Аймақтар • 16 Қаңтар, 2020

Алматы облысында кәсіпкерге жасалған қарулы шабуыл өтірік болып шықты

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еңбекшіқазақ ауданның полициясына жеке кәсіпкер шағымданып, өзіне белгісіз адамдардың қарулы шабуыл жасағаны жайында мәлімдеген болатын.

Алматы облысында кәсіпкерге жасалған қарулы шабуыл өтірік болып шықты

Арызданушының айтуынша, оқиға 10 қаңтар күні, апақ-сапақта болған. Ресей нөмірін таққан көліктен түскен 2 қылмыскер кәсіпкерді қыспаққа алып, қару кезенген. Осылайша қарулы рэкет кәсіпкердің қолындағы 13 млн теңгесін тартып алып кеткен. Шағым бойынша аудандық полицияның жедел тобы іске кірісіп, қылмыскерлерді анықтау жұмысы басталған. Алайда, кәсіби із кесушілер әрекеті бірден тұйыққа тіреліп, бұл істе шикілік бары білінген екен. Аумақтағы тексеру жұмысына жұмылған тәртіп сақшылары шағымданушы көрсеткен көлікті де таппаған.

Ал қайта пысықтау кезінде шағымданушы өзіне жасалған шабуылдың жалған екенін, ол мұны қарыз алған адамдардан құтылу үшін ойдан шығарғанын мойындапты. Енді жалған мәлімет беріп, құқық қорғау қызметкерлерін әуре-сарсаңға салғаны үшін кәсіпкер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.