Қоғам • 17 Қаңтар, 2020

Оқушылар – Олимпиада жүлдегерлері

537 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық «Ертіс дарыны» қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметінше, 8-14 қаңтар аралығында Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде өткен ХVI халықаралық Жәутіков олимпиадасына әлемнің 21 елінен 599 қатысушы келіп, Павлодар облыстық командасы 1 алтын, 4 күміс және 2 қола медальға ие болды.

Оқушылар – Олимпиада жүлдегерлері

Облыс орталығындағы химия-био­логия бағытындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің 12-сынып оқу­шысы Дияр Тү­ленов тағы да Алтын медальға ие бол­­ды.

– Біздің Дияр аталған олимпиадаға қатысып, бұған дейін де 2 рет алтын медаль алған еді. Ол – өте дарынды оқушы. Диярды 7-сыныптан бастап олимпиадаға дайындап келемін, – дейді физика пәні­нің ұстазы Назымгүл Кәрімова.

Дияр Түленов 2017 жылы қола медаль, 2018, 2019 жылдары алтын медаль иегері атаныпты. Ол еліміздегі ең мықты 8 физиктің қатарына енген оқушы.

Ұстазы Назымгүл апайының айтуынша, Дияр Қазақстанның атынан Халықаралық физика олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Қазір Диярдың қолында Ресей жоға­ры экономика мектебі, Назар­баев Универ­ситеті, Қазақ-Бри­тан уни­вер­ситеттері берген гранттары бар. Және де IELTS халықаралық емтиха­ны­ның нәтижесі бойынша да жоғары көрсет­кішке ие – 8,0 ұпайды жинады.

Иә, білімді оқушылар ертеңгі ел ертеңі. Қазақ жастары үшін техникалық білім алу, физика, математика, химия саласын игеру қазіргі технологиялар заманында аса қажет. Жыл сайын өтетін Жәутіков халықаралық олимпиадасының мақсаты да осы, оқушыларды физика-математика ғылымдарына қызықтыру, олимпиада арқылы еліміздің физика-математика бағытындағы білім алып жүрген оқушылардың жоғары деңгейін көрсету.

Сонымен бірге олимпиадада физика және математика бағытындағы ма­ман­­дандырылған мектептер ара­сын­да өткен облыс командасының құра­мында №8 мектеп-лицей оқушылары Антон Драганчук, Мирас Қоблан, Иван Уколов, Дінмұхаммед Рахымжанов, Вла­димир Лим, «Білім-инновация» лицей-интернатының оқушылары Бекзат Әубәкір, Рустем Хасанов, Әлихан Аби­хас, көптілді лицей-интернатының оқу­шысы Серік Құрмашев та болды.

Физика пәні бойынша жоғары нәти­же­лер көрсеткен Антон Драганчук – ал­тын медаль, Дінмұхаммед Рахым­жанов, Вла­димир Лим, Мирас Қоблан – күміс медальды (мұғалімі А. Билида) иеленді.

Ал математика пәні бойынша­ №8 ли­цей-мектебінің оқушысы Иван Уко­лов күміс медальға (мұғалімі Т.Рубцова), «Бі­лім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Бекзат Әубәкір – қо­ла­­ медальға (мұғалімі Е. Шайхығали) ие­ бол­ды.

Информатика пәні бойынша  «Білім-инновация» лицей-интернатының 10- сынып оқушысы Әлихан Абихас қола медальды (мұғалімі А. Исин ) иеленді.

Олимпиада соңында озат оқушы­ларға Қазақстан-Британ техникалық универ­ситетінің, Халықаралық ақпарат­тық техно­логиялар университетінің грант­­тары берілді.

 

ПАВЛОДАР