Аймақтар • 22 Қаңтар, 2020

Балалар ойнайтын алаңқай жоқ

888 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Қызылорда қаласының ауқымы ұлғайып, көшелер кеңейді, түрлі ғимараттар бой көтерді. Ең бастысы, қала тазара түсті. Әйтпесе, жел көтерілсе көшедегі қағаз бен целлофан көктегі құстармен жарыса жалпылдай ұшып, келген қонақтар алдында көзімізбен жер шұқыған сәттеріміз аз болмаған. Қазір сырттан келгендердің көпшілігі Қызылорданы Қазақстандағы ең таза қалалар қатарына қосады. Бұл әрине, облыс пен қала басшылығының, тиісті құрылымдар еңбегінің жемісі.

Балалар ойнайтын алаңқай жоқ

Дегенмен осы игіліктің бәрін қала­лықтар тегіс көріп отырмағанын айта кету керек. Әсіресе темір жолдың ар­ғы бетіндегі аумақ тұрғындары үшін түр­лі демалыс орындары мен спорттық ны­сан­дардың салынуы орындалуы қиын арманға айналып отыр. Қазір қа­ла тұр­ғындарының саны 300 мыңның үс­тіне шықса, соның 30 мыңға жуығы осы ауданда тұрады. Ел аузында Шанхай ата­лып кеткен ауданда орта білім беретін 4 мектеп бар. Солардың ірісі № 222 орта мектеп. Атшаптырым ауланың бір шетінде балалар тартылатын темірден басқа спорттық құрылғы атымен жоқ. Мектеп директоры Мақсұт Мүкеев бұл көптің көкейіндегі мәселеге айналғанын айтады. Білім ошағындағы спорт залы тым тар. Қыстың күндері бастауыш сынып оқушылары денешынықтыру пәнін мектеп дәлізінде өткізеді. Жер қара, күн жылының өзінде де бала үшін бой сергітіп, ойнайтын алаң жоқ.

Мектеп маңайында тұратын тұрғын­дармен де тілдестік. Олардың көпшілігі балаларын бір мезгіл ойнату үшін қала орталығына апаратынын айтады.

– Біз №222 мектептің жанында тұрамыз. Балаларым да осы білім ошағында оқыды, қазір немерелерім барып жүр. Маңайымызда балаларды жан-жақты дамытатын мәдени, спорттық, оқу-сауықтыру кешендері, бала­ларға арналған ойын алаңдары, жат­тығу алаңдары атымен жоқ. Бәрі қала­ның орталығында орналасқан. Балаларымызды жетектеп, орталыққа апарып ойнатамыз. Қаланың бір шетінен екінші шетіне қоғамдық көлікпен жетудің қиындығын осында тұратын әркім-ақ білер. Кейде апталап үйден шық­пайтын кездері болады. Мектептің ауласында бала қызығатын ештеңе жоқ, сосын басқа дүниеге алаңдап, бір бәлеге ұшырап қалар деп қауіптенеміз. Өмірлік тәжірибемнен білемін, ойыны қанбаған баладан ойлы азамат шыға қояды деу қиын. Менің және көршілерімнің тілегі – №222 мектептің ауласынан спорт кешенін, шағын футбол, жаттығу және балалар ойнайтын алаңдар салып берсе, – дейді зейнеткер Әлия Ршымбет.

Осы ауданның тағы бір тұрғыны Гүлжанат Шәкиева де телефонға телмірген балалардың көңілін аулайтын орын жоқ екенін қынжыла айтып отыр.

Бұл аумақта спорттық нысандардан жалғыз Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты ғана бар. Бірақ бұл мектепте болашақ спортшылар ғана жаттығады.

Осы аудандағы № 212, 253 және 43-мектептер ауласынан да көзге түсер ештеңе таба алмадық.

Мәселеге орай қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жо­лау­­шылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлі­міне жолықтық. Бөлім басшысының орынбасары Абзал Рысбек сол аудан­дағы көпқабатты үйлер ауласынан­ екі спорттық алаң салынғанын айтады. Жақын маңдағы мектептер күтіп ұстайды деген оймен оны қалалық білім бөлімінің балансына өткізіпті. Бірақ дұрыс бақылау болмағандықтан тозған алаңдарды жақын­да қайтадан өз қарауларына алған. Қазір қала бойынша осындай 152 алаң бар, былтыр оларды ұстап тұру үшін бюджеттен 16 млн теңге бөлінген.

– Мектептер ауласына алаң салу қа­лалық білім бөлімінің міндеті. Ал жал­пы ауданға келсек, спорттық, ойын алаңдары үшін бос жатқан жер телімі қажет. Салына қалған күннің өзінде де оны бір мекеме өз қарауына алып, алаң жағ­дайын үнемі бақылап отыруы керек, – дейді бөлім басшысының орынбасары.

«Арғы беттен салынды» деген алаң­дарды да барып көрдік. Екеуінің де қор­шаған торы сетінеп, бала ойнайтындай жағдайы қалмаған екен. Тайманов көше­сіндегі алаңға бала жібермек түгілі, жанынан жүргізуге болмайды. Қисайып тұр­ған қабырғасы құласа, астында қала­ры анық.

Айтпақшы, қала әкімдігінің өкілі бұл мәселенің аумақ тұрғындарымен бір­лесе отырып шешілуі мүмкін екенін ай­тып қалды. Бізге осы сөз өз ауданы­нан бала ойнайтын алақандай алаң таппа­ған тұр­ғындардың үмітін оятатындай көрі­ніп тұр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА