Бүгінгі таңда әкімдердің халықпен қарым-қатынасы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Халық үшін де тиімді мүмкіндіктер көп. Қазіргі кезде түрлі деңгейдегі әкімдерге тұрғындардың әлеуметтік желі арқылы шығып, түрлі сауалдарын қоюына, мәселесін айтуына болады. Енді оларға қалай жауап беру, мәселесінің шешілуіне қалай ықпал ету әкімдердің өзіне байланысты. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет», деген болатын.
Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы облыс әкімдерінің жұмысын көрсететін құжат. Әрі әкімдердің жұртшылықпен байланысуының тетігі. Халық болған соң, олардың мәселесі де болмай тұрмайды. Көптің бәрі бірдей емес. Мәселен, кейбір тұрғындар өзінің әлдебір мәселесінің шешімі табылмауын әкімнен көруі мүмкін. Керісінше, кейде біраз азаматтар өткір мәселесін айту үшін әкімдіктің есігін тоздырып, әкіммен жолыға алмай әуреге түсіп жатады. Ал Жамбыл облысының тұрғындарын бүгінде қандай мәселелер толғандырады?
Әрине, өзге өңірлердегідей Жамбыл өңірінде де жол, ауызсу, көгілдір отын, апатты мектеп сияқты бірқатар мәселе бар. Енді олардың шешілу мәселелерін қала, аудан әкімдері түрлі жиындарда айтып та жүр. Кейде біраз мәселелер оң шешімін тапса, кейбірі сол күйі шешілмей қалып қояды. Бірақ ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшудегі міндеттерді жүзеге асыру аясында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың өңір тұрғындарымен кездесуінен көпшіліктің пәтер мәселесіне алаңдаулы екенін байқадық. Әкімнің қоғамдық қабылдауына алдын ала 64 адам жазылса, оның 55-і қабылдауға қатысты.
Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны, зейнеткер Сейсекүл Төленова өзінің жалғызбасты ана екенін, өзімен бірге жесір қалған қызы мен немересінің бірге тұратынын айта келіп, енді жатақханадан уақытша тұратын бөлме берілсе деген тілегін жеткізді. Ол пәтер жалдап әзер күн көріп жүргенін алға тартты. Алайда тұрғынның өтініші қанағаттандырылды ма? Облыс бойынша пәтерге мұқтаж тұрғындар қаншама. «Бүгін біз сияқты қарапайым тұрғындарға үлкен мүмкіндік туып отыр. Мен облыс әкіміне тікелей жолығып, өзімнің мәселемді айттым. Уақытша тұратын жатақхана болса деген тілегім ескеріліп, мәселем қаралатын болды», дейді Сейсекүл Төленова.
Бір қуанарлығы, бүгінде Тараз қаласында көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана салынуда. Оның ішінде 9 жатақхана биыл тапсырылса, қалған 3 жатақхана келесі жылы пайдалануға беріледі. Аталған жатақханаларды көп балалы және аз қамтылған отбасылар тұрғын үй кезегі келгенше сатып алу құқығынсыз уақытша паналай алады. Бұл да болса баспана мәселесімен басы қатқан көптеген тұрғын үшін үлкен көмек. Алайда бұл барша жамбылдықтардың тұрғын үйге деген мұқтаждықтарын өтей алмайтыны түсінікті.
Тұрғын үй мәселесімен қайырылған азаматтың бірі, Тараз қаласының тұрғыны Рахметжан Бекжанов. Зейнеткер әкімге баспана мәселесімен келген. Дегенмен, тұрғынға әкім бұл мәселені заң аясында қарастырып шешу керектігін айтқан. Осы сияқты бірқатар қала тұрғыны тұрғын үй мәселесі бойынша қабылдауға жазылыпты. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагері, зейнеткерлер, көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналар да бар екен. Бүгінде қоғамда көп балалы және аз қамтылған отбасылардың мәселелері өзекті. Әрине, бәрі үшін де бірінші кезекте баспана маңызды.
Мәселен, Жамбыл облысы бойынша тұрғын үй кезегіне 1800-ге жуық көп балалы отбасы тіркеліпті. Қоғамдық қабылдауға жазылған Гауһар Шакибасова – Тараз қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана. Бүгінде ата-анасымен бірге тұратын Гауһар 4 жастағы қызының бар екенін, осыдан 5 жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тіркелгенін айтады. Біз Гауһар Шакибасованың өзімен хабарласқанымызда, ол бұл мәселе бойынша облыс әкімінің қабылдауына жазылғанын, алайда әкім тұрғындарды қабылдаған кезінде шақырылмағанын айтады. «Мені ешкім қабылдауға шақырған жоқ. Осыдан 5 жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрғанмын. Жеке баспанам жоқ. Енді қарасам содан бері 200-дей ғана кезек алға жылжыған екенмін», дейді ол. Әкімнің қоғамдық қабылдауына шақырылмаған тұрғын бұл мәселе бойынша тиісті басшылардан көмек күтуде. Тұрғындардың арыз-шағымдарына, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, оның шешімін табу жолдарын қарастыру бүгінгі күннің талабы. Әрине, әкімнің алдына келген барлық тұрғынның баспана сұрай беруі мүмкін емес. Көп жағдайда азаматтарды ауылдың мәселелері де ойландырады. Мәселен, Жуалы ауданы, Қайрат ауылының тұрғыны Кәрібай Құрмашев аудандағы 19 елді мекенді газдандыру мәселесін көтерген болатын. Ал Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров бұл бағытта тиісті қаражаттар қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттардың жасалып қойғанын айтады. Оның айтуынша, бұл елді мекендер көгілдір отынға кезең-кезеңімен қосылады. Сонымен қатар Теріс ауылының тұрғыны Оралбек Махашов ауылды жерлердегі малдәрігерлік жұмыстарының ойдағыдай емес екенін мәселе ретінде көтерді. Осы сияқты мәселелер облыс орталығынан бастап, аудан, ауылдарға дейін бар. Тек олардың оң шешілуіне уақыт пен әкімдердің іскерлігі керек.
Жалпы, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде облыс бойынша 976 азаматқа нақты жауап беріліпті. Бұл қоғамдық қабылдауға облыс әкімінен бастап, қала, аудан әкімдері де қатысқан. Енді көтерілген тұрғын үй, инфрақұрылым, қала көркі сияқты мәселелер қаншалықты шешімін табады, оны уақыт көрсетеді.
Жамбыл облысы