қарағанды қаласындағы 10 көшенің атауын ауыстыру мәселесі қаралды. Оның ішінде қаладағы басты көшелердің бірі – атышулы Ленин көшесі де бар еді. Сонымен қатар, бұл тізімге Приканальная, Кривогуза, Защитная, Зональная, Олимпийская, Волочаевская, Кувская, Аманжолов сынды көшелер де кірген болатын.
Жиын барысында зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері және көше атауларын өзгертуге қарсы топтың мүшелері де сөз алып, пікір таластырды. Атап айтқанда, белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы, қоғам белсендісі Айтқожа Фазыл, тарихшы Зәуреш Сақтағанова өзгерістердің уақыт талабы екенін, енді кібіртіктеудің еш қажеті жоқтығын әргі-бергі тарихтан мысалдар келтіре отырып көпшілікке жеткізді.
Пікірталас кезінде «Көше атауларын ауыстыруға қыруар ақша жұмсағанша, сол қаржыны қаланың кем-кетігін түзеуге жұмсаса болмас па еді?», деген сыңайдағы қарсы пікір айқандар да болды. Мұндай пікір иелеріне қарата белгілі кәсіпкер, «Нәтиже» сүт компаниясының басшысы Ерлан Әшім атауларды ауыстыруға кететін шығынның бәрін өзі басқаратын кәсіпорынның көтеріп алуға дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен, қоғамдық тыңдауға жиылған қарағандылықтар өзгерістерді қолдап, Ленин көшесінің – Абай Құнанбайұлы, Приканальная көшесінің – Сарыарқа, Кривогуза көшесінің – Қасым Аманжолов, Защитная көшесінің – Григорий Потанин, Зональная көшесінің – Александр Затаевич, Олимпийская көшесінің – Нарманбет Төлепов, Волочаевская көшесінің – Камали Дүйсембеков, Кувская көшесінің – Қазыбек Нұржанов, Аманжолов көшесінің – Балқантау және Нұржанов көшесінің Мерей көшесі болып ауыстырылуына бірауыздан дауыс берді.
Қоғамдық тыңдауды жүргізген Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, жиын хаттамасы қалалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қаралып, арнайы шешім қабылдануы тиіс. Одан әрі ол шешім Қарағанды облыстық мәслихатының сессиясы мен облыстық ономастика комиссиясында бекітіледі. Бекітілген шешім республикалық комиссияның қарауына жіберіліп, ол жақтан келісім келген жағдайда, қорытынды құжат БАҚ-тарда жарияланады. Яғни, мұның бәріне уақыт керек болады. Қалалық мәслихаттың хатшысы қанша уақыт қажет болатынын нақты айта алмаса да, бұл үдерістің мамыр айына дейін созылуы мүмкін деген пікір білдірді.