Экология • 17 Қаңтар, 2020

Алматы жасыл қалаға айналады

804 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы қаласы әкімдігінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында жасыл қорды дамыту перспективалары туралы айтып берді. Бұл баспасөз маслихатына «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Батыр Әлімжанов пен Қазақстанның көгалдандыру қауымдастығының президенті Татьяна Антоненко қатысты.

Алматы жасыл қалаға айналады

Есте болса, өткен жылдың желтоқсанында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қол қойған еді. Осының нәтижесінде шаһар басшылығы 28 жаңа құзіретті енгізуге бастама жасап, оның ішінде жасыл экономиканы дамыту ісін айрықша назарға алған.

Алматы әкімдігінің жаңа құзыретінің бірі - Алматы қаласының жасыл желегін ұстау мен қорғаудың жеке Ережесін әзірлеу мен бекіту мүмкіндігі  іске асатын болады.

Жаңа ережелерді әзірлеу мегаполистің жасыл қорын дамыту жөніндегі жұмыс тиімділігін арттыра түспек. Мамандардың сөзіне қарағанда жаңа өзгерістерде бұрыннан бар проблемаларды шешу тетіктері енгізілмек. Олар – стандарттар, регламенттер, нұсқаулар, әдістемелік тұжырымдамалар. Бұлардың барлығы елдімекендердің аумағында өсетін жасыл желекті ұстау және қорғау, рұқсат құжаттары болмаса да, ағаш кесуге жол бергендерге қайта ағаш отырғызу нормаларын реттеу секілді мәселелерді қамтиды.

Е. Сейтеновтың айтуынша, бұған дейін ағаштарды заңсыз кесу кезінде жасыл қорға келтірілген залалды есептеу әдістемесі болған жоқ, жасарту, кронды қалыптастыру, жасыл желектерді санитарлық кесу үшін рұқсат алу талап етілмеуі, бұл жұмыстармен нақты тәжірибесі жоқ адамдардың айналысуына әкеліп соқтырды. Салдарынан осының барлығы жасыл желектердің түрі мен жай-күйінің нашарлауына алып келді.

Жасыл желекті ұстау мен қорғаудың жаңа ережелеріне оларды жасарту, санитарлық кесу, жасыл желекті күтіп-баптау жөніндегі технологиялық нұсқаулар, заңсыз кескені, жасыл желекке залал келтіргені үшін жауапкершілікке тарту, қаланың жасыл қорын қорғау нормалары енген.

Ержан  Сейтенов бұл орайда жаңа ережелерді әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылғанын, оның құрамына сарапшылар қоғамдастығының, жұртшылықтың және ғылым өкілдерінің енгенін айтты. Алдағы көктем айларында жасыл Алматының жарқыраған жобасы екпін алатынын жеткізді.

Жаңа Ережелердің жобасына бірқатар жаңа норма енгенін айтып өтті. Олардың іске асатын негізгі бөлігі мынадай:

  1. Ағаштарды санитарлық кесу, жасарту Алматы әкімдігінің келісімімен ғана жүргізілетін болады;
  2. Әкімдіктің рұқсатымен санитарлық жолмен немесе әдейі кесілген ағаштардың орнына жасыл желектер қайта отырғызылады, магистральды көшелердің бойына діңгегі 20-25 см болатын жапырақты ағаш түрлері отырғызылады, қылқан жапырақты ағаштардың биіктігі кем дегенде 2,5 метр (І немесе ІІ сыныпты сапа) болуы тиіс;
  3. Алынған ағаш шығынын өтеудің әдісі жасалды, соның арқасында келтірілген залалдың нақтылы бағасы анықталады;
  4. Ағаш апатты жағдайда алынса, оның орнына отырғызылатыны – 1-ге 1, әдейі отырғызылатыны – бірінің орнына 10, заңсыз алынғаны үшін – біреуінің орнына 100;
  5. Жасыл желектердің кепілдемелі мерзімі – 3 жыл;
  6. Бағдарламалар әкімгерлері орталық қолданыстағы жерлердегі жасыл желектерді көктемгі-жазғы және жазғы-күзгі мезгілдерде сауықтыру әрі зиянкестерден және түрі аурулардан қорғау үшін кем дегенде 4 рет нақты шараларды жүзеге асыратын болады.

Ережелер жобасы жергілікті ақпарат құралдары арқылы талқыланып, оның ішінде Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасының ресми сайтында да бұл жаңалықтар жарияланатын болады. Сондай-ақ ниет білдірушілердің барлығы жасыл қорды жақсарту жөніндегі жеке ұсыныстарын жібере алады.

«Жұртшылықпен, «Атамекен» ҰКП-мен және басқа да мүдделі органдармен, ұйымдармен келісілген соң жасыл желекті ұстау және қорғау жөніндегі жаңа ережелерді бекіту үшін Алматы қаласының маслихатына ұсынылады» деп атап өтті Ержан Сейтенов. 

Алматыда жасыл шаһарға айналмақ. Негізі бүгінгі  әңгіменің тоқ етері алдағы күндері жасыл желекке оранған қала көз жауын алып тұрса дейсіз. Сол өрелі  іске  жалынды жастар дендеп кіріскен.

                                                                                                                        

 АЛМАТЫ