Ал музейге кіреберісте сізді Мұз дәуірінде тіршілік еткен мамонттың көшірме алып қаңқасы қарсы алады.
Археологиялық экспонаттардың көбі шынайы, көне замандағы бизон мен бұғының қаңқасы да келушілерді таңғалдырады.
Музей залдарындағы шынайы археологиялық және табиғи экспонаттар заманауи мультимедиялық технологиялар арқылы ерекше әсер береді.
Мұнда 9 экспозициялық зал, реставрациялық зертхана, «Gloss Vision» атты виртуалды киім өлшеу алаңы, жерлес ғалымдарға арналған бөлімдер бар. Электронды-цифрлы үлгідегі тарихи ақпараттар үш тілде берілген.
Бұдан әрі қарай аралап жүріп, Мұз дәуірінің ландшафты, Кереку өңірінің табиғи бай флорасы мен фаунасының эволюциясы, «Қазқонақ» табиғи ескерткішін мекен еткен түрлі құстың жасанды түрін көресіз.
Келушілерді көптеген инсталляция – үлкен мүйізді бұғы сүйектері, мамонттар, бизондар, тарих, геология, археология бойынша әртүрлі дәуірдің заттары қызықтырады.
Айтпақшы, өңірде жұмыс сапарында жүрген Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина да музейді аралап шығып, таңғалыпты.
Музей директоры Гүлнәр Нұрахметованың айтуынша, музейді құру үшін әлемнің тарихи-жаратылыстану музейлерінің үлгісін пайдаланған. Ресейдегі жаңашылдықтармен танысып, жергілікті ғалымдар пікірлерін тыңдаған. Қазір 300-ден аса экспонат сақтаулы.
Жаңа музей жалпы, ежелгі дүние тарихы, көшпелілер өркениеті, этнографиялық бағытта құрылған. Көне жәдігерлер мен мультимедиялық контент заманауи музейлік кешенді жасауға мүмкіндік берді.
Мысалы, Көшпелілер өркениеті интерактивті алаң ретінде жасалған. Бұл жерде әркім ежелгі адамға айналып, ыдыс немесе үй жиһазын жасап, қола немесе темірден жебенің ұшын құйып көруі мүмкін.
Музей Ертіс өзені жағалауында орналасқан, рухани нысанның ашылуына облыс әкімдігі бастама жасаса, ERG компаниясы демеушілік көрсетті.
Павлодар