Руханият • 21 Қаңтар, 2020

Ысқақ қажы әулие

2767 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» атты бағ­дарламасы әр пенденің санасына сәуле түсіретіні рас. Киелі орындарға мән-мағына беру де соның жалғасы. Осы орайда тарының түйіріндей болса да, бүгінгі жастардың санасынан орын алса екен деген үмітпен Ысқақ қажы әулие туралы көрген-білгенімді хатқа түсіріп отырмын.

Ысқақ қажы әулие

Ысқақ қажы әулиенің мазары Қа­ра­ғанды – Жезқазған тасжолының бо­йында, Түгіскен ауылынан батысқа қарай 8 шақырым жерде. Оған бүгінге дейін тәуеп етуге, түнеуге келушілер бар­­шылық.

Атамды жерлейтін күн мәңгі есім­де. Аппақ қар. Атамды сыртқа алып шыққанда күнге шағылыстырып кү­міс шашты (қар кеткен сайын әлгі жерден күміс іздейтінбіз). Біздің қыс­тау тұсына табарнәк тоқтап, одан бір адам бері қарай жүгіргенін білемін.

Кейін білдім. Үлкендердің айтуын­ша әлгі адам атамның намазын шыға­руға асығып келе жатқан шәкірті – Ха­мит қожа екен. Хамит қожа атам­ның жақсы көретін, білімі терең шәкірт­те­рінің бірегейі болса керек.

Өзінің «Жаңаарқа» атты дерекна­масында:

 «... Атақты әулие Тама-Көзей Ыс­қақ әжі қайтыс боларының алдында бала­ларына намазымды Хамит қожаға шығартыңдар дегенде, олар ойбай-ау Хамит қожа халық жауы болып ұсталып кеткен дегенде, Ысқақ әжі езу тар­тып, «келеді» депті. Айтқанындай 1948 жылы Хамит қожа жазасын өтеп келіп, Ысқақ әжінің жаназасын шығар­ған», деп жазыпты жарықтық Асан Жұ­ма­ділдин.

Енді, әулие атасын көзімен көрген, белгілі ұстаз, марқұм Әбдікерім Әб­ді­рейімұлының «Қарабура» атты та­рихи-танымдық кітапқа жазған естелігін келтіре кет­кенді жөн көрдім. Әбдікерім әулие атасы қайтыс болғанда жиырмадан асқан жігіт. Ал атамның Хасен деген үлкен ұлынан туған мен алтыда едім. Бала кезімде үйреткен Құран хадис­тері тасқа басылғандай жадым­да. 13 жасында келін болып түскен анам Тәженнен естігендерімді шегере тұ­рып, Әбдікерімге сөз берейін.

«...Ысқақ қажы ұзақ өмір жасап,­ 92 жасында 1948 жылы пәниден өтті. Бабамыз діндар білімділігімен, кө­ріпкел әулиелігімен өзі өмір сүрген ағайын арасында ғана емес, төңіректегі іргелес елдердің барлығына, алыс-алыс аймақтарға даңқы жайылған ша­рапатты адам болды. Ол кісінің бү­­кіл өмір жолын, халқына жасаған қыз­­метін толық білмегенмен, көзінің тірісінде өзіміз көрген, елдің аңыз ғып айтып жүрген қасиеттерінен ойымызда қалған мына төмендегі деректерді келтірейік. Бірде екі ауылдың арасына бір байтал мініп келе жатады. Уақыт кешкіріп қалған кез екен. Бір ши­­леуіт жерге жақындағанда алдынан жылтылдап жанған от сәулесі кө­рінеді. Жақындай келе қараса, қыз бейнесінде ойнақ салып жүрген бір топ шайтан болып шығады. Өзі де ті­тіркеніп қалады, ал астындағы байталы шыңғырып үрке жөнеледі. Осы бір қарбалас кезде көзіне Таманың атақты Сарыбас мергені елестеп, қолындағы мылтығымен атып-атып жібергендей болады. Лезде жаңағы шайтандар да жоқ болып кетеді, астындағы ат та ты­нышталады.

Жас жігіт жиырма жасында Ақ­мола-Қараөткел қаласына Арқаның кіре­­кештеріне ілесіп жетеді де, Ақ­мола уезінен Меккеге баратын он екі адамның бірі болып тіркеліп, сол топпен айлап жүріп, Меккеге ба­рып, парызын өтеп, қажы болып қай­­тады. Ол қажылық сапардан орал­­ған соң үнемі діни кітаптарды оқып, бі­лімін тереңдетумен болған. Ту­ған-туысқандарының өз ауқаты өзіне же­терлік болғандықтан дүние ісіне, күн­­делік күйбең тірлікке аралас­пай, бір­жола діни жолға ден қойған. Қа­жы­лықтан кейінгі дін жолына бір­жола бет бұрған ұзақ жылғы өмірі ел арасында өтіп, халыққа тигізген ша­пағаты арқасында ауыл ішінде ғана емес, аймаққа белгілі, қасиеті мол әулие адам ретінде танылады. Ол кездерде ел ішінде ауруға шалдыққан кі­сіні аты шыққан әулие, шарапатты адамға оқытып, не мазарына түнетіп емдейтін болған. Ысқақ қажының алғашқы абыройының артуы осы аурулардың бұл кісінің алдынан құлан-таза сауығып қайтуынан болса керек. Қарақұрт, жылан шағып, олар­дың уынан зардап шеккен адамдарды әкелгенде дұғаны оқу арқылы бір күнде жазып шығарады екен. Әсіресе елірме, жын шалықтаған нау­қастарды тым алыс-алыс жерлерден де әкеліп емдеткен. Жынданып кеткен, ауруы әбден асқынған адамдардың өзін бір­неше күн оқу арқылы дұғаның кү­шімен қайтаратын болған. Ал бұл кі­сінің әулиелік қасиеті кейде осындай ауруларды жазу кезінде арта түскен. Талай ұстамалы ауру адамдарды қол-аяғын байлап, қажы үйіне әкеліп, оның босағасын аттай бергеннен-ақ ешбір дұға оқылмай қажыға тәуеп етіп, «жаздым-жаңылдым» деп жалбарынып жазылып кеткендері қаншама?! Қажы ұлғайған кезде, оның атақ-даңқының төңірекке жайылуына байланысты оған түрлі аурулармен келіп түнеушілер, әсіресе перзент іздеген әйел­дер көп келген. Олардың бірі ауруынан айықса, бірі перзентті болып бала сүйіп, атайға қайта оралып, алғысын жаудырып, батасын алып қайтатын болған. Қажының әулиелігін дәлелдейтін ауыл ішінде мысалдар көп. Ауыл ішінде шақырған жерлерде, басқа жаққа арнайы шақырумен барған жерлерінде ол кісіге тартылған тағамның адал, арамын алдына келгенде ажыратып, арам тамақтарды ішуден бас тартып зікір салады екен. Мысалы, қасқыр тартқан малдың еті, ұрлықтан келген малдың еті, арам бауыздалған малдардың етін бірден сезіп, табаққа жақындамай, зікір салып шегініп ке­теді екен. Сол сияқты өзіне арнайы тү­неу үшін алыстан ат сабылтып іздеп келе жатқан науқас адамдарды күні бұрын біліп, үйдегі келін-кепшіктеріне ескерту жасап, оларға әзірлік жасатып отырған.

Ертеде біздің елде Жиенбекұлы Жақсылық деген атқа мінген тәуір азамат болған. Кейін қартайған шағында біз өзіміз де көріп, әңгімелерін естіген едік. Сол кісі бергі Кеңес дәуірі ке­зінде бір жұмыстан жалалы болып сотталып, алыс бір теңіздің ар жа­ғын­дағы лагерьге жібереді. Лагерь­де бейнет ауыр, тамақ тапшы. Елден хат-хабар ала алмайды. Бір-екі жылдай уақыт өткен кезде бірде қатты қа­мығып жатып, төсекте көзі ұйқыға кетеді. Ұйқыда түс көреді. Қажы атасы: «Сен мұнда неғып жүрсің, артыма міңгес, кел», дейді де міңгестіріп алып, теңіздің бергі жағасына шығарып тас­тайды да, өзі ғайып болады. Ояна келе түсін өзі жорып, «бұл қажы атамның шарапаты болды ғой, мен таяуда не босанармын, не өлермін», деп жориды. Ақыры көп ұзамай ақтау қағаз келіп, түрмеден босанып елге келеді. Елге келген соң атайға сәлем беруге келеді де, ол кісінің шарапатын байқау үшін көр­ген түсін айтпай: «Ата, тар жолда жүрсем де Аллаға, сонан соң сізге сиы­нып тілек тілеуші едім, балаңыз маған азапта жүргенімде бір белгі, аян бермегеніңіз қалай?» депті. Сонда атай: «Жаман шіркін, не деп отырсың, судан бері өткізіп тастаған кім екен», депті.

Ұлы Отан соғысы жылдарында да сәуегейлікпен болжаған істері көп болатын. Сол соғыс жылдары біздің елден Күлеймен деген кісі әскерге алынып, майданға барады. Соғыста бір күні біздің жақтың әскері жағдайға байланысты өзеннің екінші жағына өтуге тиісті болған. Суға малту біле ме, білмей ме, онда шаруа жоқ, ар жаққа өтуге бұйрық берілген. Әскерлер киім­шең, қолындағы қаруымен арғы жағаға өту үшін суға түседі. Осының ішінде Кү­леймен де болады. Ол әрі малтып, бері малтып шаршайды. Су­ға бір батып, бір шығып, су жұтып ба­тып кетуге айналады. Осы кезде астына ақбоз ат мінген, басына ақ сәлде ораған қажы бейнесіндегі адам көзіне елес беріп: «Шар­шадың ба, балам, тағы, тағы да, енді сәл сол қолыңды бір сермеші», деген сөзін естіп соңғы сермегенде жаға­дағы бір ағаштың бұтағына қолы тиеді. Сол-ақ екен бұтақтан ұстап сүйретіліп жағаға шығады. Сол жерде біраз жатып, есін жинапты. Сол Күлеймен кейіннен жаралы болып, елге аман-есен оралды. Ол кісі басқа ауылдық кеңестің жерінде тұратын. Еліне келіп үй-іші, ағайын-туыстардың амандығын білген соң көп кешікпей атайға сәлем беруге келеді. Сәлем беріп амандасқан соң: «Мен әскерден жаралы болып келген Күлеймен деген балаңызбын ғой», дегенде атай: «Сен, жаман неме, суға кетіп қала жаздап қатты састырғаның не?» дейді. Күлеймен атайдың тізесін құшып жылап жібереді.

Бала кезде бізді өтірік айтпауға мәж­бүр еткен сот ережесі бар еді. Ол – «атамның аруағы атсын» деп қарғану. Осы қар­ғануға барған бала өзіне жабылған жаладан ақталатын. Кім білген, титім­дей жүрекке мәңгі орныққан осынау киелі сөз Түгіскен топырағынан жа­ралған талай пендеге рухани азық бол­ған да шығар. Енді апамнан естігенім: «...Атаң бiр күнi зiкiр салып ауырсын. Атаң ауырғанда бiзде жан қала ма. Тамақтан ауырды деуге, қисын жоқ. Мал сауатын шелектiң өзiн бөлек ұс­тап, бетiне ақ дәке керемiз. Дәретсiз кiр­­меймiз, тамақ iстегенде де сол, таза жүремiз. Атаң ауырғанда жалғыз бiз емес, бүкiл ауыл дүрлiгедi. Қойшы, үш күн нәр татпай, зiкiр салған адамда қан­дай қуат қалады. Әбден қарлығып, ысыл­даған секiлдi ме. Бiз сырттан тың­дағанымыз болмаса, үйге кiру деген жоқ. Көкеңнiң (мен әкемді көке дейтiнмін) өзі де ондай кезде кіре алмайды. Сәл саябырлады-ау дегенде, сыртқа алып шығып, дәретiн алғызады. Тыныстар-тыныстамастан қайтадан ақырып, зiкiр сала бастайды. Жан шүберекке түйiлдi. Көкең менен не тамақ бергенiмдi түгел сұрап шықты. Сырттан келген дәм, бөтен ет деген болған емес. Бұрынғы iшiп отырған тамағы. Тамақ дегенде, жөндi тамағы да жоқ. Тиiп-қашып, қорек алғаны бол­маса, қомағайланып тамақ жегенiн көрген емеспiн.

Құдыққа бiрдеңе түстi ме деп, оны да аршыды. Тамақ таза, су таза. Кө­кең шай iшiп отырғанда: «Атам қал­жырап барады, ана пәле қайта айналып соғып жүрмесе» деп уайымдай бас­тасын. Онысы, атаң жалғыз жол жү­рiп келе жатып, от жағып отырған ана пәлелерге тап болған ғой. Ол ұзақ әңгіме. Көкең кенет «үйдi жық» десiн. Ойбай-ау келгенiмiзге... дей берiп едiм. «Атамның үйiн айтып отырмын. Басқа бiр тазалау жерге тiгемiз. Ескi жұрт, әлде қорым ба, бiрдеңе болды. Әйтпесе неден?» дедi. Үйдi жығып, басқа жерге тiктiк. Содан не дейсiң ғой? Атаңның астына үш қабат құрақ көр­пе төсейтiнбiз. Сол құрақ көрпенiң астынан, шүберекке түйген ақша шық­сын. Ой тоба, үш-төрт күн бұрын, атаңа емделуге, бiр бейбақ келген болатын. Ол жағында менiң шаруам жоқ. Ем­делуге келгендер, атаңның ештеңе ал­майтынын онсыз да бiлетiн. Дәретi болуын көкең ескертетiн. Сөйтсек атаң­­­ды ауыртып жүрген жаңағы көрпе­ше­сiнiң астындағы шүберекке түйiлген ақша екен.

– Апа, сонда атам ешкiмнен ештеңе алған жоқ па? – дегенімде.

– Алды, – дейтiн апам.

Мен «солай шығар» деп, жеңiске жеткендей болып қалатынмын.

«...Бiр күнi атаң отырған үйдi сыпырып-сиырып тазарта бастадық. Бiр ғарыптың жолға шыққанын көкеңе ай­тыпты. Ертеңiне, тура кiрешiлер секiлдi аттылысы, түйелiсi бар бiр топ адам сау ете қалсын. Бiр әйелдi түйеге шандып таңып тастапты. Адам­ның сұлуы екенiн кейiн көрдiк. Қара­тау жақтағы бiреудің келiнi екен. Түсiр­генiне бiр ай болмастан науқасқа шал­ды­ғыпты.

Түйеге неге таңып әкелгенiнiң сы­рын кейiн естiдiк. Сап-сау сияқты бо­­лып келе жатқанда, мiнген атынан түсе салып, қаша жөнелiптi. «Мынау, Әжi­нiң жұрты, баспаймын» деп шырылдап, әзер ұстатса керек.

Ондай шалықтап ауырған адамдарды атаң бiр жетi, әрi кеткенде он шақты күн­нен асырмай елiне қайтаратын. Әл­гi бейбақты бір айға жуық ұстады. Келiн­шек күнде таңертең атаңа келiп, ем­ алады. Ем болғанда, атаң дұға оқи­ды.

Мана алды дедiм емес пе. Сол ке­лiн­шек арасына ақ тайлақтың жүнiн жұп-жұқа етiп тартқан, биқасап деген ма­тадан шапан тiгiп, атаңа сыйлады. Қол­мен сырығанын көрсең, арасына шы­нашақ сыймайды-ау. Мiне, сол шапанды әбден тозығы жеткенше атаң киiп жүрдi. Адам баласынан алғаны, сол жалғыз шапан».

Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық. Ауданға слетке алып бар­ған мұғаліміміз қайтар жолға деген ақ­шаны ұстап қойса керек. Ересе­гі, құрт-бақасы – санымыз жетеу. Бас­шы­мыз жоғары класта оқитын Шал­ғынбай. Табарнәкке жабыстырып, 189-рәзиезден бір-ақ түсірді. Табарнәк біздің рәзиезге тоқтамайды екен. Қап-қараңғы. Ызғырық. Шамы сығырайған казармаға кірдік. Көз ғана жылтырайды. Бір-бірімізге қараймыз да тырқ-тырқ күлеміз. Қарайғырға жақын ва­гонға жабысыппыз. «Жолаушы» таңғы тоғызда келеді екен. Ел жатып қалған. Жаны ашып, аядай бөлмесіне кіргізген кезекші «тұншығып өлетін болдым» деп, бізді айдап шықты. Жазған құлда шаршау жоқ. Қора сыртында ыңқ-ыңқ күйсеп жатқан сиырдың арасымен бір есікті қақтық. Үн жоқ. Екіншісі есікке келіп, үн қатпастан кетіп қалды.Үшін­ші есіктің иесі таяна бергенде басшымыздың үйреткені бойынша:

– Мен Ысқақ әжінің немересімін, – дедім шіңкілдеп.

– Не?

– Ауданнан, табарнәктен түстім. Атым Иген. Көкемнің аты Қасен.

– Көкеңде нең бар – деп Шалғынбай жеңімнен тартып қалды. – Әжі атам­ның?! Жаратқан ием! Жаратқан ием! – деп әйел көрінді.

Қол шамын жоғары көтерген әйелге қарай жақындай бергенім есімде. Сол бөгде әйелдің «жаратқан ием, жаратқан ием» деп жүріп, түннің бір уақытында шай қойғаны, тіпті билетке ақша бер­гені кішкентай кезімнен жүрегімде мәң­гі сақталып қалды.

Қарға тамырлы қазақтың мәрте­бесін биік етіп келген ұлы қасиет – тәу­беден жаңылмау. Мына ыю-қию за­манда жазмыштан озмыш жоқ екенін еске салып отырмаса, жү­рек деген жарықтықтың тасқа ай­­на­­лып кетуі ықтимал. Осы орайда әр өңірдің, аймақтың кие тұтқан әулие­­лері, киелі орындары бар. Міне, солардың жүрек тазалығын, шарапатын кеңінен уағыздау ауадай қажет. Қазіргі жастар жанына азық болар дүниені діни орындардан іздеуді әдетке айналдырып барады. Сол ден қойған жастарға діни ағымдардың ағы мен қарасын ажыратуға бар ықылас білімімен қолұшын берсін деп мемлекет мешіт имамдарына қамқорлық жасап отыр. Біздің облысқа, аудан, ауылға, іргедегі Жәйремге діни уағыз айтумен, Алланың ауыр жүгін арқалап жүрген інілеріме игілікті істеріңнің жемісін көруге жазсын демекпін.

 

Иген Хасенұлы