Былтыр жыл соңында от жағып, күл шығару бейнетінен құтылған ауылдар – Талдыапан ауылдық округіне қарасты Талдыапан, Қособа, Қайшақұдық, Сарықұдық және Қараөзен ауылдық округіне қарасты Серік ауылдары. Оған Көмекші, Көктерек, Оразғали, Жұлдыз ауылдары да қосылмақ. Бұған қоса, Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық, Бейістерек ауылдарына да газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Таяу болашақта Көпкүтір, Аққурай, Хайруш, Саралжын, Қызылту, Қаракөл, Сексенбаев, Мереке, Сатыбалды, Ащысай, Жас, Танат, Әбіш, Еламан секілді шағын елді мекендерге көгілдір отын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайын тұр екен. Бұл жұмыстар жүзеге асқан жағдайда аудан халқы түгелге жуық табиғи отынмен қамтылады.
– 28 жыл ішінде еліміздің экономикасы нығайып, халықтың әл-ауқаты артты. Мұның барлығы сіз бен біздің ортақ істеріміздің нәтижесі, – деді тұрғындардың қуанышына ортақтасқан Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев.
Ауданда «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 489 млн 227 мың теңге қаржыға 105,1 шақырым желі іске қосылған. Бұл жұмыстарды «ӘлиСервис», «ГазГид» мекемелері сапалы атқарған.
Алақандай ауылымызға табиғи газ келіп, мәре-сәре болып қуанып жатырмыз. Міне, азаттық туы желбіреген бейбіт елдің ертеңі дәл осылай сәт сайын гүлдене беруі керек, – дейді Серік ауылының тұрғыны Қымбат Абдрахманова.
Батыс Қазақстан облысы