Аймақтар • 17 Қаңтар, 2020

Текелі – еңбекшілер мекені

157 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кезіндегі оңтайландырудан кейін тоқырауға ұшыраған Текелі қаласы бүгінде жаңа тұрпаттағы даму жолына түсті. Қазір шағын шаһар «кеншілер қаласы» деген атауына лайық өркендеп келеді.

Текелі – еңбекшілер мекені

Текеліде сапасы жоғары шойын өндірілетінінен жұрт хабардар. 2016 жылдан бері қайта жанданған бұл өндірісте жыл сайын қосымша қорыту цехтары ашылып, іргесі ке­ңеюде. Биыл шойын балқыту өнді­рісінде жұмыс істейтін кен­шілер саны 1000 адамға жетті. Көрігі қызған домна пеш­терінде балқып, қалыпқа құйыл­ған өнім ішкі және сыртқы на­рыққа шығарылуда. Текелі кен­шілері биыл 7200 тонна шойын өндіріпті. Алдағы жы­лы өндірісте екінші домна пе­ші іске қосылып, жұмыс ыр­ғағы арта түседі деп күтілуде. Жұмысшылар саны да көбейіп, металлургтер қатары 1500 адам­ға дейін толықпақ.

Өндіріске жан біткен жерде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы да дамитыны белгілі. Адамдарға жайлы үй, жағымды орта қажет. Ин­­фрақұрылым да заманға сай болуға тиіс. Бұл бағытта шағын қалада біраз шаруа істеліпті.

– «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы шеңберінде қаладағы «Металлург» шағын ауданының кәріз желілері мен магистраль­ды жылу желілері қайта жаң­ғыртылды. Нәтижесінде бар­лығы 23,3 шақырым кәріз же­лісі мен 5,02 шақырым жылу же­лілері толық жаңарды. Қа­ла­да баспана мәселесі де оң шешімін табуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 пә­терлі тұрғын үй салынуда, оны жа­қында пайдалануға береміз. Тағы екі 40 пәтерлі тұрғын үй­дің құрылысын қолға алдық, – дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев.

Шағын қалада шаруа­шы­лық та өркен жайып келе­ді. Те­келінің шаруалары ет, сүт, көкөніс өндіруден ал­дың­ғы орында. Өткен 10 айда жер­гі­лікті кәсіпкерлер өндірген өнім 6,5 млрд теңгені құрапты. Осы Текеліде аймақты таби­ғи кө- к­өніс­пен қамтып отыр­ған «Green House» жылы­жай кешені бар. Осы кешен­нің өніміне сұраныс кө­бейіп, бір ғана қиярдың 452 мың тоннасы нарыққа шыға­рылды. Сұраныстың артуы кә­сіпкерліктің де дамуына ықпал етеді. Яғни, қаладағы шағын және орта бизнес саласындағы нысандар саны 311 бірлікке артып, 2800 адам еңбекпен қамтылған. Оның ішінде бес бірдей сауда және қызмет көр­сету нысаны жаңадан ашылып, 14 адам тұрақты жұмыс тауыпты.

Экономиканың өзегі өндіріс қой. Текелінің жанданған өнер­кәсібі өткен 10 айда 17,2 млрд теңгені құрайтын өнім өндір­ген екен. Өсу көрсеткіші 104,4 пайыз­ды құрап отыр. Алдағы жылы даму қадамы қарыштай бермек. Ол үшін бірнеше ин­вестициялық жоба жасалған. Бұйырса, ішкі нарықтың қажетін өтейтін болат пішінді құймалар шығаратын «Электромарганец» зауыты іске қосылмақ. Жобаның құны 433 млн теңге шамасында, 20 адам­ға тұрақты жұмыс орны ашылады. Әк дайындайтын «АkAltunProducts» серіктестігі де Текеліден өндіріс орнын аш­пақ, бұған инвестор­лар 135 млн теңге қаржы са­луға дайын. 30 адамды жұмыс­пен қамтымақ. Тағы бір 5 млн тең­генің инвестициясын «Tasun» ЖШС микрокальцит өнді­рісін кеңейтуге салып отыр екен, мұнда да 20 жұмысшыға сұра­ныс бар.

Жалпы, бүгінге дейін Текелі экономикасын дамытуға 4,7 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Нақты көлем индексі 96,1 пайызды құрады. Оның ішін­де бюджет қаржысынан бө­лек, жеке көздерден құйылған қаржының үлесі 77,9 па­йыз екен, ақшаға шаққанда 3,7 млрд теңге шамасында. Ал ке­лер жылы игерілетін инвести­ция көлемі 6,2 млрд теңге көлемінде болжанған.

Әрине, әлеуметтік салада қордаланған мәселе бар. Жұмыс­сыздық деңгейін төмендетудің түрлі жолдары қарастырылған. Ол үшін алдағы жылы 470 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл қаладағы жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін азайтады.

– Текеліде 415 көп балалы отбасы тұрады. Олардың дені баспана мәселесін шешуді өтінеді. Биыл әлеуметтік жағы­нан қорғалмаған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 25 пәтер сатып алынды. Демеушілер есебінен 5 көп балалы отбасы баспаналы болды. 7 отбасы «Бақытты отбасы» бағ­дарламасы аясында қоныс тойы­н тойлады, – дейді қала әкімі Б.Өнербаев.

 

Алматы облысы