Оның ішінде прокуратураның араласуымен ғана мыңнан астам жұмысшының еңбек дауы шешімін тауыпты. Ал еңбекақы қарызына қатысты өтелген қаржы көлемі 150 млн теңгені құрады. Бұл деректер прокуратураның 2019 жылды қорытындылаған алқа мәжілісінде жария болды. Облыс прокуроры Азамат Жылыбаевтың айтуынша, өткен жылы аймақтағы қылмыс жағдайы тұрақты деңгейде болған. Жалпы, құқық бұзушылық сипаты 22,2 пайызға азайып, жыл басынан бері 21 528 оқиға тіркелген.
– Адам құқығы мен заңның сақталуын қадағалау мақсатында жүргізілген істер әділеттің орнауы мен құқық бұзушылықтың алдын алуда өз жемісін беріп келеді. Мәселен, өткен жылы прокурорлардың араласуымен 72 адамға қатысты шығарылған сот шешімі қайта қаралып, заң мәртебесі үстемдік құрды. Нәтижесінде 34 адамның құқығы қорғалды. Қадағалаудың арқасында облыс көлемінде уақытша ұс- талған 30 адамға қатысты іс тоқтатылып, заңсыз қамалған 40 адам ақталды, – дейді облыс прокуроры Азамат Жылқыбаев.
Жалпы, прокуратураның есепке алу-тіркеу тәртібі бойынша жүргізілген тексеруінің нәтижесінде 64 қылмыстық құқық бұзушылық есепке алынған екен. Әсіресе, қадағалау актісі негізінде тұрғындарды ауыз сумен, табиғи газбен, электр энергиясымен және жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша уақытша өтемдік тарифтер енгізіліп, 306 мың адамның құқығы қорғалған. Сондай-ақ қадағалаушы органның тексеруінен кейін жалпы аумағы 48,1 мың гектар болатын пайдаланылмаған жер телімі анықталып, мемлекетке қайтарылды. Атқару өндірісі бойынша да берешек тұлғалардан 920,3 млн теңге қарыз өндірілген. Облыстық прокуратураның ықпал етуінен кейін заң бұзған 2 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына өндірілген ақшалай кірістің жалпы көлемі 1 млрд теңгеге жеткен екен.
Айтпақшы, облыс прокуратурасы өңірдегі өтелмеген айыппұл көлемінің азаймай отырғанына алаңдаулы. Мәселен, 2018 жылы атқарушы өндіріс бойынша қарыз сомасы 6,5 млрд теңгеге жетсе, 2019 жылы бұл көрсеткіштің 19 пайызы ғана өндірілген екен. Яғни, арғы жылдардың берешегін өндіріп алу ісі биыл да жалғасады. Өйткені жаңа жылға өткен қарыз көлемі 6,4 млрд теңгені құрайды. Мамандар айыппұл қарызының жыл сайын өсуіне азаматтардың жеке жауапкершілігінің төмендігі мен сот орындаушылардың жеткілікті жұмыс істемеуі себеп болып отыр деген пікірде.
Жалпы, айыппұл қарызымен негізінен жеке сот орындаушылары айналысуы тиіс екен. Алайда, 2011 жылдан бері жүйеге енгізілген жеке сот орындаушылар қызметі бұл сенімді ақтап отырған жоқ. Тіпті атқару ісі бойынша борышкерге қатысты қатаң шараларды қасақана жүзеге асырмау деректері де кездесуде. Тексеру нәтижесінде сот орындаушылардың 1 500 атқару парағы бойынша іс қозғаудан заңсыз бас тартқаны анықталған. Негізінен бұл жағдай көлік салығын төлеуден жалтарғандарға қатысты болған. Борышкердің көлігі мен мүлкіне қатысты бұғаттау шарасына қатысты көзжұма қараған 406 оқиға тіркелді.
Сондай-ақ сот шешімімен салық қарызын өтемеген тұлғалардың шетелге шығуына қойылған тосқауыл шаралары дер кезінде атқарылмай отыр. Мысалға, өткен жылы 74 000 борышкерге қатысты шешім орындалмай, мемлекетке қарыз адамдар ел шекарасын еш кедергісіз кесіп өткен екен.
Алматы облысы