Қазақстан • 16 Қаңтар, 2020

Президенттік жастар кадр резервіне БҚО-дан 3 адам енген

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу жарияланған 4 ай ішінде Батыс Қазақстан облысынан 200-дей адам байқауда бағын сынап, іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен 3 үміткер резервке енгізілген. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев мәлімдеді.

Президенттік жастар кадр резервіне БҚО-дан 3 адам енген

Ақ Жайық өңірінен таңдаулылар қатарына енген азаматтар – Батыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансер директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Ажғалиев Тимур Рапхатұлы, Батыс Қазақстан облысы Ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Нұртазаев Сәкен Рүстемұлы және шетелдік компанияның бас инженері Тәжекенов Миржан Амангелдіұлы.

Жалпы, өңірде жастардың кәсіби біліктілігін арттыру, білімге ұмтылысын қолдау жақсы жолға қойылған.

- 2019 жылы Жастар жылы аясында жастарға қолдау көрсету мақсатында «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебі жаңа форматта жұмысын жалғастырды. Облыстағы әрбір жоғары оқу орнында топтар ашылып, 80-ге жуық тыңдаушы тіркелді, сонымен қатар мектепке «Жастар практикасын» өтіп жүрген түлектер де енгізілді. Дәрістер мен тренингтерді мемлекеттік және құқық қорғау органдары мамандары мен филиал оқытушылары жүргізді.Тыңдаушылар қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтеді. Оқыту соңында тыңдаушыларға серитфикаттар беріледі, деді Ғалым Сұлтанұлы.

«Президенттік жастар кадр резервіне облыстан үш-ақ адамның өтуі – өңірдегі жас кадрлардың біліктілік деңгейі төмендігін көрсетпей ме?» деген сауалымызға Ғалым Тұрсынбаев халық санына шаққанда қалыпты жағдай екендігін айтты. Жалпы, іріктелген 300 жас маманның ішінде 7 адам – Батыс Қазақстан облысында туған екен. Резервке өңірлер арасынан ең көп адам Нұр-Сұлтан қаласынан өткен.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, Батыс Қазақстан облысында 2019 жылдың 1 желтоқсанында 656,6 мың халық тұрған. Бұл - республика халқының 3,5 пайызы.