Аймақтар • 20 Қаңтар, 2020

Өлкетану өрендердің өресін өсіреді

294 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасы мұрындық болған «Туған өлке – тұнған тарих» атты ғылыми-зерттеу жобасы байқауы мәреге жетті. Білім мен ізденіс жарысына облыстың барлық аудандарынан 7-8 сынып оқушылары қатысқан болатын.

Өлкетану өрендердің өресін өсіреді

– Байқаудың басты мақсаты – Елбасымыздың «Ұлы дала­ның жеті қыры» және «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалары аясында жас зерт­теу­шілердің назарын өзінің туған өлкесіне, ауыл мен қала тарихына аудару болатын. Осылайша, өз өлкесін ерекше сүйетін, оның өткенімен мақтанатын патриоттарды тәрбиелеу, білім алу­шы­лардың ғылыми ойлау және зерттеу қабілеттерін дамыту да басты назарда болды. Байқауға мектеп оқушылары белсене қатысты. Сөйтіп қорытынды сынға об­лыс­тың 9 ауданы және Орал қала­сының білім мекемелерінен 23 үміт­кер қатысты, – дейді осы бай­қауды ұйымдастырушы Тілдерді дамыту басқармасының жауапты қызметкері Зәмзәгүл Ғаббасова.

Орта буын мектеп оқу­шы­ла­ры­ның балаң жұмыстары болса да байқауға Орал қала­сын­дағы жоғары оқу орындары­ның профессор-оқытушы­лары қазылық етті. Тарих ғылым­­да­ры­ның кандидаттары, Бақтылы Боранбаева мен Альфия Байболсынова, фи­ло­логия ғылымдарынан
PhD доктор Айдарбек Ақбо­ла­тов жас зерт­теушілердің анық­та­­ма­лық әде­биеттерімен жұ­мыс­та­нудағы білігі мен дағ­ды­сын, қорыту тәжі­рибесін, жа­зу шебер­лі­гін, туған өлке та­ри­­хының ақпараттық-талдау ма­­териалдары жүйесін құру және жүргізудегі із­де­­нісін лайықты бағала-
ды.

– Оқушыларға олардың же­текшілері, ұстаздары барынша көмектескені байқалады. Бай­қауға келіп түскен жұмыс­тар­дың көпшілігі ономастика тақы­рыбына, жер атауларының тарихына арналған екен. Шипалы Әлжан сор туралы, көне құлпы­тас­тар тарихы хақында зерттеу жасаған оқушы­лар да бар. Әрине бұл балғын зерт­теушілердің тыр­­нақалды туындылары ғой. Оларға сәттілік тілейміз, – дейді Ма­хамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақ­стан мемлекеттік уни­вер­сите­тінің доценті, тарих ғы­лым­да­рының кандидаты Альфия Сабыр­ға­лиқызы.

Сонымен білім мен таным бәй­гесінің бас жүлдесін Қара­төбе ауданындағы Алакөл негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ұл­пан Сұлтанғалиева жеңіп алды. Бірінші орын Теректі ауда­­нын­дағы Долин жалпы орта бі­лім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы Саида Кабышеваға бұйырса, екі екінші орынды Бәйтерек ауданындағы Камен жалпы орта білім беретін мек­теп­тің 7-сынып оқушысы Дарья Стребкова мен Бөрлі ауда­нындағы Ақбұлақ мектеп-бала­бақша кешенінің 7-сынып оқу­шысы Даянна Тоқтасын ие­лен­ді. Үш үшінші жүлдені
Ақ­жай­ық ауданындағы Ғабдолла Махам­бетов атындағы орта жал­пы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Диляра Сәрсенғалиева, Қазталов ауда­нындағы Ақпәтер орта жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы Әдемі Айтқали және Орал қаласындағы №35 мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Ксения Доля бөлісті. Ал Сы­рым ауданында В.И.Шубин атын­дағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Асылай Тұяқова мен Орал қаласындағы №42 «Ақ­ниет» гимназиясының 8-сынып оқушысы Шалқыма Жүніс арнайы сыйлыққа ие болды.

Байқаудың барлық жеңім­пазы арнайы дипломмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Батыс Қазақстан облысы