Аймақтар • 15 Қаңтар, 2020

Жеткен жеріміздің түрі осы болғаны ма?!

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Абай атамыздың атын алған көше қысқа, үзік-үзік, бірнеше жерден үзіліп барып, басқа көшелермен қиылысады. Көшенің тіпті қай жерден басталып, қай жерден аяқталатыны да белгісіз.

Жеткен жеріміздің түрі осы болғаны ма?!

Ал енді жаңадан ашылған көтерме бөлшек-сауда орта­лы­ғына Абайдың есімін бергендер былай деп ойлапты: бұрын бұл көше бойы азан-қазан саудасы қызған базар болған еді.

Сөйтіп Абай атындағы кө­шенің бұрынғы сауда-сат­тық көшесіне айналған ата­ғын қайтадан қайтарғылары келіпті.

– Жаңа орталықта азық-түліктер сапалы, баға­лары қол­­­жетімді. Жалға алу­шы­­­ларға қойылатын талап – өнім­нің бағасы мен са­па­сы. Сауда нүк­тесі өнді­ру­­шілермен, шаруа қо­жа­лық­тарымен, көтерме сауда орындарымен тікелей жұ­мыс істейді. Орталықта қала­дағы әлеуметтік базарлар мен жәрмеңкелер деңгейінде ба­ғалар сақталады. Көтерме сауда мен бөлшек сауданың бағасы өзгермей бірдей болады, – дейді қалалық кәсіп­керлік бөлімінің мамандары.

Қалалық әкімдік, кәсіп­керлік бөлімі көтерме бөлшек-сау­да орталығына ұлы Абай­­дың есімін бергендеріне тіпті селт етпейтін де, ұял­май­тын да секілді.

Ал күні кеше қалалық әкім­дікте облыс орталығын көріктендіру жұмыстары туралы мәселелер талқыланды.

Абайдың 175 жылдығына орай облыс орталығында ақын­ның аты берілген елеусіздеу қалған көше толық абаттандырылып, көріктендірілмек.

– Көше бойында орна­ласқан жер үйлердің сыртқы келбетіне де мән беру керек. Тұрғындар өз үйлерінің қақ­пасы, қоршауы, шатырларын жөндеулері қажет. Абай кө­шесін көріктендіру бойынша нақты тұжырым жасалсын, – деді қала әкіміне облыс әкімі Болат Бақауов.

Бұл тұжырым – Абайдың есімін көтерме-бөлшек сауда орталығына берген қалалық әкімдікке де ой тастар.

 

ПАВЛОДАР