Биыл қазақтың бас ақыны, ойшыл, философ, аудармашы, композитор, ғұлама ғалым, кемеңгер тұлға Абай Құананбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Осы орайда, Ұлы ақынның нағашы жұрты саналатын Қарағанды облысындағы Абай есімін иеленген елді мекендер мен нысандарға тағы бір мәрте шолу жасай кеткенді жөн көрдік.
Облыс орталығындағы Бұқар жырау даңғылы бойында орналасқан «Қарағанды облыстық балалар кітапханасына» 1954 жылы Абай есімі берілген. Сол жылы Қарқаралы ауданында Абай селолық округі пайда болды. Облыстағы Абай қаласында 1969 жылы «Абай атындағы тігін фабрикасы» құрылған. 1973 жылы өңірде Абай атындағы аудан құрылды. 1974 жылы кеншілер астанасындағы «Шалқыма» концерт залының алдында Абай Құнанбаевқа ескерткіш қойылды. Сонымен қатар, осы жылы Абай ауданының «Аbai-aqiqat» газеті жарыққа шыға бастады. 1985 жылы Ақтоғай ауданындағы Абай Құнанбаев ауылында хәкімге ескерткіші орнатылды. 1997 жылдан бастап Абай қаласы Абай ауданының орталығы болып құрылды.
Бұдан бөлек, облыста кемеңгер ақын атындағы көптеген нысандар бар. Мысалы, Абай қаласының басты көшесіне Абай есімі берілген. Абай атындағы әдеби-мемориалдық мұражай бар. Абай қаласында «Абай және Калинин» атындағы шахта жұмыс істеді. Абай қаласында ақынның есімімен көше аталды. Ақтоғай ауданында Абай Құнанбаев атында ауыл бар. Абай ауданындағы Топар ауылында Абайдың есімін иеленген мектеп бар. Облыстағы Сәтбаев қаласында Абай атындағы №4 мектеп-лицей жұмыс істейді. Абай қаласында Абай атындағы №5 мектеп-гимназия бар. Шет ауданындағы Жұмыскер ауылындағы орта мектеп Абай Құнанбаев есімін иелік еткен. Ақтоғай ауданындағы Абай ауылында Абай атындағы негізгі орта мектеп бар. Нұра ауданындағы Шұбаркөл ауылындағы мектеп те Абай есімімен аталады. Қарқаралы ауданындағы Абай селолық округінің мектебіне қазақтың бетке ұстар ақынының есімі берілген. 2019 жылы Қарқаралы қаласында Құнанбай қажы мен бала Абайға ескерткіш қойылды. Ал күні кеше Қарағанды көшелерінің атауларын өзгерту жөніндегі көпшілік тыңдауда қала тұрғындары облыс орталығындағы Ленин көшесін Абай есімімен атауға бір кісідей дауыс берді.
Гүлдана ЖАРКЕЕВА,
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының мерзімді басылымдар жөніндегі қызметкері
ҚАРАҒАНДЫ