Саясат • 15 Қаңтар, 2020

Өндірісті өңірде болды

134 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров, сондай-ақ сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов депутаттардың аймақтарға сапары аясында Қарағанды облысында болды.

Өндірісті өңірде болды

Парламент жоғарғы палатасының депутаттары «АрселорМитталТеміртау» АҚ-тың негізгі объектілерінде,  атап айтқанда, №3 домна пешінде және №1 жалпақ темір цехында болған кезде кәсіпорын қызметімен және жұмысшылардың еңбек жағдайымен танысты.

Кәсіпорын басшылығымен және кәсіподақ ұйымының өкілдерімен мазмұнды әңгіме өрістеді. Жүздесу кезінде  еңбек қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, өндіріс қуаттылығын жаң­ғырту, еңбекшілердің мүдделерін ілгеріле­тудегі кәсіби одақтардың рөлін нығайту мәсе­лелері талқыланды.

Сенат депутаттары халықтың әл-ауқаты қоршаған ортаға тығыз байланысты екеніне және зиянды шығарындыларды азайту жө­ніндегі қазіргі заманғы технологияларды енгізу бойынша Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген шараларды қабылдау қажеттігіне кәсіпорын басшылығының назарын аударды.

Тұтастай алғанда, кәсіпорынды орнықты даму траекториясына шығару, өндіріс өл­шемдері мен бәсекеге қабілеттілігін жақсарту, Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру жөніндегі тиісті шараларды қабылдау мәселелері сенаторлар сапарының нәтижесі бойынша «АрселорМитталТеміртау» АҚ жұмысының негізгі басымдығы ретінде айқындалды.

Депутаттар сондай-ақ Қарағанды меди­циналық университетінің клиникалық базасы – №1 көпсалалы ауруханасында болып, стационар жағдайында медициналық қызметтер көрсетудің мультидисциплинарлық жүйесімен танысты, тұтастай алғанда өңірдегі клиникалық мамандық кадрларымен қамтамасыз ету деңгейіне, денсаулық сақтаудағы көпсалалы мекемелердің техникалық жабдықталуына назар аударды.

Аурухана қызметкерлерімен және уни­вер­ситеттің профессор-оқытушылар құра­мымен кездесу барысында мемлекет қа­былдап жатқан мамандандырылған меди­циналық көмекті алуға қолжетімділік жөнін­дегі шаралар, атап айтқанда, Қазақстан Рес­публикасының 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шаралар талқыланды.

Кездесу барысында 2020 жылғы 1 қаңтар­дан бастап күшіне енетін міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру жөніндегі заңна­мадағы жаңалықтарды талқылауға ерекше мән берілді. Өткен жылғы қыркүйектен бас­тап Қарағанды облысының медициналық ұйым­дарында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қанатқақты байқау жасалды. Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің нәтижелері депу­таттарға көрсетілді.

Жұмыс сапары еліміздің Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қара­ғанды академиясында одан әрі жалғасты. Оқу орнының басшылығымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу барысында құқық қорғау жүйесіне реформа жүргізу, оған сәйкес «Ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша жол картасын» қабылдау жөнінде пікір алмасылды.

Кездесуге қатысушылар полицияны мем­ле­кеттің қарулы құралынан азаматтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге арналған, қызмет көрсететін органға айналдыру жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттің аясында басымдыққа ие мәселелерді талқылады.

Депутаттар өз сөздерінде қылмыстық, қыл­мыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша маңызды заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізу;  жеке адам құқықтарын қорғауды күшейту; қылмыстық процесс пен жазаларды орындау жүйесін одан әрі ізгілендіру және жазалауды азайту туралы айтты.

 

Қарағанды облысы