Қоғам • 20 Қаңтар, 2020

Бөтен нөмірлі көлік иелерінің көңіліне алаң кірді

765 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы кезде Батыс Қазақстан облысында шетелде, соның ішінде Ресей Федерациясы мен Арменияда тіркелген көлік тым көбейіп кеткені рас. Еуразиялық экономикалық одағы елдерінен әкелінген көліктерді тіркеу тәртібі қатаң қадағаланатыны туралы ескертуден кейін «бөтен нөмірлі» көлік иелерінің көңіліне алаң кірді.

Бөтен нөмірлі көлік иелерінің көңіліне алаң кірді

Бүгінде Қазақстанда ресми статистикаға сәйкес, шетелдерден әкелінген 170 мыңнан астам автокөлік тіркелген екен.

Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, 2019 жылдың 12 айында БҚО аумағында шетелдік көлік құралдарының қатысуымен 1335 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 1015-і – Ресейден келген көліктер, 320-сы – Армениядан әкелінген көліктерге тиесілі. Соның ішінде 147 жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Өкініштісі, осы оқиғалардан үш адам қаза тапты.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті «Жолда қабылдау» шарасын өткізіп, көлік иелерінің барлық сауалына жауап беруге кірісті.

БҚО Полиция лепартаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жанболат Жаншин Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тіркелген көлік құралдары Қазақстан аумағына бір жылға дейінгі мерзімге әкелінуі мүмкін дейді.

– Бұл ретте Қырғыз Республикасында және Армения Республикасында тіркелген автокөлікті сол елдердің аумағында тұрақты тұратын азаматтар ғана Қазақстанға әкеле алады. Ал Қазақстан Республикасының азаматтарына аталған көлік құралдарын әкелуге және пайдалануға, сондай-ақ оларды иеліктен шығаруға, басқа адамдарға пайдалануға беруге кедендік ресімдеуден өткен және төленген жағдайда ғана мүмкін болады. Автокөлікті шетелдік есепке ала отырып сатып алған иелері көлік құралдарын уәкілетті органда сатып алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Ол үшін арнайы ХҚКО-ға жүгіну қажет. Тіркеу сомасы көлік шығарылған жылға және қозғалтқыш көлеміне байланысты, - деді Жанболат Жасқайратұлы.

Айта кету керек, шетелдік көліктерді тіркеу талаптарын орындамаған адамдар ҚР ӘҚБтК-нің «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу» бабы (590 бап, 2-бөлік) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оларға 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл кесіліп, көлік арнайы уақытша сақтау алаңына қойылады.

Дегенмен, көлік иелерінің арасында бұл тәртіпке наразылық көрсетіп жатқан жандар көп.

- Егер мұндай талап бұрыннан болса, неге сол 2014-2015 жылдан бері жүзеге асырылмады? Қазақстанда шетелдік көлік мұнша көбеймес еді ғой. Енді бұл көлікті есепке қою құны өте қымбатқа, сол көліктің өз бағасынан бірнеше есе артық бағаға шығып тұр. Біздің талабымыз – бұл көліктерді кедендік рәсімдеу бағасын төмендету керек немесе бұрынғыша жүре беруге рұқсат етілуі тиіс, - дейді шетелде тіркелген көлік иелерінің бірі Ерболат Мұсағалиев.

Бөтен нөмірлі көлік иелері Орал қалалық әкімдігіне осы мәселеге орай бейбіт митинг өткізу жөнінде өтініш бергенімен, рұқсат берілген жоқ. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жоғарыда айтылғандай, ашық есік шараларын өткізіп, тұрғындардың ұсыныстарын, сауалдарын тыңдап, оларды шешу мәселелерін барынша қарастырып жатыр. Қаңтардың 17-18 күндері полиция қызметіне 268 адам түрлі сауалмен жүгінген. Бір тәуірі, облыстың әр ауданында арнайы штаб құрылып, тұрғындардың сауалдарына жауап берілуде. Көбіне мұндай акция адам көп шоғырланатын жерде өткізіледі. Бұл акция азаматтар үшін өте ыңғайлы, тиімді болып тұр.

– Егер біздің азаматтарымыз басқа мемлекеттерде автокөлік сатып алса және осы мемлекеттің уәкілетті органында тіркелсе, онда мұндай көлік Қазақстанда сатып алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде барлық алымдар мен баж салығын төлей отырып тіркелуі тиіс. Бұл талаптардың бұзылуы ел жолдарындағы көлік тәртібінің жай-күйіне теріс әсер етеді, - дейді БҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы.

Айта кетейік, «Жолда қабылдау» акциясының өту барысы «Policebqo» Инстаграм парақшасы арқылы тікелей эфирде жүріп, азаматтардан келіп түскен сұрақтарға да сол сәтте жауап қайтарылды. Екі күн тұрғындардан 268 өтініш түсіп, олардың барлығы сол сәтте қаралып, шешімін тапқан.

 

Батыс Қазақстан