Медицина • 21 Қаңтар, 2020

Бала ауырса, бәріміз жауаптымыз

719 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазір медицина дамыды. Уақыт өткізбей, дәрігерге дер кезінде қаралсаң, көп аурудан құлантаза айығып кетуге мүмкіндік көп. Бірақ науқасты емдеу, аурудың алдын алу ісі алға басқан сайын түрлі сырқат бой көтеруде. Мысалы, бұрын-соңды жаңа туған сәбилер арасында қант диабеті болады дегенді естіп пе едіңіз?! Қазір мұндай диагнозбен дүние есігін ашып жатқандар бар. Түрлі сырқатпен туған сәбилердің саулығын күзетіп, ауруды өршітіп алмау жолында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің байламы – барлық дертті болдырмау өз қолымызда.

Бала ауырса, бәріміз жауаптымыз

Ауру қайдан демеңіз

Аурудың дені астан болатынын бабаларымыз бағзы заманда-ақ айтып кеткен ғой. «Баяғылар айтқандай...» деп сөз бас­тауды білеміз, бірақ соны өмір салтына айналдыруға келгенде салғыртпыз.

– Қазіргі тамақтану рационымызда құс­тың сүтінен басқаның бәрі бар. Бірақ бәрі бірдей денсаулыққа пайдалы деп айта алмас едім. Мысалы, балаңыз сатып алған газды сусын мен қытырлақ нан, хотдог қарын тойғызуы мүмкін, бірақ құнары жоқ. Құнарсыздығын былай қойғанда көп пайдалансаң денсау­лық­қа қауіпті, – дейді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Зоя Көше­но­ва. – Мынаған қараңызшы, бұрын біз цитрустық өнімдерді Жаңа жылдың алдында ғана көретін едік қой. Қазір жыл он екі ай дүкен сөресінде тұр. Бұл – балалар арасында көп кездесетін аллергияны туды­ра­тын жемістің бірі.

Сәбилер бойындағы қант диабеті де анасының аяғы ауыр кезінде тамақтану тәртібін сақтамағаннан болып отыр дейді мамандар. Осы ауру түрі анықталғаннан кейін дәрігерлер бала ағзасының оған бейім­делгенін күтіп, 1 жылдан кейін пом­паға кезекке қояды. Құны 1 млн теңге­ге жуықтайтын бұл аппарат мемлекет тарапынан тегін беріледі. Бала бо­йындағы өзгеріске сай инсулинді дер кезінде бөліп тұратын бұл құрылғыны алғысы келмейтін ата-аналар бар. Олар да инсулинмен қамтамасыз етіледі. Бірақ кейде құрылғы уақтылы берілмей бала ауруы асқынып жатады.

Әрине, сырқатты емдеу – дәрігердің міндеті, бірақ ауруды асқындырмау өзімізге байланысты.

  Балаға ботқа беріңіз

Жалпы, облыстық балалар ауруханасына түскен бала­лар­­дың көпшілігі тыныс жолдары ауруы­на шалдыққандар. Жергілікті ауа райынан болуы мүмкін, бұл сырқатты емдеуде дәрігерлердің тәжірибесі бар. Пульмонологиямен қатар, неврология, кардиоревмотология, ненотальды хирургия, нейрохирургия, травматология, ортопедия, колопроктология салаларының көрсеткіштері жақсы. Мұнда күйікпен түскендерді толығымен емдеп шығуға мүмкіндік бар. Бұрын күйіктен бала денесінде тыртық қалып қойса, қазір аутодермопластика жасау арқылы ол мәселе де толық шешімін тапты. Осыған дейін лейкоз сырқатына шалдыққан балалар Алматыдағы педиат­рия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жіберілсе, қазір жергілікті ауруханада ем алады. О­лар­дың барлығын қызылордалық мамандар емдеп жатыр.

 Біз тізбелеген аурулардың көпші­лі­гі­нің түп-тамыры – дұрыс тамақтанбауда.

– Бұрын балабақша мен мектепте ба­ла­ларға ыстық ботқа мен сорпаны бе­кер бермеген ғой. Қазір оның орнына үйде жұмыртқа қуыра салғанды, бала­ға бутерброд ұстата қойғанды оңай кө­ре­міз. Құс фермасында тауыққа беріл­ген түр­лі антибиотиктер осылайша бала ағза­сына түседі, – дейді Зоя Рахат­қызы.

 Бас дәрігер «Ас – адамның арқауы» дейтін қазақтың ұлттық тағамтану жү­йе­­­сін қайта қолға алатын кез жет­ке­нін айтады. Мысалы, тәттіге тойған бала жемек түгілі қолының ұшын да ти­гізбейтін етте гемолық темір мол. Бұл қаназдықтың алдын алады. Қазір облыс­та­ғы туу жасындағы 100 әйел­дің қырық пайызы осы аурудан зардап шегеді. Жарайды, ет бағасын кез кел­ген­нің қалтасы көтермейді делік. Кәдімгі сөк те осы гемолық темірге тұнып тұр. Тіпті ұлттық тағамтану жүйесін жаң­ғыр­татын бағдарлама қабылдаса да арты­ғы жоқ. Бұл ұрпақ саулығы үшін керек.

– Біз қазір балаларға «Әдемі болғың, жақсы оқығың және ұзақ жасағың келсе – ет же!» деп айтатын жағдайда тұр­мыз. Осы арқылы кейінгі буынды ұлт­тық тағамға үйір етуіміз керек. Бұл бала саулығын, сол арқылы ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы, – дейді дәрігер.

Қазір ауруханада дәрігер мен па­циент­­тің арасындағы қарым-қатынас­тың алгоритмі жасалып жатыр. Тәжірибе ретінде қолға алынған бұл бастамада баланың қалай ауырғаны, не ішкені, оқыс жағдайдың туындау себептері жазы­лады. Осыдан кейін көзден таса қал­ған баласы ыстық суға күйіп қалған әке-шеше, терезеден төмен қарай ұшып кеткен сәбиін қараусыз қалдырғандар жауапкершілікті сезіне түсетін шығар деген үміт бар. Терезе демекші, былтыр сондай он шақты оқиға болыпты. Дәрігерлер екінші қабаттан құлаған бір баланы ғана құтқара алмады, қалғандары жазылып, үйлеріне қайтты.

 Басты табыс – телемедицина

Бұрын жаңа үлгідегі құрал-жаб­дық­тардың жетіспеуінен көп науқас Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент асып, емделіп қайтатын. Қазір олар осы ауру­ха­нада ем алады. Үш жыл бұрынғы ке­зеңмен салыстырғанда сәбилердің ден­саулығындағы туа бітті кінәраттан шетінеуі 4 есеге төмендеді.

– Осы ретте жергілікті биліктің көр­се­тіп отырған көмегін айта кет­ке­ні­міз жөн. Салаға жеткілікті қар­жы бөлу арқылы соң­ғы үлгідегі құрал-жабдықтарға қолы­мыз жетті. Неонатальды хирургия бо­йынша жасақталған команда құ­ра­мын­дағы дәрігерлер Жапония, Оң­түс­тік Корея секілді әлемнің озық мем­лекет­теріне барып, тәжірибе шың­дау­ға мүм­кін­дік алды, – дейді бас дәрі­гер.

Жергілікті мамандар үлкен қала­лар­­дағы әріптестерімен телемедицина арқылы тәжірибе алмасып, диагноз­дар­­ды нақтылап, ақыл-кеңес алып отырады. Аудан­дармен де осы арқылы байланысқа шы­ғады. Науқастардың жағ­да­йына қарай қажет болса санавиация да жібереді.

Орталықтың жанында «Бала ша­ғын­дағы ауруды ықпалдастыра емдеу» атты орталық бар. Бұл орталықта сырқат сәбиді кешенді емдеудің жолдары көр­се­тіледі. Әмбебап патронаттық қызмет модулі бойынша аудандық емдеу мекемелері ма­мандары, әлеуметтік қызмет көр­се­тушілер, психологтар осында келіп оқудан өтеді. Бұл бастаманың тиімділігін Ден­саулық сақтау министрлігі де атап өтті. Орталықтың ашылуында ЮНИСЕФ ұйымының бас өкілі аз қара­жатпен сырқатты тиімді емдеудің мұн­дай тәсілі дүние жүзінің денсаулық сақтау саласы үшін тың жаңалық еке­нін жеткізді. Орталықта аяғы ауыр әйел­дің күтімі, сәби үшін қауіпсіз орта қа­лыптастыру, оны тамақтандыру жол­дары үйретіледі. Әсіресе балалар қауіпсіздігіне баса назар аударылады. Алгоритм бойынша мейірбике балалы үйдің туысындай болып кетуі тиіс. Егер нәресте үйде жүріп оқыс жағдайға ұшырап қалса да, мейірбике ата-анамен бірдей моральдық тұрғыда жауап береді. Орталықта қазір балалар жұтып қоятын ойыншықтарды алмастыратын қауіпсіз шылдырмақтарды да қолдан жасауды үйретеді. Министрлік тәжірибесін үлгі ретінде таратқан осы орталықты арнайы келіп көрген өзге облыстағылар да қазір өздерінде осындай құрылым жасаудың қамына кірісті. Тіпті Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, Абхазиядан келген мамандардың да тәжірибенің тиімділігіне көзі жетті.

Аурухана алдағы уақытта офталь­мо­ло­гиялық хирургияны қолға алуды жос­пар­лап отыр. Осы жылы қызылордалық дәрігерлер алғашқы отаны жасай бастайды. Балалар кардиохирургиясын да­мыту мақсатында осыдан 2 жыл бұ­рын Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ме­ди­ци­на­лық орталықпен меморандум жасалды. Келісім бойынша орталық мамандары ауру­хана дәрігерлерін оқытады. Бұған қажетті құрал-жабдықтар енді алынып жатыр. Алдағы уақытта жүрекке операцияны өзімізде жасау жоспарланып отыр.

Дәрігерлер атқарып жатқан осы қы­р­уар тірлік «Сәбилер сау болса екен...» деген бір ғана ниеттен туындап отыр. Ал бала ауырса, бәріміздің де жауапты екені­мізді ұмытпайық.