Президенттік кадр резервіне өтуге 13 мың жас өтінім берсе, оның ішінде 7 мың адам байқауға қатысып, 300 адам «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шықты. Резервке кірген осы 300 жас алдағы уақытта өз әлеуетін көрсете отырып, еліміздің қарқынды дамуы үшін үлес қосуға бірегей мүмкіндік алды. Шын мәнінде кадр резерві жастар үшін әлеуметтік лифтіге айналды.
Байқау өте әділ әрі таза өтті. Бастапқы 1-2-кезеңдер күрделі болды. Жалпы барлық 7 кезеңнің өз ерекшеліктері анық байқалып тұрды. Мәселен әңгімелесу кезіндегі дауыс беру тәжірибесімен алғаш рет таныс болдым. Шетелде білім алсам да мұндай әңгімелесу кезіндегі дауыс берудің сол сәтте онлайн өтуін бірінші рет көрдім. Әңгімелесу аяқталған кезде комиссия мүшелері бірден бағаларын беріп, нәтижесі дайын тұрды. Жалпы байқаудың әрбір кезеңі үлкен дайындықты қажет етті. Яғни әрбір кандидатқа білімін, тәжірибесін көрсетуге барлық мүмкіндік жасалды.
Конкурс нәтижесі шыққаннан кейін-ақ резервке кірген жастарға министрліктерден, жергілікті атқарушы органдардан, «Қазақстан темір жолы» сынды ұлттық компаниялардан лауазымды қызмет ұсынғандар бар. Мұның өзі жастарға мемлекеттік қолдаудың бар екендігін көрсетеді.
Еркебұлан БОРАНБАЕВ,
Президенттік жастар кадр резерві мүшесі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көпжақты инвестициялық ынтымақтастық басқармасының басшысы